Қоғам

Иісшіл иттерден қылмыскерлер де именеді

Иісшіл иттерден қылмыскерлер де именеді

Олар есірткі мен қару-жарақты, тіпті ең қиын жерде жасырылса да, міндетті түрде тауып алады, олар қылмыскердің ізімен бірнеше шақырым жерді сүзіп, күдіктіні өздігімен ұстап алуға қауқарлы, олар адамға төніп тұрған қауіпті алдын ала болжап, иесін құтқарып қалады, олар – ең сенімді әрі берілген достар. Олар дегеніміз – полиция қызметкерлерімен бірге құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындарды қылмыскерлерден қорғап қалуда күнделікті ауыр қызмет атқаратын қызметтік-іздестіру иттері. Кинологтардың айтуынша, төрт аяқты достар – қылмыскерлермен күресте баға жетпес әріптес.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, үстіміздегі жылдың он айында ғана облыс аумағында кинолог-инспекторлар төрт аяқты достарымен 20078 шақыртуға шыққан. Облыстық ІІД-нің кинология қызметі орталығының иісшіл иттерінің көмегімен 242 қылмыстың беті ашылған. Әсіресе есірткі заттарын іздестіру кезінде қызметтік иттердің пайдасы орасан зор. Мысалы, он айдың ішінде наркобизнеске қатысты 52 қылмыстың жолы кесілді. Соның нәтижесінде 83 келі 481 грамм сананы улайтын зат алынса, олардың басым бөлігі – марихуана, 8,5241 грамы – героин.

Наркодилерлердің зәре-құтын қашыратын лабрадор Биатрис

Иісшіл иттерден қылмыскерлер де именеді

ІІМ-нің кинология орталығының аға жедел уәкілі, полиция майоры Анель Болгумбаева кинология қызметінде он бес жылдан бері еңбектеніп келеді. Оның тоғыз жарым жылында төрт аяқты серігі Биатриспен қоян-қолтық қызмет етіпті.
-Биатрис – лабрадор тұқымды ит. Оны бір жарым жасынан тәрбиеге алғам. Осы уақыт аралығында көп нәрсеге бірге үйрендік. Енді, міне, ол зейнетке шығатын жасқа да жетті. Мен мамандығымды саналы түрде таңдадым. Өйткені, бала кезімнен жануарларды жақсы көрдім. Ата-анам маған бірнеше күшік те сыйлады, – дейді Анель.
Кинолог маманның айтысына қарағанда, Биатристің есімі есірткі таратушылардың арасында кеңінен мәлім. Оның керемет қабілеті облыстан тысқары жерлерге де жеткен. Иісшіл ит кез келген жасырын орынды мүлтіксіз табады. Сол себепті де заңсыз заттарды іздестіруге Биатристің келгенін көрсе, қылмыскерлер бірден өздері беріледі екен.
Есірткі заттарын іздеуге кез келген ит жарай бермейді. Күшіктерді қабілеттеріне қарай бөліп, арнайы тестілеуден өткізеді. Одан кейін олар өз қожайындарымен Алматы қаласындағы ІІМ-нің кинологиялық қызмет орталығында үш ай жаттығады. Кинологтар теориямен қатар, оны тәжірибеде қалай қолдану керектігін үйренеді, құжаттарды дұрыс толтыруды меңгереді. Содан кейін ғана қызметтеріне кіріседі. Бұдан кейін де күнделікті жаттығуларды әдеттеріне айналдырады.
2015 жылы үш рейс автобусынан, екі коммерциялық жүк көлігінен есірткі заттары табылған. Бұл бағытта кинолог-инспекторлар негізінен облыстағы бес бекетте тексеру жұмыстарын жүргізеді. Анель Болгумбаева өз тәжірибесінде кездескен фактілерден мынадай мысалдар келтірді. Қасым Қайсенов кентінің маңындағы «Жастар» бекетінде Қалбатаудан келе жатқан көліктегі жолаушыдан 4 келі марихуана табылған. Ер адам есірткі затын ешкімнен жасырмай-ақ, көліктің артқы орындығында, ашықтан-ашық әкеле жатқан. Бірде Алматы-Өскемен бағытындағы автобуста иесіз жүктерден де осындай заттар алыныпты. Кинологтар қызметтік иттерімен облыс орталығындағы Спорт сарайы маңында тоқтаған жүк көліктерін үнемі тексереді. Иесіз қораптарды иіскеген иттер күдікті иіс сезсе, дереу полицияның жедел тобы шақырылады. Куәгерлердің көзінше қораптар ашылып, ішіндегі заттар тексеріледі.
-Біз жүргізушілермен үнемі әңгіме жүргіземіз. Оларға фейерверк, пекарда сияқты жарылатын, қауіпті заттарды тасымалдауға тыйым салынғанына қарамастан, өмірде мұндай жағдайлар да кездеседі. Тағы бірде Зайсаннан Өскеменге келе жатқан автобустан техникалық газ баллоны табылды. Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер жолда көлік апатқа ұшыраса не болды? Осы оқиғаның жай-жапсарын толық анықтағанша автобусты екі сағаттай бөгедік. Осындай жағдайларда жолаушылар кешіккендері үшін бізге наразылық білдіреді. Барлық амалдар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін істеліп жатқанын түсінбейді, – дейді полиция майоры. Тәртіп бойынша, жүргізушіге иесіз сөмке, не басқа заттарды қабылдауға болмайды. Ең дұрысы, сәлемдеменің сыртында жіберушінің жеке куәлігінің көшірмесі жапсырылып, ішіндегі заттардың тізімі, байланыс телефондары жазылуы керек. Осыдан екі ай бұрын Семейден Астанаға аттанған автобустан 550 литр спирт алынды. Ең сорақысы, жүргізушілер мұндай іс-әрекеттерді заңсыздық деп қабылдамайды. Кінәлі жүргізушілерге айыппұл да салынған, жауапқа да тартылған. Соған қарамастан заңсыз сәлемдеме жолдау әлі де жалғасып келеді.

Облыста қанша кинолог бар?

Кинологиялық қызмет орталығында екі шабуылшы ит тәрбиеленуде. Оларды кинологтар лаңкестерді ұстау үшін белсенді түрде жаттықтырып жүр. Белгиялық овчарка-малинуаның қызметтері тәжірибеде әзірге қажет болмапты. Анель олардың екі метр биіктікке еркін қарғитынын, қарсыласына оқтай атылып, не атыстан, не ұрып-соғудан жасқанбайтын, ештеңеден қорықпайтын қайсар мақұлық екенін айтады. Малинуа тұқымды иттер үйренуге өте бейім болғандықтан, кез келген бағытта жұмыс істей алады екен. «Олар балаларды жақсы көргенімен, қарсыластары үшін өте қауіпті», – дейді маман.
Қызметтік иттер бұдан басқа із кесу бағытында да жиі пайдаланылады. Полиция қызметкерлері кісі өлтіру, тонау, ұрлық сияқты қылмыстарды ашу кезінде төрт аяқты достардың қызметіне аса зәру. Аудан орталықтарында үйретілген иттердің көмегіне мал ұрлығын әшкерелеуде көп жүгінеді. Облыста Глубокоедан басқа барлық аудандарда екі кинологтан бар. Олар екі ауысыммен тәулік бойы қызмет істейді. Мамандардың сөзіне қарағанда, үйретілген иттер ауылды жерлерде жақсы нәтиже көрсетеді. Өйткені, иісшілдердің жұмысына кедергі келтіретін бөтен иістер қалалы жердегіден гөрі азырақ кездеседі.
Сонымен қатар, облыстағы бірде-бір бұқаралық шаралар, халық көп шоғырланатын мерекелер қызметтік иттердің қырағы бақылауынсыз өтпейді. Бұл жерде тұрғындардың тыныштығын күзетуге жарылғыш заттарды іздейтін иттер шығады. Төрт аяқты көмекшілер бір мезгілде мереке ұйымдастырылған орталық алаңнан да, лауазымды қонақтар ұшып келген аэропорттан да, тіпті хоккей өтетін Спорт сарайынан да табылады.
-Хоккейдің табынушылары кез келген ойынға өмірлері үшін қауіптенбей баруларына болады, – дейді Анель Болгумбаева.- Үш жылдан бері біздің кинологтар әр матчтың алдында Спорт сарайының қуыс-қуысын жарылғыш заттардан тексеріп келеді. Бұл жұмыстар «Казцинк» АҚ басшыларынан облыстық ІІД-нің бастығының атына түскен өтініштің аясында тегін жүргізіліп келеді. Біздің қызметкерлер басқа да кез келген бұқаралық шараларға ешкімнің шақыртуынсыз өздері барады.
Полиция майоры облыс орталығында жарылғыш заттар қойылғаны туралы анонимді телефон шалулардың ешқайсысы расталмағанын, кінәлілердің жауапқа тартылғанын ескертті.
Үйретілген иттер – патрульді қызметте де таптырмас көмекші. Әсіресе, олар қала орталығынан шалғай аудандар мен тұрғындар көп шоғырланған жерлерде құқықбұзушылықтың алдын алуда қолданылады.

Төрт аяқтылар да «зейнетке» шығады

Иісшіл иттерден қылмыскерлер де именеді

Облыстық ІІД-нің кинологиялық қызмет орталығында қырық қызметтік-іздестіру иті бар. Ал облыс көлемінде полициялық қызметке барлығы 99 төрт аяқты көмекші тартылған. Қызметтік иттерге негізінен неміс овчаркасы, белгия овчаркасы- малинуа, лабрадор ретривер тұқымдары іріктеліп алынады. Облыстарға төрт аяқты достарды Алматыдағы кинологиялық орталықтан жібереді. Сегіз айлық күшік кезінен жаттықтырылатын жануарлар 8-10 жылдарын полициялық қызметке арнап, одан кейін демалысқа шығады. Қызметтен кеткен мақұлықтарды көбінде иелері өздеріне алады. Анель Болгумбаева да биыл зейнетке шығатын Биатрисін өз үйіне алып кететінін жеткізді. Оның үйінде одан басқа тағы екі ит бар.
Үйретілген иттер мемлекеттің меншігінде болғандықтан, оларды ұстауға жеткілікті қаржы бөлінеді екен. Мақұлықтарға ең сапалы құрғақ азық алынады. Соның өзінде тамақты сараптамадан өткізгеннен кейін ғана иттерге береді. Міндетті түрде әртүрлі дерттерге қарсы екпелер егіледі. Қысқасы, олардың лайықты қызмет істеулері үшін барлық қолайлы жағдайлар туғызылған. Олардың қарғыбауларында полиция деген жазуы болғандықтан, қылмыскерді қуған кезде көлік жүретін жолға шыға қалса, басқа жүргізушілер оларға жол берулері керек.
Облыс орталығында соңғы уақытта екі аса ауыр қылмыс тіркелгені белгілі. Екеуінде де үй иелері тоналып, артынан өлтірілген. Осы екі қылмыс орнына шақырылған қызметтік иттер күдіктілердің ізіне түсе алмапты. Өйткені, иісшіл иттер келгенше қылмыс орнына бірнеше адам келіп, қылмыскерлердің ізін басып қалған.
-Егер пәтерге не жекеменшік үйге келгенде, ұрлықшы түскенін байқасаңыздар, ары қарай кірмеңіздер. Бірден «102-ге» қоңырау шалыңыздар. Қылмыс орнына алдымен кинолог пен иісшіл ит кіреді, олар жұмыстарын бітіргеннен кейін ғана, криминалистерге, басқа полицейлерге кіруге болады. Бізде қалай, ұры түссе, алдымен үй иесі не жоғалғанын түгендеуге кіріседі. Туыстарын, таныстарын шақырады. Осылайша, із кесушілер келгенше, бөтен иістер қылмыскердің иісін жойып жібереді. Иіс деген өте нәзік нәрсе. Қызметтік иттердің нәтижелі жұмысына сыртқы факторлар да көп әсер етеді. Мысалы, жауған жаңбыр не қар, адамдардың білместігі ізді өшіріп тастайды. Ол тек кинода ғана иісшіл иттер бір серияның айналасында небір қылмыскерлерді ауыздықтайды. Ал өмірде ол ұзағырақ әлі күрделірек, – деген өтінішін білдірді полиция майоры Анель Болгумбаева.
Кинология қызметіне үміткерлер қатал іріктеуден өткеннен кейін барып қабылданады. Басымдылық шекаралық қызмет және әскер қатарында парыздарын өтегендерге, қызметтік иттердің инструкторлары болғандарға беріледі. Сондай-ақ, инструктор-жаттықтырушылардың курстарын өткендер әңгімелесуден өте алады. Бұған қоса үміткерлердің жануарларға деген сүйіспеншілігі мен олармен тіл табыса алуына да ерекше мән беріледі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button