бағыт-бағдарТОП

Ірі жобалар туризмді ілгері бастырмақ

«Туризм – біз ерекше көңіл бөліп отырған сала. Қыста барлық жобаларды келісу рәсімінен өткізіп, көктемде іске асыруды бастау қажет». Өңірдегі туризмді дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізген аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деп мәлімдеді.

Қазіргі кезде Жаңа Бұқтырма бойынша эскиздік жоба дайындалуда. Оған Осинов асуын айналып өтетін «Өскемен – Алтай» автожолы, кенттегі көшелерді жарықтандыру және абаттандыру, қызмет көрсету нысандарын салу енеді. Жағалаудағы жаяу жүргіншілер аймағынан демалыс орталықтарына дейін жол төселеді. Бұл аумақта веложолдар мен түрлі құрылыстар да қарастырылған. Бұдан басқа, кентте үлгілік жоба бойынша 200 орындық қазақ мектебін салу көзделуде.

– Риддерге де эскиздік жоба қажет. Қазір Өскеменнен Тарханка, Топиха, Черемшанка арқылы Риддерге өтетін төте жолды зерделейтін топ жұмыс істеуде. Біз қаланың орталығына және қоғамдық автобустар жүретін барлық жолдарға 2500 шам орнатамыз, – деді облыс әкімі.

Катонқарағай ауданында экологиялық туризмге назар аударылмақ, қазірдің өзінде бірнеше жоба бар. Мәселен, екі ғасыр бұрын салынған көне шіркеу қалпына келтіріліп, өлкетану мұражайына айналады. Сондай-ақ көпір құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленуде, ескі ағаш көпір апаттық жағдайда тұр. Әр жобада жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына көңіл бөлінетін болады.

Туризмді дамыту жөніндегі арнайы жоба Самар ауданындағы Сарыбел аумағы үшін де дайындалуда.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button