Иппотерапияның игілігін көреді

Аягөз қаласының оңтүстік-шығысындағы өзінің тұрғын үйінің ауласында Талғат Мұхаметқалиев церебралды сал (ДЦП) ауруы диагнозы қойылған балалардың құлан-таза айығып кетуі жолында еңбектенуде. Аула үлкен, атшаптырым деуге болады. Міне, үш жылға аяқ басты, осы жерде ол арнайы дәрігер мамандарды қатыстыра отырып, иппотерапиямен айналысуда. Талғат Мәукенұлының мүгедек балаларға ат үстіндегі серуен ұйымдастыруы еріккеннің ермегі емес екеніне қазір аягөздіктердің көзі әбден жетті. Осы үшін ол арнайы облыс орталығына барып, мамандардан дәріс тыңдап оқып та келді. Қазір бірнеше атты қолда ұстап отырған Талғаттың осыған мемлекет тарапынан көмек болса екен деген ойы да жоқ емес.
-Жалпы, иппотерапия секілді сауықтыру әдісі әлі де болса кеңінен тарала қоймаған ғой, – дейді ол. – Сондықтан біршама кедергілерге тап келуге тура келіп жатады. Негізі, иппотерапия сал ауруымен ауыратын жасөспірімдердің денсаулығын жақсартады. Өйткені, атқа мініп, баяу аяңдатып жүргізу денені басқаруға үйренуге, қимыл-қозғалысқа және сөйлеу белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді ғой. Сол үшін де осы орталықты ашып отырмын. Бәрі жақсы болып жатса, бие сауып, бал қымыз сатсам деймін. Тіпті мың бір ауруға дауа ешкінің сүтін де ұсынбақпын.
Шынында да, атқа мініп, баяу аяңдап жүрген кезде адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі берілетін көрінеді. Атқа мінген адамның барлық бұлшық еттері жұмыс істейді. Өйткені тепе-теңдікті сақтау үшін, салт мінген адам бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Мамандардың айтуы бойынша, жылқының әрбір адым алшақтығы адамдікімен бірдей, яғни осы арқылы ол өзінің адымын да есептеп үйренетін көрінеді. Адам салт атпен жүргенде, көңілі көтеріледі, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімі артады. Ал көңіл күйдің көтеріңкі болуы дертке бірден-бір шипа болып есептеледі.
-Церебралды сал ауруы диагнозы қойылған балаларды демеп, атқа мінгізуге тырысамыз. Балалардың өздері де атты көрген жерден-ақ көздері шырадай жанып, бір ұшқын пайда болады. Негізі, мыңдаған жылдардан бері жылқы міну ата-бабамыздың қанында бар емес пе! Солар үшін бір-бір жуас аттарды баптап отырамыз. Міне, мына тұрған «Еркежирен» мен «Қараторғай», мынау «Еркеторы», – деп Талғат аттарымен таныстыра бастады.
Талғат Мәукенұлы балаларды бұдан өзге қала ортасындағы «Абай» бағында бірнеше әткеншектер, қайықтар, карусельдермен ойнауға шақырып тұрады.
-Жаз айында облыс орталығында болып, осыған тікелей қатысы бар мамандармен сөйлесіп қайтқанмын. Бәрі де қолдап отыр. Ондағылар, бұйырса, жаңа жылдан бастап, бюджетке енгізіп, қаржы қарастырмақшы, – деді ол қоштасарда.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.