Ағымнан жарылсам

Исраил САПАРБАЙ, ақын-сазгер: – Өлеңдерім арқылы оқырмандарды емдеп жүрмін

Исраил САПАРБАЙ, ақын-сазгер: – Өлеңдерім арқылы оқырмандарды емдеп жүрмін

Экологиялық таза өнімдердің бәрін
менің бау-бақшамнан табасыз


– Исраил аға, кіндігіңіз өзбек елінде кесілгендіктен Сізді диқаншылыққа өте жақын деп естиміз. Бау-бақша баптаумен әлі де айналысасыз ба?

– Өзбекстанның Самарқан облысында дүниеге келгенім рас. Кейде Әмір Темірдің жерлесімін деп те мақтанатыным бар. Ал балалық шағым Мырзашөлдің топырағында өтті. Бірінші сыныпқа барып, оныншыны да осы жерден бітірдім. Бір сөзбен айтқанда, Жетісайда жетілдім десем болады. Бала кезде нені көріп өссең, сол дүние мәңгілікке жадыңда сақталады. Мысалы, өзбек ағайындар өзге халықтарға қарағанда жердің қадірін өте жақсы біледі. Алақандай жерге мақта егіп, жыл бойына азық ететін картоп, қияр, қызанағын жинап алады.

Игерілмей жатқан жазық даланы көрсем әлі күнге дейін «Әттең, бұл жерді маған берсе ғой, барымды салып, баптар едім» деп айтып жүрем. Бұл – бала кезден қалыптасқан әдет. Өзбек жерінде тұрғанда қауын, қарбыз, әңгелекті еккенбіз. Біле білсеңіз, олардың гүлдегені, әңгелек-қауынның иісінің бұрқырап шығып жатқаны – ғажайып дүние. Өзіңнің еккен дүниеңнің жемісін көру, дәмін тату деген бір бөлек те, ал дайын асты сатып ала салу деген мүлде бөлек дүние. Мысалы, Алматының іргесіндегі Қаскелеңге көшіп барғалы үш жылдай уақыт өтті. Он сотық жердің жартысынан астамын үйге, қалғанын бау-бақшаға арнадым. Сіз сол алақандай жерден құлпынай, асқабақ және басқа да жеміс-жидектердің түр-түрін табасыз. Міне, осылайша экологиялық таза өнімдерді тұтынып отырмыз.

– «Алты жасар балаға да алдандым, Ақыл-есі шалаға да алдандым» деген өлең жолдарыңызға қарап, Исраил Сапарбайды тым аңғал, сенгіш деп айта аламыз ба?

– Балалық кез деген періштелік кезең ғой. Өмірдің тауқыметін, қиындығын татып көрмейсің. Әке-шешенің аялы алақанында қайғысыз-қамсыз бақытты күндерің өте береді. Дегенмен, адам баласы өсе келе сол періштелігінен бірте-бірте айырыла бастайды. Оның бірнеше себептері бар. Өйткені, айналаңнан қулық-сұмдықты, айла-амалды көресің. Мінекей, осы кезде адам өмірмен күресуіне тура келеді. Әлі күнге дейін адамдарды бойындағы балалық мінезіне, тазалығына қарап бағалаймын. Сіздің айтып отырғаныңыз сол себептен туған өлең ғой.

Әкімдіктен ақындығым қымбат


– Атам қазақ «жігітке жеті өнер де аз» деп текке айтпаса керек. Ел білетін Исраил Сапарбай – жыр шумақтарымен көптің көңілінен шығып жүрген ақын және тыңдаушыларын сиқырлы сазына еліктіріп жүрген сазгер, оған драматургтігін қосыңыз. Осы аталғандардың қайсысы кейіпкеріміздің жанына жақын?

– Шығармашылық саласы болғаннан кейін өлең бола ма, ән, проза, повесть, драматургия бола ма – бәрінің түбірі бір ғой. Алла тағала адамға өнер дарытқан соң, оны ары қарай дамытып, қадір-қасиетін жоғалтпай, мүмкіндігінше өрісті кеңге жаю керек деп ойлаймын. Сонда өзіңнің кім екеніңді, шығармашылық ауқымда қандай кеңістікке ие болатыныңды бағамдайсың. Мінекей, сол шапағатты, мейірім-қайырымды қабылдап алып, ары қарай дамытып, халықтың өзіне ұсыну Алланың аманатындай болып көрінеді маған. Сол тұрғыдан келгенде жауапкершілік жүгі салмақты. Мысалы, мен 50 жасқа дейін драматургиямен айналысқан жоқпын. Театрларға жиі барып, қойылымдарды зерттеп жүрдім. Мақсатым – драматургияның өзіндік стилін айқындағым келді. Осылайша, бұл салаға қалам тарттым.

Әрине, бірінші кезекте – ақынмын. Мектеп қабырғасында, жоғары оқу орнында оқып жүргенімде осы өнерімді шын мәнінде шыңдадым. Бірақ жазғанымның бәрі бірі «алтын», бірі «күміс» бола қойған жоқ. Ол кездегі ой-өріс, дүниетаным, білімің мен көркемдік көкжиегіңді қазіргімен салыстыруға келмейді. Сондықтан ол кездегі ақындықты балаң-балауса жігіт шақтағы әуестік деп білем. Сізге айтайын, өзімнің ақындық биігіме жетіп, өз әлемімді қалыптастырған соң 40-тардың шамасында маған өлеңмен бірге ән келе бастады. Алғашқы кезде көптеген композиторлардың әндеріне сөз жазып жүрдім. Сол арқылы бірте-бірте өзімдегі әуен-саз оянғандай болды.

Құдайға шүкір деймін, осыдан 7-8 жыл бұрын жеке ән жинағымды шығардым. «Ақынның 100 әні» атты жинағым да жарық көрді. Драматургиямен айналысқаныма да 15 жылдай уақыт болып қалыпты. Осы жылдар ішінде он шақты драмалық шығарма дүниеге келді. Мұның бәрі – табанды еңбектің нәтижесі.

– Аға, Сізге үлкен мемлекеттік қызметті ұсынған кездер болды ма?

– Маған бастық болуға да, әкім болуға да болатын еді. Бірақ мен соның бәрінен де бас тарттым. Өйткені, бірінші кезекте Алланың берген талантын ұштау керек болды. Соның арқасында қазір өзің айтып отырған үлкен-үлкен үш саланы алып жүрмін. Ақындық, сазгерлік, драматургия. Аударма жасау, әндерге мәтін жазу, публицистикалық мақалалар жазу – қосымша жұмыстар.

Емшілік қасиетімнің барын кейін білдім


– «Ғашықтың тілі» кітабыңызды оқу арқылы талай жас махаббаттың азабынан айығып, жаны жадырады. Исраил аға, бұл туындының сиқыры неде деп ойлайсыз?

– Өте жақсы сұрақ қойып отырсың. Кеңестер Одағы құламас бұрын менің он шақты кітабым жинақталып, «Ғашықтың тілі» атпен жарыққа шыққан болатын. Бұл таңдамалы поэзиялық басылымның тиражы он мыңнан кем емес еді. Жасыратыны жоқ, менің ақындығымды, әсіресе, лирик ақын екенімді осы кітап танытты десем артық айтқандық емес. «Ғашықтың тілі» кітабына байланысты бір-екі мысал келтіре кетсем. Басқалар сенер, сенбес, бірақ менің өлеңдерімнің ауырған адамды жазатын, әсіресе, психикалық жағдайларға, рухани күйзеліске ұшыраған адамдарға оң әсер ететін қасиеті барына көзім жете түскендей.

Мысалы, бір жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының әкімі мені арнайы шақырды. Нақтырақ айтқанда, әншілерді ертіп апарып, арнайы шығармашылық кеш өткізуімді өтінді. Бір аптадай сол өңірді араладық. Көрермендер «Ғашықтың тілі» кітабына қолтаңба сұрап жатқан сәт болатын. Бір кезде 50-60 жастар шамасындағы кейуана кісі маған қарай жақындады. Байқасам, жылап тұр. Өлең оқылды, ән айтылды, соның әсері болар деп ұқтым басында. Бір уақытта менің маңдайымнан сүйді. Сондағы айтқаны: «Айналайын, Исраил, саған мың да бір рақмет! Мына «Ғашықтың тілі» кітабың менің 19 жасар баламды өлімнен құтқарып қалды» деді. Әрине, қызығушылығым оянып, әлгі кісіні одан әрі сөзге тарттым. Сөйтсе, шын мәнінде, баласы ауырған екен. Бірақ көзге көрінбейтін ауру болса керек. Ауруханада жатқанында менің кітабымды беріпті. Әлгі бала тынбай оқыса керек. Соның әсерінен болар, бала сырқатынан құлантаза айыққан. «Бүгінде өзің оқыған Шымкенттегі оқу орнында білім алып жатыр» деді анасы. Шыны керек, бұл жағдайға соншалықты мән берген жоқпын.

Содан бірде Республика сарайында шығармашылық концертімді өткізіп, көлікке қарай келе жатқанымда 3-4 қыз «ағалап» қасыма жүгіріп келді. Сөйтсем, өзіміздің Ұлттық университеттің (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – М.Ж.) студенттері екен. Бір мезетте арықша келген қыз қасындағы құрбысын көрсетіп: «Аға, мына қарындасыңыз сіздің «Ғашықтың тілі» кітабыңызды оқып, дертінен жазылды» демесі бар ма? Бұл поэзияның құдіреті ме екен, әлде, поэзияға соншалықты берілу ме екен? Сөйтіп, өз бойымда емшілік қасиеттің бар екенін байқай бастадым.

Бала кезімде көп ауырған екенмін. Сол кезде нағашым емдеп, жазса керек. Сол кісіден дарыған шығар деп ойлаймын бұл қасиет. Және тағы бір мысал, үнемі алақаным ысиды да жүреді. Егер біреудің ауырып тұрған басына алақанымды 5 минут қойсам жазылып кетеді. Мұны да мен кейін білдім. Аллаға шүкір, менің өлеңдерім, әндерім арқылы емдік қасиетім жүріп жатқан болуы керек. Тылсым, ғажайып дүние ғой бұл.

– Исраил аға, Сізден туған әндердің ішкі иірімі, сазы, мақамы, үні, әуезі көбіне мұңға, одан қалса сағынышқа толы. Тыңдаушысын еріксіз баурайды, жан дүниеңді елжіретеді. Мәселен, «Сағыныш сазы» әніңіздің шоқтығы биік дүние деп білеміз.

– Бұл әнді көптеген әншілеріміз орындады. Әлі де орындап келе жатыр. Бірақ, Мөлдір шынымды айтайын, дәл осы әнді шырқау биігіне жеткізіп әлі ешқандай әнші орындаған жоқ. Осыдан 5-6 жыл бұрын кешімді өткізбекші болғанымда, Сәкен Майғазиев «Сағыныш сазы» әнімді Алтынай Жорабаева екеуі орындағысы келетінін жеткізді. Содан бір күні хабарласып, «Ән дайын ба?» деп сұрадым. «Концертіңізге қоса беруіңізге болады, дайын» деді Сәкен. Өзіңіз білесіз, кез келген кештің басталуы, шарықтау шегі және финалы болады ғой. Әнді тыңдамадым да, екеуіне сеніп, финалға қостым. Екеуі де мықты әншілер ғой. Кештің соңында орындады, шынын айтқанда, көңілімнен шықпады. Ән көтерілетін тұсында өз деңгейіне жетпей қалды, бер жағынан қайтқандай болды.

– Бүгінде немен айналысып жүрсіз?

– Қазір кітап оқып жатырмын. Шығармашылықтан босап, белгілі бір дүниені аяқтағаннан кейін, қол қусырып, дәлектеп жүрмеймін ғой. Ой-санамды, білім-білігімді жетілдіруім керек қой. Қалай дейсіз ғой? Кітап оқу арқылы, сахналық қойылымдарды көру арқылы. Немесе табиғат аясына шығып, демалуым керек. Біле білсеңіз, әрбір өлеңді жазғаннан кейін, әсіресе, драмалық шығарма жазғаннан кейін көкірегің кәдімгідей қуыстанып қалады. Ал сен сол бос көкірегіңді толтыруың керек қой. Асқазаныңа тамақ қалай керек болса, шығармашылық әлеміңе де рухани азық солай керек. Сондай-ақ, ұнаған дүниелерді аударып тастаймын. Әйтеуір менде бос уақыт болмайды. Өзімді-өзім жиі қамшылап отырамын.

Мысалы, осыдан бір-екі ай бұрын «Адам ата – Хауа ана» атты үлкен пьесаны жазып бітірдім. Сенсеңіз, бұл 5-6 жыл бұрынғы идеям болатын. Соны ақыры қағазға түсіріп біттім. Қазір өзімді керемет сезініп жүрмін, өйткені, тындырған ісім бар. Бірақ қолымнан кітап түспейді. Көкірегімде бос кеңістік болмауы керек деп ойлаймын. Қадыр ағамызбен өмірінің соңғы жылдарында бірге жүрдік, сырлас, сапарлас болдық. Сол кісі айтушы еді: «Исраил, сені соңғы кездері ұнатыңқырап жүрмін. Өзіңнің ақындық табиғатыңды танытып келе жатырсың. Еңбекқорлығың ұнайды». Сол айтпақшы, барлық жетістігіме еңбекқорлығымның арқасында жетіп келемін.

Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button