Қоғам

Ислахат БЕШІМБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, халық ағарту ісінің үздігі: – АУЫЛ БАЛАСЫНАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫН ШЫҒАРДЫМ

Ислахат  БЕШІМБАЕВ, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  бапкері, халық  ағарту  ісінің   үздігі:    - АУЫЛ БАЛАСЫНАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫН ШЫҒАРДЫМ

Тарбағатай өңірінде ұстаздық пен бапкерлікті қатар алып жүрген, күрестен ауданда алғаш әлем чемпионын шығарған Ақсуаттағы Кәрім Нұрбаев атындағы орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, халық ағарту ісінің үздігі Ислахат Бешімбаевтың есімі спорт төңірегінде жүргендерге жақсы таныс болғанмен, жалпақ жұрт ол кісіні көп біле бермейді. Осы орайда талай балуанды жарысқа үкілеп қосқан бапкермен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ислахат аға, спортқа қалай келдіңіз?

– Оқушы кезім. Бір күні мектептің қасында ойнап жүр едік, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мұрат Әбілханов ағай: «Бұларың не, одан да күреске келіңдер» деп бір топ баланы шақырды. Ол кісінің мамандығы бөлек болғанмен, кезінде Марат Имашев сияқты балуандармен белдескен, күрестен хабары бар еді. Оның үстіне жауырыны жерге тимеген менің атам Бешімбай, аты аңызға айналған Молдабай секілді балуандар біздің өңірде аз шықпаған. Міне, сол балиғат жасымнан бергі саналы ғұмырым күреспен байланысты болды.

– Алғашқы жеңістеріңіз бен жетістіктеріңіз, бапкеріңіз туралы айта отырсаңыз.

– Шынымды айтсам, өз басым бапкерсіз жүріп, бағым ашылған спортшымен. Алғашқы үлкен жетістікке 1973 жылы Қырғызстанда болған халықаралық «Ало-тоо» турнирінде жеттім. Жарыстарға қатысып жүріп оқуымды ақсатып, бір жыл үзіліс алдым. Белгілі қоғам қайраткері Ғарифолла Есім менің боз кілемдегі талай белдесуімді көрген. Институт басшыларына айтып, диплом алуыма жәрдем жасады. Сөйтіп, диплом алған соң, Жетісу жерінде еңбек жолымды бастадым.

– Иә, сіздің Жетісудағы жетістігіңіз бір төбе. Ал енді туған жердегі бапкерлік қызметіңіз қалай болды?

– Бапкердің басты ерекшелігі алдына келген баланы танып, көре білуінде. Ол үшін өзің де құралақан болмауың керек. Мақтанғаным емес, КСРО-да жүлде салдым, Азия чемпионатын ұттым, осының өзі жетістік, қажырлы еңбек пен тәжірибенің нәтижесі. Менің алдыма талай балалар келді, бірақ олардың бәрі бірдей балуан болып кеткен жоқ. Бойында күш-жігері бар, көзінде от ойнағандарын таңдадым. Оларды биік деңгейге жеткізу үшін 15-20 жылдай уақыт кетті. Көлденең кездескен қиындықтарды да жеңе білдік. Айталық, алғашқы жылдары күрес кілемі де болмаған. Оның орнына кәдімгі матрац салып, тар бөлмеде жаттығу жасайтынбыз. Осыған төзіп, табандылық танытқан шәкірттерім далада қалған жоқ, Азия, Әлем біріншіліктерін бағындырды.

– Шәкірттеріңіздің ішінде бөле-жарып атайтын балуандар бар ма?

– Мен олардың ешбіріне «сен мықтысың» деп айтқан емеспін. Барлығы өз деңгейлерінде көрініп жүр. Мәселен, Ержан Жантасов оныншы сынып оқып жүргенде ұлттық біріншілікте топ жарса, Асхат Қадырбаев та оқушы кезінде ұлттық біріншілікті ұтып, Мәскеуде өткен Давид Рудманның халықаралық жүлдесінде олжа салды. Ерболат Дүйсенбаев Азия құрлығын аузына қаратты.

Қарап тұрсам, ауылдық спорт мектебінде жүріп 15 спорт шеберін дайындаппын. Соның бесеуі – КСРО-ның спорт шебері. Ол кезде одақтан шеберлік қорғау некен-саяқ. Қазақстанның 10 спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері болды.

«Бұқашық» тәсілін қолданып жеңіске жеткен

– Ел аузында сіз ойлап тапқан «ерекше» тәсіл туралы көп айтылады. Ол қандай тәсіл?

– Бұл ертеде болған оқиға. Әлем чемпионы атанған шәкіртім Бауыржан Садыхановпен бір турниге барғанда, белгілі бапкерлер, еңбек сіңірген спорт шеберлері Диханбай Биткөзов пен Марат Жахитовтың дайындап әкелген балуаны Бауыржанның негізгі қарсыласы атанды. Неге екенін білмеймін, ақтық белдесу бір күнге шегерілді. Естуімше «қара пәледен» құтылудың амалын ойластырған екен. «Қара пәле» дегендері Бауыржан ғой. Қонақ үйге келісімен шәкіртімді шақырып алып, ертеңгі белдесуді ақылдастық. «Қарсыласың теке тіреспен тұрып алса, «Бұқашық» деп аталатын әдісті қолдану керектігін үйреттім. Ол – басымен итеріп, іштен шалатын қазақтың ықылым заманнан келе жатқан тәсілі. Ойдан шығарған ештеңем жоқ. Ертеңінде болжағанымыз келді, теке тірес басталды. Сол-ақ екен, Бауыржан үйреткен айлаға салып, іштен шалғанда, қарсыласы қалпақтай ұшты.
Осы әдісті Бауыржан әлем чемпионатының ақтық белдесуінде атақты Тихоновқа қолданып, жеңіске жетті.

– Шәкіртіңіз Бауыржан әлем чемпионатында сынға түскенде, қасында болмапсыз…

– Бауыржан Омбы қаласында әлем чемпионы атанғанда, маған білікті бапкер Керей Қойшыбеков құттықтап телефон шалды. Ауылдастар да құттықтап, аудандағы алғашқы әлем чемпионы атанды деп, бөріктерін аспанға атты. Чемпионат аяқталысымен, маған Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері деген атақ берілді. Егемендік алғандағы тұңғыш еңбек сіңірген бапкер болдым. Ал Бауыржан чемпионатқа аттанар алдында жұбайым дүние салып, қара жамылдым. Шиеттей балалар маған қарап қалды. Қайғыны көтере алмаған анам сал болып, жатып қалды. Осы жағдайдан соң спорт мектебінде 20 жылдай еңбек еткен бапкерлік қызметті тастап, мектепке мұғалімдік қызметке ауыстым .

– Бапкерлікке қайта оралу ойыңызда бар ма?

– Әрине, боз кілемді сағынамын. Бірақ бапкердің өмірі жарыстарда, жаттығу залдарында өтеді ғой. Ал менің жағдайым бұған келмеді. Сал болып қалған анама, балаларға қарау керек болды. Сондықтан бұл қызметтен кеттім. Алайда, күрестен мүлдем қол үзген жоқпын. Өткен жылы бірнеше турнирлерде қонақ болдым, сонда байқағаным, кейінгі 7-8 жылда біздің өңірден бірде-бір бала боз кілемнен көрінбеді. Осыған намыстанып, мектеп директорынан бір бөлмені жаттығу жасауға сұрадым. Қазір ұстаздықпен қатар оннан астам өренді тәрбиелеп жүрмін. Нәтижелері жаман емес.

– Күрестегі ауыл балаларының аяқ алысы қалай, әріптестеріңіздің дайындығына көңіліңіз тола ма?

– Бүгінгі бапкерлер бақытты ғой, оларға барлық жағдай жасалған. Қаражаттан қысылмайды, спорттық құралдардың барлығы бар. Жастардың болашағы зор. Оған қоса бұқаралық спортқа ерекше ден қойылып отыр қазір. Ендігі жерде осы ауданның орталығына жақсы спорт сарайын салса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сұхбаттасқан – Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button