Экономика

Инновациялық жобалардың игілігі мол

Елімізді еңселі елу елдің қатарына қосуға бастайтын индустриялық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасының іске аса бастағанына да үшінші жыл. Экономиканы қайта жаңғыртуда ерекше орын алатын оның алтын арқауы жаңа технологиялар мен инновациялық құрылымдар жасау болмақ.

Инновациялық жобалардың игілігі молҚазіргі кезде облысымызда жоғары деңгейдегі инновациялық құрылым жасалды және ол үздіксіз дамып келеді. Оның дәлелі индустриялық аймақтың, университеттердің, аймақтық және салалық технопарктердің, бизнес-инкубаторлардың, инженерлік профильдік зертханалардың, оқу-инновациялық өндірістік кешендердің, инновациялық өндірістердің, тау-кен металлургия жабдықтары конструкторлық бюроларының құрылуы. Оған қоса Металлургия орталығын құру жөніндегі жоба іске асуда. Сондай-ақ, жаңа инновациялық құрылым жасау жоспарлануда. Инновациялық дамудың негізін алпыстан астам осы бағыттағы белсенді кәсіпорындар құрап отыр.

Инновациялық саланың дамуына еліміздің «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңының қабылдануы да жаңа тыныс береді. Шығыс Қазақстан 2011 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі жөнінен елімізде бірінші орында тұр. Бұл облыстың индустриялық-инновациялық даму жөнінен ең белсенді аймақ екендігін айқын көрсетеді.

Елімізді индустрияландыру картасы – тек қана жаңа жобалардың қабылдануы емес. Оған қоса осы жобаларға мемлекеттік қолдаулар жасаудың құралы. Оған қоса ол шетелдік және отандық компанияларға инвестициялар салу жөніндегі бизнес мүмкіндіктер.

Индустрияландыру картасына облысымыздан жалпы құны 612 миллиард теңге болатын 39 жоба енген болатын. 2010-2011 жылы олардың 154 миллиард теңге болатын 21 жобасы іске асып, тоғыз өндірістік және ауыл шаруашылық нысандары ашылды. Бір жарым мың жаңа жұмыс орындары пайда болды. Осы жобалардың ішінде Семейдегі кабель шығару, трактор құрастыру, Өскемендегі сорғы жабдықтарын шығару өндірістері бар. Жобалар іске қосылғаннан бергі уақытта осы өндірістер 35 миллиард теңгеден астам қаржының тауарларын шығарды.

Жаңа жобалардың іске асуы облыс экономикасына жаңа серпін беріп отыр. Мәселен, өнеркәсіп саласында осы уақытта 2010 жылға қарағанда 2011 жылы тауарлы өнім өндіру 25 пайызға жуық артты. Тау-кен өндірісіндегі өсім 3,6 миллиард теңгені құрады. Өңдеу саласында 603,7 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, оның алдындағы жылмен салыстырғанда 115 пайыз болды. «Өскемен арматура зауыты» мен «Казцинкмаш» ЖШС-де өнім өндіру тиісінше 31 және 22 пайызға өсті. «Азия-Авто» кәсіпорнында автокөліктердің жаңа түрлері құрастырыла бастады. «СемАЗ» ЖШС тракторлар шығаруды екі есе арттырды. Инвестициялар тарту жөнінен облысымыз елімізде бірінші орынға шықты. Санай берсек мұндай жетістіктер әлі жетерлік.

Ағымдағы жылы да облыста 154 миллиард теңгенің 21 жобасын жүзеге асыру жоспарланса, қазірдің өзінде оның біреуі – Өскемен құс фабрикасын жаңғыртып, қуатын арттыру жобасы іске асты. Алдағы айларда тағы бірнеше жоба кезекпен іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ал 2013 жылдан бастап титан-магний комбинатының жанынан салынатын жаңа зауыт пен бентонит ұнтақтарын шығаратын шағын өндіріс салынбақ.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы осындай ауқымды жобалардың арқасында өңіріміздің келбеті өзгеріп келеді.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button