ҚоғамТОП

«Инвестор жолы» әзірленіп жатыр

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында «Инвестор жолы» деп аталатын қадамдық алгоритм әзірлеп жатыр. Аталмыш алгоритмде инвесторлардың мәселелері мен оларды шешу жолдары қамтылатын болады. Бұл туралы басқарма басшысының міндетін атқарушы Ольга Григорьева мәлім етті.

Бұл – Шығыс Қазақстанда инвесторларды қолдау мақсатында қолға алынып жатқан іс-шаралардың бір парасы ғана. Белгілі болғандай, аймақта мемлекеттік қызметтерді алу жөніндегі іс-қимылдар мен инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының да алгоритмі әзірленіп жатыр. Сондай-ақ түрлі форумдар мен көрмелерде, семинарлар, кеңестер мен конференцияларда өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыруға бағытталған нұсқаулық та әзірленуде. Облыс туралы негізгі статистикалық ақпаратпен, мемлекеттік қолдау шаралары және қаржыландыруды талап ететін жобалар жайындағы мәліметпен қамтылатын бұл құжат «ШҚО инвесторының нұсқаулығы» деп аталмақ.

– Іске қосу мерзімдерін кейінге қалдыруды және жобаларды іске асырудан бас тартуды болдыртпау әрі бақылауда ұстау мақсатында облыстағы инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Құрылған фронт-офис шеңберінде инвесторлардың  мәселелерін шешу жөнінде құқықтық консультациялық көмек те көрсетіледі. Бұл жұмысқа облыс прокуратурасы да тартылған. Облысқа шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында жүйелі түрде әлеуетті инвесторлармен кездесулер ұйымдастырылады, – деген О.Григорьева биылдың өзінде Норвегия және Қытай елдерінің ықтимал инвесторларымен бірқатар кездесу өткенін мәлім етті.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев «Инвестор жолы» ең әуелі әуежайдан басталатынын еске салды. Сондықтан бірінші кезекте облысымызға келген жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту қажет.

– Мамыр айынан бастап халықаралық рейстер ашылады. Ал облыс орталығындағы әуежай ішкі рейстерді жөнелтудің өзінде түрлі қиындықтарға тап болып жатыр. Алдымен осы мәселені реттеп алу керек, – деді әкім.

Өңір басшысы көлік басқармасының басшылығына жүктелген жұмысты ілгерілетуді тапсырды.

Сондай-ақ шетелдік мейманның өңірдің түрлі саладағы әлеуетімен жақынырақ танысуына мүмкіндік беретін бірыңғай платформа құрған абзал. Сонда ғана инвестор бюрократиялық шектеулер мен әкімшілік барьерге тап болмайды. Осы мәселеде  облыс әкімі цифрландыру басқармасының жұмысын сынға алды.

– Маған «Сергек» жүйесі мен ситуациялық орталық жайында айта бергенді қойыңыздар. Одан да басқармалар жұмысын тиянақтайтын платформа немесе реестр құрумен шұғылданыңыздар, – деп ескертті облыс әкімі.

Сонымен бірге өңір басшысы барлық аудан мен қала әкімдеріне инвесторларға қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

– Инвестордың қолында ауданға не қалаға қатысты толық ақпарат болуы қажет. Сонда ғана өңірдің инвестициялық тартымдылығы жайында сөз қозғауға болады. Әзірге бірде-бір ауданнан мұндай жұмысты, жұмысты қойып, талпынысты көріп отырған жоқпын. Облыста инвесторлармен жұмыс ақсап тұр, – деді аймақ басшысы.

Жалпы, биыл Шығыс Қазақстанда тоғыз инвестициялық жоба жүзеге асырылуға тиіс. Оның ішіндегі ең ірісі – «Алтай» көтерме-тарату орталығы құрылысының екінші кезеңі. Бұл жобаға тартылатын инвестиция көлемі –  11,9 миллиард теңге. Облыс орталығында салынып жатқан бірегей нысан құрылысының бірінші кезеңі жоспарға сәйкес, 2023 жылдың соңында аяқталған. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы күйде сақтап, ішінара өңдеп, фермерден тұтынушыға делдалсыз сатуға мүмкіндік туғызу.

Сондай-ақ биыл Глубокое ауданында жұмыс істеп тұрған «ALTYN MM» кәсіпорны жаңғыртылмақ. Бұған дейін мұнда жылына 800 мың тонна кен өндірілсе, енді өндіріс көлемін бір миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Тағы бір ірі инвестициялық жоба деп Өскемен қаласында жүргізілетін, КФК «МедСервис Плюс» ЖШС-не тиесілі сауда-өндірістік кешенінің құрылысын айтуға болады.

2024 жылы Шығыс Қазақстан облысы негізгі капиталға инвестиция ретінде 932,2 миллиард теңге тартуға тиіс. Бұл – Ұлттық экономика министрлігі бекіткен жоспар. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығы хабарлағандай, қазіргі кезде кейбір қала-ауданда бұл тапсырма орындалмай жатқан көрінеді.

– 2024 жылдың бірінші айының қорытындысы бойынша Риддер қаласында, сондай-ақ Глубокое, Шемонаиха, Ұлан және Самар аудандарында жоспар-тапсырма орындалмаған, – деп мәлім етті О.Григорьева.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button