Қоғам

Интернатта оқып жүр…

Катонқарағай ауылындағы интернаттың ашылғанына биыл жиырма жыл толды. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында ауылдың Алтай деп аталатын бөлігінде әр жерде шашыраңқы орналасқан ағаш үйлерде осы өңірдің ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен келген балалар да тұрып, білім алғандығын біздер көзімізбен көрдік.

Соғыс жылдары Катонқарағайда балалар үйі болғанын, онда жетім қалған балалардың өзге облыстардан да әкелініп, тәрбиеленгенін де естігенбіз. Сол балалардың кейбірі Қаратай еліне сіңіп, ауданымыздың экономикасын дамытуға өз үлестерін қосқан екен.

Еліміз егемендігін алғаннан кейінгі жылдары интернат «Қарлығаш» балалар бақшасының бір бұрышын он жылдан астам паналап, кейін №2 аудандық аурухананың ескі ғимаратына көшті. Катонқарағайда бос тұрған үйлер көп болғанымен, сол кезде  орын дұрыс таңдалмады. Балалардың бұл тұрағы орталық базар мен тойханалардың іргесінде тұр. Ал ойын-сауыққа жаны құмар балалар мен жасөспірімдерді теріс іс-әрекеттерден аулақ ұстау тәрбиешілерге оңай шаруа емес. Дегенмен көп жылдық тәрбиешілік тәжірибесі бар педагог мамандар Гүлнар Әлиханова мен Раушан Балтабаева өз  міндеттерін мінсіз атқарып келеді.

– Бізде аудан аумағынан келген елу шақты бала тәрбиеленуде, – дейді Гүлнар Әлиханова. – Олардың барлығы толықтай мемлекеттің қамқорлығына алынған. Жатар орындары мен төрт мезгіл тамақтары тегін. Сондай-ақ балалардың жақсы білім алып, жан-жақты азамат болып тәрбиеленуіне де барлық қолайлы жағдайлар жасалған.  Балалар  мектепке де арнайы автобуспен барып, қайтады.

Айтса айтқандай, интернаттағы жағдай алдыңғы қатарлы балалар мекемесінен бірде-бір кем емес. Екі-үш төсек орындық жатын бөлмелер таза, жарық әрі жылы. Шығармашылықпен айналысатын бөлмелер қажетті затттармен жабдықталған. Онда балалар теледидар тамашалап, тенис, тоғызқұмалақ ойнап, сурет салады, қолөнермен шұғылданады. Балалар жасаған туындылар көрінекті жерлерге қойылған. Бұл арадан Өскеменнен келген Алена Плотникова, қабырғалық Мерует Сайранбекқызы сияқты өнерлі балалардың еңбектерін көптеп кездестіруге болады.

Интернат тәрбиеленушілері спортта да ауданымыздың мерейін үстем етуде. Атап айтсақ, биыл алтыншы жыл интернатта тұрып, білім алып жүрген Ислам Козлов бокстан өткен облыстық жарыстың жүлдегері атанды. Тоғызыншы сыныптың оқушысы Нұрбол Ербол  жақсы балуан, Серік Алтыбаев шаңғымен жүгірудің шебері.

 Жәнібек Қызыр

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button