Испанияға саяхат
Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде «Испанияның тарихи және көркем жерлеріне саяхат» тақырыбында көрме өтті.
Көрмеге келушілер назарына француз суретшілері мен Александр де Лабордтың «Испанияның тарихи және көркем жерлеріне саяхат» альбомынан офорттар ұсынылды. Кітап екі бөлімді қамтитын екі томнан тұрады. Бірінші том 1806 жылы шыққан. Музей қоры жинағында осы альбомнан Каталонияның сәулет ескерткіштері бейнеленген 21 парақ сақталған.
XIX ғасырдың басындағы француз суретшілерінің офорттар көрмесі келушілерге ерекше қызықты болды.
Офорт деп металл пластина тақтайшалардың үстіңгі бетіне қышқыл жағу арқылы көркем бейне штрихтарын түсіре отырып басып шығару техникасын айтады. Бұл техника XV ғасырда пайда болып, XVII ғасырдан бастап кең таралған. Көбінесе офортты бірнеше суретші салады және әрқайсысы өзінің сурет салу, металл тақтайшаға сурет салу, өңдеу, басып шығару жұмыстары бойынша жауапты болады.
– Офортты жасауға қатысқан әрбір суретшінің аты ойып жазылған. Музей жинағындағы офорттар Лижье, Мулинье, Шарль Персье суретшілермен, Декувовиле, Бенуа, Легран және басқалармен оймышталған. Александр де Лаборд – «Испанияның тарихи және көркем жерлеріне саяхат» кітабының, сондай-ақ бірнеше суреттердің авторы, – деді көрме жетекшісі Ирина Рекида.
Александр де Лаборд – саяхатшы, антиквар, суретші және саясаткер. Ол Еуропа елдерін көп аралаған, нәтижесінде Испания оған ерекше ұнаған. Александр де Лаборд осы елге екі маңызды тарихи еңбегін арнаған, олар – «Испания маршруттарының сипаттамасы» және «Испанияның тарихи және көркем жерлеріне саяхат». Соңғысында ол 900 сәулет ескерткішін сипаттап, суреттеген. Көрмедегі офорттар Лабордтың сипаттамасымен беріліп отыр. Оны тамашалаған қонақтар Испанияның сұлулығы мен көнеден жеткен сәулет өнерінің туындыларына тамсанып, Еуропа еліне ойша саяхат жасап қайтты.
Раушан Нұғманбекова
Семей.