Қоғам

Ірі кәсіпорындарда екпе кабинеттері ашылды

Тұрғындарды жаппай вакцинациялауда емханаларға көп салмақ түсетіні белгілі. Облыс әкімінің тапсырмасына орай, өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындар  қызметкерлерін ковидке қарсы егу мақсатында өз екпе кабинеттерін  ашып жатыр. Өңірде қазір 43 кәсіпорында осындай кабинеттер ашылған, облыс орталығындағы 15 мекемеде екпе кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар Аягөз, Алтай, Глубокое аудандарындағы  кәсіпорындарда да ұжым басшылары өз қызметкерлеріне жағдай жасап, екпе кабинеттерін жабдықтаған.

Кәсіпорындардағы екпе кабинеттерінің барлық талапқа сай жабдықталып, сақтық шараларының қатаң сақталуын құзырлы орындардың мамандары назарда ұстап отыр.

Көптеген еңбек ұжымдарының басшылары қызметкерлеріне ұйымдасқан түрде вакцина салдыру мақсатында емханалармен келіссөздер жүргізуде. Облыс орталығындағы МЧС-2 отбасылық-дәрігерлік амбулаториясына вакцинаның бірінші компонентінің 770 дозасы бөлінген екен. Бірінші кезекте екпемен осы емханаға бекітілген  Шығыс Қазақстан университеті мен Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, медициналық колледждің, мектептердің педагогтары, құқық қорғау орындарының мамандары қамтылыпты. Қазір емханаға еңбек ұжымдары ұйымдасқан түрде келіп, вакцина салғызып жүр.

      -Ұжымдарға қызмет көрсетуді ұйымдастыруда көп жұмыс атқарылды. Препарат ысырап болмас үшін, бес адамнан қабылдауымыз керек. Осыны түсіндіріп, барлық мекемеге хат жаздық. Қазір өздері берген тізіммен, бес адамнан бөліп отырмыз, әр мекеменің өз уақыты белгіленген. Оларға екпені түске дейін саламыз, ал түстен кейін бізге тіркелген өзіміздің тұрғындарға қызмет көрсетеміз. Үш күннен бері созылмалы дерттері бар пациенттерімізге екпе салуды бастадық. Олар онлайн тіркеледі, сосын біздің мамандар уақытын белгілеп, шақырады. Не болмаса тікелей емханаға келіп те жазылуға болады, – деп түсіндірді екпе салдыру тәртібін   МЧС-2 отбасылық-дәрігерлік амбулаториясының директоры Бақыт Темербекова. Емхана келесі аптада екпенің екінші компонентін салуды бастайды, оған да 770 доза бөлінді.

Екпе салғызардың алдында дәрігерлер келушілерді жай тексеріп қоймай, электронды денсаулық паспортындағы барлық жазбаларды оқып, бұрын басқа вакциналарға аллергиясы болған-болмағанын анықтайды. Кейбір науқастар өздері мән бермеген ұсақ-түйек санайтын жағдайларға да мән беріп, тағы бір тексеріп шығады.

-Қызметкерлеріміздің осындай тыңғылықты жұмыстарының нәтижесінде екпе салғызғандарда әзірге жағымсыз әсерлер тіркелген жоқ. Өзім де вакцина салғыздым. Бірінші түнде дене қызуым аздап көтерілді, парацетамол ішкесін, басылды. Қазір өзімді жақсы сезінем, – деп жалғастырды Бақыт Алимканқызы.

Біз емхананың дәлізінде жолықтырған, өзін  Оксана Валерьевна деп таныстырған жас келіншек бала күтімімен үйде отыр екен. Жаңа ғана вакцина салдырып шыққан.

-Екі баламыз бар, кішкентайым да емізетін жастан шықты. Жолдасым жұмыс бабымен көбінде сыртта жүреді, сол себепті індеттен сақтанудың тиімді жолы екпе салғызу деп түсінеміз.  Дәл қазір ағзамнан ешқандай тосын әсер байқалмайды. Тағы үш күн өздері хабарласып, жағдайымды бақылауда ұстаймыз деді. Мен  барлық таныстарыма, туыстарыма айтып, екпе алуға үгіттеймін деп шештім, – деді жас ана.

«Силумин-Восток» компаниясының барлық құрылымдарында бес жүзден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын қызметкерлері ұйымдасқан түрде МЧС-2 отбасылық-дәрігерлік амбулаториясында екпе алып жүр.  Вакцина салдырмас бұрын олар денсаулық сақтау басқармасынан препараттың сертификатын сұрастырып, оның қауіпсіздігіне барынша көз жеткізуге тырысыпты.

-Вакцина ерікті болған соң, ешкімді мәжбүрлеу мүмкін емес. Екпеге қатысты сауалдарды бірге талқылау үшін ұжымда ортақ чат ашып қойғанбыз. Ең алдымен дәрінің сапа сертификатын талап еткен соң, облыстық денсаулық басқармасынан оны сұратып, алғыздық. Біздің өзімізде де барлық талапқа сай жабдықталған екпе кабинеті бар. Салалық басқарма қажетті медициналық қызметкерлерді бөлеміз деп, қолдау көрсетіп отыр. Алайда біздің мамандар көбінде іссапарда жүргендіктен вакцина салуды  өзімізде ұйымдастыру тиімсіз болып тұр. Препараттың бір құтысы бес адамға арналған, кейде толмай қалуы мүмкін, сол себепті қалалық емхананың қызметіне жүгінгенді жөн көрдік. Кеше алғашқы он адам вакцинаны салғыздық. Өз басымда жағымсыз теріс әсерлер байқалмады. Әріптестерім де өздерін жақсы сезінеді, – дейді компанияның өкілі Зоя Владимировна.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша өңірде 23238 адам коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін  салғызды. Ал ревакцинациядан 7086 адам өткен, яғни, екінші компонентін алғандар. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер, созылмалы аурулары бар адамдар, медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері, учаскелік полиция қызметкерлері, құқық қорғау және күш құрылымдарының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, студенттер және басқа да сала өкілдері бар.

 

Өскемен қаласында тұрғындар екпе алу үшін №1 қалалық емханаға, №2 қалалық емханаға, МСЧ-2 отбасылық дәрігерлік амбулаториясына, ана мен бала орталығына, “Денсаулық” дәрігерлік амбулаториясына, “Авиаценна” отбасылық денсаулық орталығына, “ЕМ АЛУ плюс” дәрігерлік амбулаториясына, Сол жағалау емханасына, “Вита – 1” емханасына жүгіне алады.

Семейде егу кабинеттері №1, №2, №3, №4, №6, №7, №8 қалалық емханаларда жұмыс істейді Сондай-ақ, №3 консультативтік-диагностикалық емханада, №5 дәрігерлік амбулаторияда, Семей теміржол ауруханасында, №12 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығында, “Жоламан” отбасылық дәрігерлік амбулаториясында, “Әділ-Ем” емханасында, “Гармония” отбасылық амбулаториясында пункттер ашылды.

Пандемияға жол бермеу үшін сегізінші сәуірден бастап электрондық үкімет порталында жаңа қызмет – вакцинацияға онлайн режимінде жазылу іске қосылды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button