Интерактивті тақта тарту етті

Жарты ғасыр. Аз уақыт емес, әрине. Бірақ желдей есіп, жұлдыздай аққан уақыт зымырап қалай өткенін байқамай қалғандарын жасыра алмады олар. Бірін-бірі бәз баяғы оқушы күндегідей қарсы алып, жанарларынан нұр төгіліп қауышты.
Зайсан қаласындағы Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейінде осыдан елу жыл бұрын осы ғимаратта орналасқан сегіз жылдық мектеп-интернатын бітірген түлектердің кездесуі болды.
Ең алдымен өздерін білім нәрімен сусындатқан ардақты ұстаздары Айтан Қожасейітовті, Төлеу Шақантаевты, Уәзипа Иманқұлованы ортаға алып, әсем әннің толқынымен тербеле мектеп ауласына қол ұстасып кірген түлектерді көргенде ерекше бір әсерге бөленгендей күй кештік. Алғашқы сөз кезегін Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейдің директоры Тоқтаргүл Салбанова алды.
– Сіздерді бүгінгі қуанышты мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Өткен оқу жылынан бастап Сіздер оқыған білім ордасы мектеп-лицей мәртебесін алып отыр. Біз бүгінде білім, спорт және өнерден алдыңғы қатардан көрініп келе жатқанымызды мақтанышпен айта аламыз, -деді мектеп басшысы.
Келесі сөз кезегі бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген елу жылдық түлектерге, құрылысшы-инженер Мұрат Асылхановқа, \”Ардагер құрылысшы\” Марат Сауқатовқа, ардақты ұстаз Жанаргүл Аязбаеваға және дәрігер-хирург Зарқын Қалибековке берілді.
Өздерінің балдай тәтті балалық шақтарынан, қайталанбас оқушылық өмірлерінен сыр шерткен түлектер аяулы ұстаздарының алдында бастарын иіп, алғыстарын жеткізді. Өздері биік шыңға шықса да, үлкен жетістікке жетсе де, қашанда саналарында аяулы ұстаздарының бейнесі мен ұлағатты сөздерінің жаңғырып тұрғандығын еске алды. Сол кездегі мектеп-интернат директоры болған марқұм Болатхан Сапарғалиевтың өздерінің оқып білім алуына, жалпы адам болып қалыптасу жолында сіңірген еңбегінің зор екеніне тоқталды.
Аяулы ұстаздарының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ Х.Мұстафина мектеп-лицейіне 50 жылдық түлектер атынан интерактивті тақтаны тарту етті.
Сонымен қатар, тағы бір түлек, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, жерлесіміз Ахмет Тоқтабай ұстаздарына, мектеп-лицей ұжымына үлкен алғысын айта келе, мектеп кітапханасына өз қаламынан туындаған бірнеше кітаптарын сыйға тартты.
Осындай әсерлі кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Уәли бүгінде өнегелі өмір жолымен қазақтың маңдай алды азаматтары атанып отырған, мектеп бітіргендеріне елу жыл толған түлектерді мерейлі сәттерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Кездесу соңында елу жылдық түлектер аяулы ұстаздарын ортаға алып, естелік суретке түсті.
Нұргүл Қалықова
Зайсан ауданы.