ҚоғамТОП

Іргелі кәсіпорын әлеуметтік жобаларға қомақты қаржы бөледі

«Казцинк» компаниясы өңірде үздік әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөледі.

Облыс әкімдігі мен еліміздің тау-кен металлургия саласындағы үздік кәсіпорындардың бірі «Казцинк» компаниясы меморандумға қол қойды.

Кәсіпорын бөлетін қомақты қаражат ауруханаларды, мектептер мен мәдени мекемелерді жарақтандыруға, балалардың ойын алаңдарын, спорт алаңдарын абаттандыруға және салуға бөлінеді.

– Бұл қаражат осымен шектеліп қалмайды. Кәсіпорын бізге өзге де жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіп жатқанын айта кету керек. Оның ішінде ең бастысы «Казцинк» компаниясы Президент тапсырмасы бойынша Риддерде 300 орындық мектеп салып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін Риддердегі жалғыз қазақ мектебі «Шаңырақ» жаңа білім ордасына көшіріледі, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысы меморандум аясында өзге де бірқатар жобалар жоспарланып отырғанын мәлім етті. Атап айтсақ, Риддерде екі ойын алаңы мен спорт алаңын салу, шағын сәулет мүсіндерін орнату, Серебрянка қаласында орталық су құбырларын ауыстыру, Шоссейная көшесі бойындағы орталық су құбырын жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Сондай-ақ облыстық ауруханаға, Ана мен бала орталығына, Риддер мен Алтайдың медицина, білім беру, мәдениет мекемелеріне жаңа жабдықтар жеткізу жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың соңында «Казцинк» облыста «Арман қала» акциясын өткізген. Акция аясында өңір тұрғындары өздерінің әлеуметтік, мәдени, білім беру, медициналық және инфрақұрылымдық жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы дауыс беріп, ең қызықты идеялар таңдалды. Металлургтер облыс әкімдігімен бірлесіп, жақын арада іске асыруға болатын ұсыныстарды келісті.

– «Казцинк» әрқашан біздің кәсіпорындар орналасқан елді мекендердің өміріне белсене атсалысуға ұмтылады, – дейді компанияның бас директоры Жанат Жанботин. – «Арман қала» акциясы аясында жиналған идеялардың негізгі бөлігі меморандумға енгізілді және оларды биыл іске асыруға болады. Біз әлеуметтік салаға белсене инвестиция жасауды жалғастырамыз.

Облыс әкімдігі іргелі кәсіпорынның бастамасын қолдай отырып, меморандумға сәйкес бюджеттен Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянка қалаларында жолдарды және аулаларды, әлеуметтік нысандарын жөндеуге, абаттандыруға қаражат бөлетін болады.

 

Осы айдарда

Back to top button