Инвестиция тартуды ширатқан жөн
Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңесі өтті. Жиында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауын іске асыру аясындағы қадамдық іс-шаралар жоспарының орындалу барысы талқыға салынды. Атап айтар болсақ, жоспардың облыстағы инвестициялық ахуалды жақсарту және 2016-2019 оқу жылдарына арналған үштілділікті дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру бағыттары жан-жақты қарастырылды.
Алғашқы бағыт бойынша, яғни, өңір экономикасына инвестиция тарту және инвестициялық хал-ахуалды жақсарту жөнінде кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жарқын Мұсағалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр өңірдегі негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсіп, 410 миллиард теңгені құраған болатын. Осы жылы аталмыш көрсеткіш тағы 13 миллиард теңгеге көбейіп, 424 миллиард теңгеден асады деп болжануда. Сонымен қатар, үш жаңа инвестициялық жоба үйлестіру кеңесінің қарауына енгізіліп отыр. Олар Ұлан ауданындағы Тайынты ауылының маңынан германиялық компаниямен бірге қуаттылығы 24 МВт, Жарма ауданында Қытай компаниясымен бірлескен қуаты 37 МВт болатын жел электр стансаларын және Өскеменде лифт шығаратын зауыт салуды көздейді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында үстіміздегі жылы тұрғындарға қызмет көрсету орталығы жанынан инвесторларға қызмет көрсету секторы құрылған. Барлық мемлекеттік қызметтерді инвесторлар осы секторда «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Мұнымен қоса, олар арнайы ашылған baseinvest.kz сайтынан қажетті ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие.
Сондай-ақ, аймағымызға инвестиция тарту және инвесторларға сервистік қолдау көрсету мақсатында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында бизнес-жобалар мен инвестициялар бөлімі іске қосылған. Аталмыш корпорация сайтына инвестиция (шамамен 113 миллиард теңге) құюды талап ететін өңір кәсіпкерлерінің 68 жобасы мен бизнес-идеясы қойылыпты.
Қазіргі кезде Өскемен мен Семейде бір-бір кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, барлық аудан-қалаларда 19 кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істейді. Шалғайдағы елді мекендерде қызмет көрсету үшін бір мобильді орталық – автобус жарақталған. Аталған қызметтердің бәрі де ақысыз ұсынылатынын айта кеткен жөн. Шағын және орта бизнес өкілдері орталық қызметтерін белсенді қолданады. Тек осы жылдың алғашқы алты айында ғана орталықтар 12 мыңнан астам қызмет көрсеткен.
Осы атқарылып жатқан кешенді шаралардың арқасында өз өңірімізден, еліміздің басқа облыстарынан және шет елдерден, түрлі қаржылық ұйымдардан келіп түсіп жатқан инвестиция мөлшері артып отыр.
Есеппен танысқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жалпы инвестиция тарту саласындағы жұмыстарға оң баға беріп, осы жүйелі істі әлі де ширата түсу қажеттігін ескертті. Әсіресе, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және Еуропа даму және қайта құру банкі аясындағы жобаларға жіті көңіл бөлу керектігін баса айтты.
Басқарма басшысының орынбасары жалпы мәлімет бергенімен облыс әкімінің нақты қолға алынған инвестициялық жобалар туралы сұрақтарына жауап бере алмады.
– Сіз баяндаманы оқып шықтыңыз. Ал нақты сұрақ қойғанымда жағдайдан мүлдем хабарсыз екеніңіз анық байқалды. Инвесторлармен жұмыс істеу бағытында атқарылған және атқарылып жатқан шаралар жетерлік. Бұл тікелей сіздің жұмысыңыз емес пе? – деген аймақ басшысы «Нұр Отан» партиясының алдағы отырыстарында басқарма басшыларының жеке қызметтік жауапкершіліктерін талқыға салуды тапсырды.
Қазір үш тілдік лагерь жұмыс істейді
Келесі кезекте 2016-2019 оқу жылдарына арналған үштілділікті дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы қаралды. Осы ретте облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова берген мәліметтерге сүйенсек, енді мектептерде ағылшын тілін оқыту Кембридж университетінің әдістемесі бойынша, қазақ және орыс тілдерін үйрету деңгейлік бағдарламалар бойынша жүргізілмек. Облыстағы 3 мыңнан астам тіл мұғалімдері қайта оқытудан өтеді. Бір сөзбен айтқанда Шығыс Қазақстан еліміздегі үштілділік білім беруді енгізудің тәжірибе алаңына айналып отыр.
2016-2019 жылдарға арналған үштілділікті дамыту бойынша облыстық кешенді жоспар бекітіліп, іске асырыла бастады. Бүгінде облысымыз 509 миллион теңгеге ағылшын тілінің 1 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі 340 мыңнан астам жаңа оқулығын сатып алған. 1300-ден аса ағылшын тілі мұғалімі осы жаңа оқулықтар бойынша арнайы курстардан өткен, оларға шетелден келген, тілдің иегерлері болып табылатын ұстаздар дәріс беріпті.
Орыс тілі мұғалімдері Мәскеу педагогикалық университетінің профессоры Елизавета Хамраеваның, ал қазақ тілі пәнінің оқытушылары педагогика ғылымының докторы Фаузия Оразбаеваның әдістемесі бойынша біліктіліктерін арттыратын болады.
– Қазіргі жазғы каникул кездерінде кешенді жоспарды орындау аясында облыста 3 тілдік лагерь жұмыс істеуде. Бұқтырма жағасындағы «Аюды» лагерінде орыс тілі, Зайсан ауданындағы «Бәйтерек» лагерінде қазақ тілі, Алакөл жағалауындағы «Үржарайым» лагерінде ағылшын тілі арнайы әдістемелер арқылы үйретіліп жатыр. Балалар осы курстарда демала жүріп, сөздік қорларын байытады, шет тілі сөздерін дұрыс дыбыстауға машықтанады, – дейді басқарма басшысы.
Бұл саладағы негізгі түйткіл, ағылшын тілі мұғалімдеріне дәріс беруге заң бойынша шетелдік оқытушыларды тарту мүмкін болмай отыр. Ал ағылшын тілін тек сол тілдің иегерлері ғана жоғары деңгейде біледі және үйрете алады деп санайды облыс басшылығы. Өкінішке қарай, көктемде жүргізілген тестілеу өңірдегі ағылшын тілі мұғалімдері біліктілігінің төмен екендігін көрсеткен. Облыстағы 1300-дей пән оқытушыларына Англияның, Шотландияның, Уэльстің мамандары сабақ берулері тиіс. Осы орайда облыс әкімі атынан Үкімет басшысына арнайы хат жолданып отыр.
– Елбасының берген тапсырмасын орындауымыз керек. Өскелең ұрпақ үш тілді еркін меңгеруі үшін бізге ең алдымен білімнің сапасын көтеру қажет. Бұл – тікелей ұстаздар қауымына жүктелер ауыр міндет. Ал мұғалімдердің сапасын арттыру жан-жақты дайындықты, үздіксіз оқытуды, инновацияны талап етеді. Біз ұстаздарымыздың білімі төмен деп отырған жоқпыз, оларға сондай білім берілген. Ендігі мақсат – жоғары білікті мамандарды шақырта отырып, олардың біліктіліктерін арттыру, – деген аймақ басшысы орынбасары Жақсылық Омарға үштілділікті дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысын қадағалап, айына бір рет арнайы кеңес өткізіп отыруды міндеттеді.
Жиын соңында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша республикалық қазынадан 2,3 миллиард теңге көлемінде қосымша қаржы келіп түскенін, аталмыш қаражатты мектептерді, денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттарын, маңызды әлеуметтік нысандарды және облыстық деңгейдегі күре жолдарды жөндеуге бағыттауды, жұмыссыз азаматтарды осы шараларға көптеп тартуды тапсырды.
Ержан Әбіш