Қоғам

Испандар футбол академиясын ашады

Испандар футбол академиясын ашады

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ испандық «SOXNA» компаниясының өкілдерімен кездесіп, Өскемен қаласында футбол академиясын құрудың болашағы туралы әңгімелесті.
Естеріңізге сала кетсек, аталмыш компанияның бұл тұрғыдағы тәжірибесі мол. Басқаны былай қойғанда, испандықтар жасаған Қытайдағы бірегей футбол академиясы әлемдегі ең үлкен мектеп ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енгізілген. Сол сияқты «SOXNA» әлемге әйгілі Мадридтің «Реал» футбол клубымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, корольдік команданың қатарын толықтыратын талантты ойыншыларды дайындап шығарады.
Кездесу барысында шетелдік компанияның президенті Алсина Луис қытайлық жас футболшылар дайындау мектебінің жобасы қалай жасалғаны туралы айтып берді. Қазір онда 6 жастан 16 жасқа дейінгі үш мың бала оқып жатыр екен.
– Бұл жобаны қытайлық ірі бизнесмен қаржыландырды. Мемлекет оған қатысқан жоқ. Сіздердің елде мемлекет тарапынан спортқа осылайша зор көңіл бөлінуі көңілге жылу ұялатады. Біздің компанияның мақсаты − әлемнің елдерінде спортты дамыту. Әзірге тек қолымызда дайын тұрған қытайлық жоба ғана, ары қарай көре жатармыз, – дейді Алсина Луис.
Бір қуантарлығы, «SOXNA» компаниясын құрған әлемдік деңгейдегі бизнесмендер спорттан, оның ішінде футболдан жырақ жандар емес екен. Олардың өздері де кезінде аяқдопты бір кісідей-ақ ойнапты. Футболға деген сүйіспеншілігін іскер азаматтар енді ірі жобалар арқылы іске асыруда.
Бұған дейін аймақ басшысы облыстың спортшыларымен кездесу өткізгенде Шығыс Қазақстан футболының деңгейін көтеруге бағытталған бірқатар жұмыстар қолға алынатынын айтқан болатын. Көп ұзамай мінеки, сонау Пиреней түбегінен Өскеменге мамандар келіп, мәселені талқылауда.
– Қонақжай елімізге, Шығыс Қазақстан жеріне келген қадамдарыңыз құтты болсын. Келгендеріңіз үшін қуаныштымыз. Сіздердің жобаларыңызбен танысып, оны іске асырудың тетіктерін жан-жақты талқылап алғанымыз жөн. Біз кәсіби футбол академиясын құрудың барлық мәселелерін реттеуіміз керек. Келесі жылдан бастап құрылысты қолға аламыз, қаражат бар, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Өз кезегінде испандық әріптестер өңір спортын өркендетуге күш салып, қолдау білдіргені үшін аймақ басшысына риясыз алғыстарын жеткізді. Кездесуден кейін құрметті қонақтар қаладағы ЖМК ықшамауданында орналасқан спорттық кластерді аралады, жергілікті футболшылардың ойын өрнегін зерделеді.
– Біздің ойымызша, бір келісімге келеміз. Сіздердің футболмен таныстық, ойыншылардың шеберліктеріне көз жеткіздік. Көпшілігі жеке шеберліктеріне басымдық береді екен. Ендігі жерде командалық ойын мәнеріне ден қойса жеткілікті. Мұның бәрін біз алдағы уақытта реттейтін боламыз, – деп түсіндірді Алсина Луис.
Меймандар назарға ұсынған жобалардың ішінде Қытайдағы академияның шоқтығы биік көрінді. Онда қазірдің өзінде 40 футбол алаңы бар, келешекте тағы 75 алаң салу жоспарланған. Ол жерде балғын аяқдопшылардың тұруы, оқуы және жаттығуы үшін барлық жайлы жағдай жасалған. Мектепте испандық және қытайлық мамандар қатар жұмыс істейді. Мекемені бұрынғы футболшы Фернандо Санчес басқарады екен.
Шетелдіктер алға тартқан ақпараттарды көріп, білгеннен кейін жиынға қатысушы, Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов қонақтармен спорт төңірегінде, осы саладағы тәжірибелері, алдағы жоспарлары турасында әңгімелесті.
Испандық компанияның футболды дамыту жөніндегі ролигін тамашалаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ оң бағасын беріп, ортақ іске сәттілік тіледі.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button