Интернет-эстафета Күршімнен бастау алды

Күршім ауданында «Ұлт келбеті – жалынды жастар» атты облыстық жастар форумы өтті.
Оған облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Е.Балтабеков, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы М.Бақыт, қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының директорлары, жастар мәслихатының депутаттары, ауыл жастары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасына атсалысушылар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Екі бөлімді қамтыған форумның алғашқысында қонақтар «Күршім ауданының туристік маршруттары» техникалық көрмесімен, «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Бұдан кейін «Жастар және ұрпақтар сабақтастығы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Бұл басқосудың мақсаты аға буын өкілдері мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығы арқылы ынтымақтастық мәселелерін талқылау, аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесін жастарға насихаттау болатын. Жиын барысында Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов «Күршім аудандық ардагерлер ұйымының жастарға патриоттық тәрбие берудегі ұрпақтар сабақтастығы», Жарма аудандық Жастар үйінің директоры Б.Сәмежанова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жармалық жастардың аға буын өкілдерімен бірлесіп атқарған жұмыстары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ көпбалалы ана, қадірменді әже Н.Нұрсадықова, Күршім аудандық «Жас ұлан» ұйымының топ басшысы Н.Төлеуханов, Күршім аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Л.Қамзина баяндама жасап, ой бөлісті.
Шара семинар-тренингпен жалғасып, белсенді жастар тәжірибелерін ортаға салды. Бұдан соң бекітілген жоспарға сәйкес қонақтар тарихи-өлкетану мұражайымен танысты.
Мағыналы жиынның екінші бөлімінде аудандық Мәдениет үйінде «Ұлт келбеті – жалынды жастар» атты облыстық жастар форумы өз жұмысын жалғастырды. Форумда облыстық ішкі саясат басқармасы жастар ісі жөніндегі бөлімінің басшысы Е.Балтабеков, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы М.Бақыт сөз сөйлеп, жастарды игі бастамамен құттықтады.
Күршім аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Ш.Дабырбаева 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы мазмұнды баяндама жасады. Аудан әкімі Д.Қажанов жастарды құттықтап, ауылдың болашағы жастар екенін, сондықтан кейінгі буын өкілдерін ауылда еңбек етуге шақырды. Тоғыз аталым бойынша үздік шыққан жас мамандарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара соңында аудан жастары әлеуметтік желілерде «Challenge Men qazaqsha so’ileimin» интернет-эстафетасын бастап, Өскемен қаласының жастарына жолдады. Негізгі шарт елімізге белгілі ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, видеосын әлеуметтік желілерге орналастыру. Бұл акция жыл соңына дейін жалғасып, өңірдің барлық қалалары мен аудандарындағы жастарды қамтитын болады.
Дөңгелек үстел отырысының соңы аудан жастарының концерттік бағдарламасына ұласты. Кездесу аяқталған соң, аудан қонақтары, үздік және белсенді жастар аудан әкімі Д.Қажановтың қабылдауына шақырылды.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.