Қоғам

Инвесторларға барлық мүмкіндік жасалған

 Инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін фронт-офис жұмысымен танысқан еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Хаиров офистің  жұмысына оң баға беріп, өңір экономикасына қаражат құюды көздеген инвесторларға барлық мүмкіндіктер  жасалғанын атап өтті.

Өзара қарым-қатынасты дамыту және жұмыстарды үйлестіру мақсатында  Шығыс Қазақстанға арнайы іссапармен еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Хаиров келді. Сапар барысында ол инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін фронт-офис жұмысымен танысып, өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындардағы инвестициялық жобаларды көріп қайтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін шетелдік инвесторларға кешенді «экожүйе» қалыптастыру жөніндегі тапсырманы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев берген болатын. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ел Үкіметінің қаулысымен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін ұйымның ережесі мен инвестицияларды тарту тәртібі бекітілді. Аталмыш қаулы шеңберінде ел аймақтарында осы бағытта жұмыс істейтін фронт-офистер ашу қолға алынды.

Мұндай фронт-офис біздің өңірде облыстық Кәсіпкерлер палатасының базасында ашылған. Қазіргі уақытта ол әлеуетті инвесторларға барлық сервистік қызметті көрсетіп, мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп отыр. Сондай-ақ  инвесторларға қолайлы болуы үшін мұнда бірқатар органдар мен ұйымдардың мамандары шоғырланған. Атап айтсақ, қазіргі уақытта фронт-офисте облыстық прокуратураның, «Өскемен Водоканал», «Өскемен жылу жүйелері», «ШҚ АЭК» мекемелері мен Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары кеңестер береді.

– Өңірімізде инвестициялық ірі жобалар баршылық, – деді елшімен кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев. – Солардың бірі ретінде бүгінде екінші кезекте жұмыс істеп жатқан «Ақтоғай тау-кен байыту» комбинатын айтуға болады. Жұмысын бір ғана өнім шығарудан бастап қазіргі уақытта ірі компанияларға бәсекелес бола алатын «Силумин-Восток» кәсіпорнын да айта кету керек. Бұдан бөлек биыл жыл соңына қарай Жарма ауданындағы күн электр станса мен Алтай ауданындағы Тұрғысын ГЭС-і сияқты екі ірі инвестициялық жобаны іске қосуды көздеп отырмыз.

Инвестициялық орталық ашу арқылы шетелдік инвесторларға барлық қолайлы жағдай  жасалғанын алға тартқан ол орталық мамандарының шетелдік сапаға сай қызмет көрсете алатынын атап өтті.

– Өткен жылдың соңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция тарту жұмыстарын Сыртқы істер министрлігінің құзыретіне бергенін барлығы біледі. Қазіргі уақытта министрлік инвестиция тартудың үш деңгейлі жүйесін қалыптастыруда. Осы себепті Сыртқы істер министрінің тапсырмасына сәйкес, біз барлық облыстарды аралап,  атқарылып жатқан жұмыстармен танысып жүрміз. Өскемен қаласындағы «Ситуациялық орталықтың» және фронт-офистің жұмыстарымен танысып, Шығыстың тәжірибесін өзге өңірлерге неге мысал етіп көрсетпеске деген шешімге келіп отырмыз, – деді Ерлан Хаиров.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде Премьер-Министр Асқар Мамин төрағалық ететін «Тікелей инвестициялар қоры» жұмыс істеп жатыр. Яғни әлеуетті инвесторлар пайдасы көп  жобалары болса,  аталмыш қорға тікелей немесе Сыртқы істер министрлігі арқылы шығып, қолдау таба алады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button