Қоғам

IT-евангелист болғыңыз келе ме?

IT-евангелист болғыңыз келе ме?


Алдағы жылдары елімізде IT-евангелист мамандарына деген сұраныс артады. Өйткені, бұл саланың қызметкерлері қаржылық дағдарысқа ұшыраған кез келген компанияның жұмысын қайта жандандыра алады. Қалай дейсіз бе?

IT-евангелисттер экономист пен PR менеджердің ретке келтіре алмай отырған шаруасын лезде-ақ тындырады. Ол ең алдымен сауда нарығын зерттеп, тұтынушылармен әңгімелеседі. Кейін одан қорытынды шығарып, әрі қарай не істеу керектігі туралы жүйелі жоспар құрады. Бұдан соң белгілі бір тауарды өткізуге арналған аудитория қалыптастырады. Сөйтіп, тұтынушылардың сеніміне кіріп, шаруасы шатқаяқтап тұрған компанияның жұмысын ілгерілетуге септігін тигізеді.

– IT-евангелист боламын деген кезде туыстарым мен достарым маған кейін біздің елімізде бұл мамандық бойынша жұмыс табылмайтынын айтты. Сөйтіп, бірнеше рет ойымды өзгертуге тырысты. Алайда, мен арманымнан бас тартпай, АҚШ-қа оқуға аттандым. Арада жылдар өткен соң туған жеріме оралып, IT-евангелист ретінде алғашқы еңбек жолымды бастадым. Сол кезде бәрі маған бір түрлі қарайтын еді. Қазір оған етім үйреніп кетті. Бүгінде коммерциялық ұйымдар ғана емес, мемлекеттік құрылымдар да біздің көмегімізге жүгініп жатады, – дейді Айым Қинаятова.

Бүгінде еліміздегі IT-евангелистердің дені жекелеген компанияларда еңбек етеді. Өйткені онда жалақы мөлшері жоғары. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, аталмыш сала қызметкерлерінің ең төменгі еңбекақысы 70 мың теңге болса, ең жоғарғысы екі мың долларды құрайды. «Біз жұмыс барысында талай қиындыққа тап боламыз. Тіпті, тұтынушылардың тарапынан әртүрлі сыни пікірлерді естиміз. Сондай сәтте жүрегіміз сыздайды. Бірақ еш уақытта сыр бермейміз. Себебі, бұл жұмыс асқан жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді. Мәселен, кейде мүлдем жұмысы жүрмей тұрған кәсіпорындар мен фирмалардың басшылары алдымызға келеді. Ал мұндай жағдайда IT-евангелист компанияның экономикалық жағдайын көтеру үшін аянбай еңбек етіп, дұрыс бизнес-жоспар құра білуі тиіс. Оған шалыс қадам басуға болмайды. Егер мүлт кетсең, бір мезетте қаншама мың адамды жұмыссыз қалдыруың мүмкін. Сондықтан ондаған қызметкердің тағдыры сенің қолыңда тұрғандықтан, жауапкершілікті бәсеңдетуге болмайды», – дейді мамандығының қиындығынан бұрын жауапкершілігін сезінетін кейіпкеріміз Айым Қинаятова.

Сонымен, IT-евангелист болу үшін не істеу керек? Біріншіден, пресс-релизді дұрыстап жазу керек. Екіншіден, тұтынушылармен жақсы қарым-қатынас орнату қажет. Үшіншіден, маркетинг пен копирайтингті, сондай-ақ SMM-ді беске білуіңіз шарт. Төртіншіден, шешен сөйлеу қабілетіңіз де ескерілетінін естен шығармағаныңыз абзал.

– Біз блог жүргізіп, тіпті қажет болса, кітап та жазамыз. Сол себептен IT-евангелистердің дені экономика сарапшыларымен етене жақын жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, ол программист пен журналистика мамандықтарының да қыр-сырын жетік меңгеруі тиіс, – дейді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, бұл мамандықтың тарихы тым тереңде жатыр. Кезінде IT-евангелистерді даярлауды ең алғаш рет АҚШ мемлекеті қолға алыпты. Мұндағы басты мақсат – «Microsoft» пен «Apple»-дің өнімдерін жарнамалап, отандық тауарларын өзге елдерге экспортқа шығару болған. Ал кейіннен ТМД мемлекеттері де америкалықтардың тәжірибесін қолданып, болашақ жас IT-евангелистерді ақысыз негізде оқытуды бастапты. Сөйтіп, уақыт өте келе аталмыш мамандық иелеріне деген сұраныс артты. Осы орайда «Microsoft» компаниясының бұрынғы қызметкері Владимир Габриель мен «Google» компаниясының негізін қалаушылар Сергей Брин мен Ларри Пейджді мықты IT-евангелистердің қатарына жатқызуға болатынын атап өткен орынды.

– Болашақта call-center операторы, аудармашы, экономист сынды бірқатар мамандықтың орнын роботтар басуы мүмкін деген болжам бар. Мұны бізге шетелде оқып жүрген кезде оқытушыларымыз жиі айтып отыратын еді. Сол себептен мектеп бітіретін жас түлектер мамандық таңдаған кезде ақыл-таразысына салып ойланғандары жөн, – дейді Айым Қинаятова.

IT-евангелист болғыңыз келе ме?

Арнайы мектеп ашпақ

Болашақта IT-евангелист боламын деген жастарға Айымның үйретері көп. Өйткені, оның бұл саладағы тәжірибесінің өзі бір төбе. Үнемі ізденіс үстінде жүретін кейіпкеріміздің алға қойған арман-мақсаты көп. Ол келешекте еліміздегі ірі мұнай-газ компанияларында еңбек еткісі келеді. Сондай-ақ, Айым шәкірт тәрбиелеп, бар білгенін кейінгі буынмен бөлісуді армандайды.

– Жастарға қолдау көрсетіп, жеке жұмыс тәжірибемді үйретуге дайынмын, – дейді ол.

Айта кетейік, Айым Қинаятова – Катонқарағай ауданының тумасы. Ол орта мектепті тәмамдаған соң, арман қуып, шетелге аттанады. Сөйтіп, АҚШ-тағы университеттердің біріне оқуға түседі. Кейін жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, елге оралады.

– Астанадағы ірі компаниялардың бірінде жұмыс істедім. Кейін отбасылық жағдайыма байланысты Павлодарға қоныс аудардым, – дейді ол.
Осылайша, Айымның Кереку өңіріне келіп, еңбекке араласқанына бірнеше жыл өткен. Ол бұған дейін талай мәрте туған жерге оралуды ойлағанымен, Павлодарды қимадым дейді.

Бүгінде Айым Қинаятова жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Үлкені бірінші сыныпта оқиды. Ол да болашақта IT саласының маманы болсам дейді.

– Балаларымның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлемін. Әсіресе, олардың шет тілдерін меңгеруіне баса назар аударамын, – дейді кейіпкеріміз.
Рас, IT евангелист – маркетолог та, PR-менеджер де емес. Сол себептен ол белгілі бір өнімді өткізу үшін аянбай тер төгуі тиіс. Ал бұл істің кім-кімге болсын оңайға соқпайтыны айдан анық. Айым Қинаятованың айтуынша, егер мықты әрі сұранысқа кадр болсаңыз, тіпті сіздің аты-жөніңізді сатып алатын фирмалар да табылады екен.

– АҚШ-тан оралған кезде менің мамандығымның қоғамға түк пайдасы жоқ деп күмәнмен қараған жандар көп болды. Бастапқыда күн-түн демей жұмыс істеп, беделімді арттыруға бар күш-жігерімді салдым. Қазір кейбір компаниялар менің аты-жөнімді сатып алып, сол арқылы тауарларын жарнамалайды. Кейде: «Сен осы затты жарнамалап жүрсің ғой. Оның адам ағзасына қаншалықты пайдасы бар?» дейтін жандар да табылып жатады. Сонда: «Кез келген дүниені жарнамаламай тұрып, ең алдымен өзім сол заттың сапасын тексеріп алатынымды айтамын. Өйткені, жұмыс істеген соң жауапкершілікті сезінесің», – деп жауап беремін, – дейді ол.

Сондай-ақ, Айым Қинаятова келешекте IT-евангелистер мектебін ашып, балаларды оқытуға бет бұратынын жеткізді.

IT-евангелист болғыңыз келе ме?

Бұл мамандар Өскеменде де даярланады

Мұны бізге Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина айтты. Алайда, ол қоғамға қажетті мұндай мамандарды даярлауды нақты қай жылы қолға алатындары белгісіз екенін де атап өтті.

– Келесі оқу жылынан бастап біздің оқытушылар студенттерге ІТ-медиа саласын тереңдетіп оқытуды қолға алмақ. Өйткені бұл – заман талабы, – дейді Сәуле Рахметуллина.

Бүгінде бұл университетте жаңа технологияларды жетік білетін мамандарды даярлауға баса назар аударылуда. Мұндағы басты мақсат – студенттерге сапалы білім беріп, саналы азамат ретінде тәрбиелеу.

– Әлбетте, келешектегі ең қажетті мамандар IT саласы мен ро¬бот техникасының білгірлері бол¬мақ. Себебі технологиямен жұмыс бар¬лық саланың қызметіне әсер етеді, – дейді Сәуле Рахметуллина.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button