Қоғам

Иринаның «Бастауы»

Мейрамтай Иманғали

Осыдан бір ай бұрын Шығыс Қазақстан Өнер музейінің  кіші залында өскемендік суретші Ирина Бусованың «Бастау» атты жеке көрмесі ашылған. Шығармашылық жолын енді ғана бастаған суретшінің көрмесі талай жанды сүйсінтіп, сырлы сезім сыйлағаны анық.

Көрменің финисажына Иринаның анасы, достары, таныстары, өнер мектебінің оқушылары және өнерсүйер қауым жиналды. Бұл көрменің бір ерекшелігі Иринаның бейнелеу өнерінен кәсіби білімі жоқ. Ол техникалық мамандық иесі, зауытта жұмыс істеген. Денсаулығы сыр бермегенде әлі де кәсіпорында жұмыс істей берер ме еді, кім білсін!

– Мен жалпы әу бастан шығармашылыққа құштар жанмын. Мен тігумен де, тоқумен де – бәрімен айналысатынмын. Тіпті үйімнің интерьерін өзгерткенді жаным сүйетін. Ал соңғы алты жылда мен немен айналысарымды білмей шарқ ұрдым. Өйткені дертіме байланысты бір орында ұзақ отыра алмайтын едім. Ал 2019 жылы мен күтпеген жерден интернет дүкеннен ғажап  бір мольбертті көрдім де сатып алдым. Осыдан кейін-ақ тоқтамадым.  Ал 2021 жылы әлеуметтік желі арқылы Ольга Базанованың студиясында шеберлік сабақтарын ала бастадым. Бұл шынында да керемет тәжірибе болды. Мен өзімді, өзімнің мүмкіндіктерімді таныдым, – дейді суретшінің өзі.

Көрменің жабылу салтанатында сөз алған Ирина өзіне, өнеріне үлкен қолдау көрсеткен анасы Татьяна Прокофьевнаға, апайы Натальяға, ұстаздарына алғысын білдірді. Көрмеге Иринаның майлы бояумен, акрилмен салған, әсем безендірілген қырықтан астам бағалы картинасы қойылған. Бұл – автордың бір жылдық жұмысының нәтижесі.

Қазір Ирина Усова басқа суретшілерден техниканы, перспектива заңдарын, колористика мен композицияны үйреніп жүр, сондықтан ол тек көшірмелер жазады. Ол мұндай процесті суретшінің шеберлігін түсінудің қажетті кезеңі деп санайды. Келер жылы ол пейзаж жанрында өз туындыларын салуды жоспарлап отыр.

Осы айдарда

Back to top button