Қоғам

Инвестициялық жобалар толық жүзеге асады

Инвестициялық жобалар толық жүзеге асады
Шығыс Қазақстанға арнайы жұмыс сапарымен келген Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Өскемендегі бірқатар кәсіпорында болып, олардың өндірістік әлеуетімен танысты. Өндіріс орындарының жұмысшыларымен кездесіп, Елбасының биылғы Жолдауын түсіндірді. Сондай-ақ, кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық зерттемелері мәселелеріне арналған алқалы жиынға қатысты.
Министр ең алдымен қаладағы «КЭМОНТ» АҚ-ның өндіріс цехтарында болды. Электр техникалық құрылғыларды құрастырумен айналысатын еліміздегі ең ірі кәсіпорында бүгінде 800-ден астам адам еңбек етуде. Компания директоры Елена Беленцева ведомство басшысын зауыттағы технологиялық үрдістердің ерекшеліктерімен таныстырып, алдағы жоспарлар туралы мағлұмат берді.

– Қазіргі уақытта өнімді экспорттау жағынан біраз қиындық туындауда. Бұл әсіресе, Ресей Федерациясына қатысты. Бұрындары көрші елге жөнелтілетін тауардың үлесі жалпы өнімнің шамамен 65 пайызын құрайтын, ал қазір бұл көрсеткіш мүлдем төмен, – деді кәсіпорын басшысы.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК көршіге керексіз болып қалған өнімді өз елімізде де сатып алушылар жететінін айтып, министрлік тарапынан «КЭМОНТ» тауарларын еліміздің ішкі нарығында жарнамалауға көмектесетінін жеткізді.

– Өздеріңіз айтқандай, мұннан шығарылатын өнім ресейлік тауардан еш кем түспесе, тіпті, кей жағынан артық, әлдеқайда сапалы болса, онда оны неге өз елімізде қалдырмасқа?! Қолымызда Индустрияландыру картасы бар, соған қарап, сіздердің өнімдеріңіз қай облыстарда сұранысқа ие болатынын дөп басып айтуға болады. Себебі, онда алдағы 3-5 жылда қай өңірде қандай өнім шығарылатыны жайында толық ақпарат бар. Сондықтан кәсіпорын басшысымен келесі аптада Астанада тағы бір мәрте кездесіп, «КЭМОНТ» өніміне сұранысты арттыру мәселелерін егжей-тегжейлі қарастыратын боламыз, – деген министр елімізде алдағы уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Қазақэкспорт» мамандандырылған компания құрылатынын хабарлады. Аталған компания отандық өнімді шетелге экспорттау мәселелерімен айналысатын болады.

Сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңірдегі тағы екі ірі кәсіпорын «Қазцинк» пен Үлбі металлургиялық зауытында болып, жұмысшыларымен кездесті, кәсіпорын цехтарын аралап көрді. Кездесулер барысында министр Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерге тоқталып, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Ұжым мүшелерін әсіресе, өнеркәсіп саласының болашағы, сондай-ақ, әлеуметтік проблемалар көбірек толғандыратыны байқалды. Оның ішінде зейнетақы мен өзге төлемақылар мәселелері де бар. Жиналғандар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, техникалық кадрлар тапшылығына қатысты сауалдарын қойды.

Министр сонымен қатар, міндетті медициналық сақтандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, білім беру салаларына қатысты жаңалықтар туралы айтып берді. Жеңіс ҚАСЫМБЕК сонымен қатар, облысымыздағы автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстарына бөлінген қаржы туралы мағлұмат берді. Оның ішінде Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол салу мәселесі де бар. Тұрғын үй құрылысына қатысты сұрақтарға да жауап қайырды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселелеріне жіті көңіл бөлуде. Біз алдағы 15 жылда кем дегенде 1,5 миллион отандасымызды баспанамен қамтуды көздеп отырмыз, – деген министр өңірге қатысты инвестициялық жобалар мәселесін де айналып өтпеді. Оның ішінде әсіресе, көлік-логистика жүйесі жағдайына тоқталды. – Бұл тұрғыдан алып қарағанда, бүгінде Қазақстан ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Ал 2020 жылға қарай республикамыз әлемдегі алдыңғы қатарлы 40 елдің қатарына енуі керек.

Оның айтуынша, былтыр ел аумағында республикалық маңыздағы 913 шақырым жаңа жол пайдалануға берілген. Бұл жұмыстарға 75 мыңнан астам адам тартылған. Ал биыл жалпы қашықтығы 4 400 шақырымды құрайтын жолдардағы құрылыс жұмыстарына 100 мыңға жуық адам жұмылдырылмақ. Оның ішінде Шығыс Қазақстан аумағындағы жолдар да аз емес.

– Қазір Павлодар-Семей-Қалбатау бағытындағы жолдың 125 шақырымдық учаскесін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, Өскемен мен Рахман қайнары арасындағы жолды қалпына келтіру жалғасуда. Бұл мақсаттарға бюджеттен 38,8 миллиард теңге бөлінген. Дегенмен, Елбасы Қалбатау-Майқапшағай жолының кейбір учаскелеріндегі жұмыстарға қосымша қаржы бөлуді тапсырды. Осының арқасында үш жыл ішінде аталмыш жобаға шамамен 174 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде. Сондай-ақ, биыл тағы бір ірі жоба Талдықорған-Өскемен бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары басталатынын айтқым келеді, – деді министр.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ кәсіпорындардың цехтарын аралап көрді. «Қазцинкте» министр мыс пен аса бағалы металдар өндірілетін цехтардың жұмысымен танысса, Үлбі металлургиялық зауытында тантал балқыту үрдісін көрді. Дәл осы жерде зауыт басшылығы Жеңіс ҚАСЫМБЕККЕ танталдан құйылған «Ғарыш» сериялы мерейтойлық монетасын естелік ретінде сыйға тартты.

Ғылым мен өндірістің байланысы артады

Инвестициялық жобалар толық жүзеге асады

Сондай-ақ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бас оқу ғимаратында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ және Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен облыстағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелері бойынша арнайы кеңес өтті.

Кеңестің жұмысын ашып, жүргізген ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бірінші басымдық экономиканың жедел технологиялық жаңғыртылуына берілгенін, соған орай ЖОО-ның ғылыми және инновациялық әлеуетін дамыту, базалық салалардың технологиялық жарақтандырылуы, шикізатты кешенді түрде терең өңдеу мақсаты қойылып отырғандығын атады.

Ал бұл бағытта техникалық университет пен аймақтағы «ҮМЗ» АҚ, «Қазцинк» ЖШС, «Востокцветмет» ЖШС, «Казминералс» корпорациясы, «ӨТМК» АҚ секілді ірі кәсіпорындармен өзара тығыз әріптестік орнатылған. Бұлармен қатар Ресейдің, Германияның, Францияның жетекші ғылыми орталықтарының, компанияларының қолдауымен құрамына он серпінді жоба кіретін төрт мақсатты ғылыми-технологиялық бағдарлама әзірленген.

Жиынға қатысқан жоба авторлары мен университет оқытушылары, кәсіпорындар өкілдері өнеркәсіптік кәсіпорындар мен университеттің бірлескен жобаларын таныстырды. Мәселен, ШҚМТУ профессоры Сергей Плотников «ҮМЗ» АҚ-мен бірлескен магнитрезонанстық томограф үшін жоғары өткізгіш сым өндірісі әзірлемесін, тантал мен ниобийден медициналық мақсаттағы бұйымдардың жоғары технологиялық өндірісін құру жобаларын көрсетсе, университеттің тағы бір профессоры Михаил Дудкин «Қазцинкпен» бірлескен тау-кен байыту өндірісіндегі жобаларды көпшілікке жария етті. Мұндай озық жобалардың қатарында «ӨТМК» АҚ-мен бірлескен мұнай-газ, медицина саласына титан өнімдерін қолдану да бар. «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамутова мұндай бірлескен жобалардың өңір үшін жоғары маңызға ие екендігін, мұндай өзара әріптестік алда да жалғасын табатындығын атады.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бүгінгі басқосуда ғылым мен шынайы экономика секторының байланысы негізінде жоғарғы технологиялы өндіріс құру мәселелерін жан-жақты талқыланғандығын атап, алдағы үш жылда бұл жобалар кәсіпорындарда іске асатындығын, одан күтілетін нәтижелер облыстағы өндірістік, экологиялық, экономикалық көрсеткіштерге айтарлықтай оң әсерін тигізетіндігін және еліміздегі басқа да кәсіпорындар үшін сұраныста болатындығын жеткізді.

– Бүгінгі басқосудың ретін пайдалана отырып, тәжірибелік-өнеркәсіптік мақсаттағы аталмыш жобалардың жүзеге асырылуына «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ гранттары арқылы қаржылай қолдау көрсетіледі, бұл мақсаттағы әріптестік ары қарай да жүйелі түрде жалғасын табады деп сенемін, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.

Аталмыш жиынды қорытындылаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК университет ғалымдары әзірлеген жобаларға көңілі толатындығын, министрлік тарапынан лайықты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Бұл жобалар маған ұнады. Дегенмен, енді оларды қандай жолдар арқылы қаржыландыру жағын ойластыру қажет. Ең қарапайым есеппен алғанда он жобаның құны шамамен 8 млрд. теңге болмақ. Қазіргі уақытта мұны Білім және ғылым, Инвестициялар және даму министрліктері, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ арқылы шешуге болады. Қуантарлығы, сіздерде өндірушілер мен ғалымдар арасында жақсы байланыс орнатылған екен. Бұл жобалардың сәтті жүзеге асатындығына сенім білдіреміз, – деді Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Бұдан бөлек, министр ШҚМТУ ғалымдарын алдағы аптада Астанаға келіп, отандық дайын жобаларды мемлекет тарапынан қалай қолдау керектігін егжей-тегжейлі бірлесіп талқылауға шақырды. Мұнан кейін мәртебелі меймандарға осы оқу ғимаратында орналасқан заманауи инженерлік бейіндегі «Іргетас» зертханасының жұмысы жан-жақты таныстырылды.

Нұржан Кенжеұлы,
Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button