Инновациялық технологияларды игерудің мол мүмкіндіктерін көрсетті
Өскемендегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде «Min Tech – 2013» 13-ші халықаралық тау- кен, металлургия және көмір өнеркәсібі құрал-жабдықтары мен технологияларының көрмесі өтті.
Елімізде осымен 13-ші рет өтіп отырған бұл көрмеге Австрия, Германия, Швеция, Швейцария, Беларусь, Украина, Қытай, Ресей мемлекеттері мен өзіміздің құрал-жабдықтар мен технологиялар өндіруші 80-нен астам жетекші компаниялар қатысты.
Көрмені ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов құттықтады. Облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратовтың айтуынша, отандық тау-кен өнеркәсібін өркендетуге бағытталған бұл шараның өңіріміздегі таусылып бара жатқан кен қорының жаңа көздерін табуға, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелі жүргізілуіне, аймақтағы металлургиялық өндірістерді заманауи озық технологиялармен қамтуға тигізер ықпалы айрықша.
– Шығыс Қазақстан экономикасының негізін тау-кен өнеркәсібі құрайды. Облыс бюджетінің 40 пайызға жуығының өзін бір ғана «Қазцинк» кәсіпорны жасақтап отыр. Сондықтан кәсіпорындарды қолдап, дамуына дем беруіміз керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын көрмеге қатысушылардың 80-90 пайызы шетелдік компаниялар болса, қазір отандық кәсіпорындарымыздың үлесі 50 пайызға жеткенін көріп тұрмыз. Олардың ішінде екі-жақты бірлескен кәсіпорындар да көп. Отандық өндірістің, ел экономикасының өркендеуі кәсіпорындардың шеттен келетін импортты алмастыра алатындай өз өнімімізді игеріп, өз өнімімізді пайдалануында. Бүгінгі кездесу жаңа келісімшарттар жасасып, ынтымақтастық байланысты, өзара серіктестікті одан әрі арттыруға айрықша серпін берері сөзсіз, – деп облыс Әкімінің орынбасары көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Түрлі бұрғылау техникалары, геодезияда, геофизикада, құрылыста қолданылатын навигация құрылғылары, көміртегі мен коррозияға төтеп бере алатын құрыштан жасалған жылу алмасу жабдықтары, фотореагенттер, тат бастырмайтын қоспалар сияқты әр алуан индустриялық химия өнімдерінен бастап, геологиялық барлау, тау-кен жұмыстары мен кен байытуға арналған құрал-жабдықтар назарға ұсынылған көрмедегі өнімдердің бәрі де бүгінгі күннің сұранысынан туған ең озық, аса қажетті инновациялық туындылар болды. Олардың ішінде заман талабына сай еңбек өнімділігін арттыруға бағытталып, жетілдірілген техникалар қатары да жетерлік.
Беларусьтық «СтанкоГомель», Украинаның «Славяндық машина жасау зауыты», Ресейдің «СибМашПолимер» кәсіпорны, Германияның «Лапгроуп» сияқты компаниялары мен Өскемендегі «КЭМОНТ» бастаған бірнеше ондаған қазақстандық компаниялардың өнімдері де қатар тұрып, келушілерге өз өніміміздің сапасы да, бағасы да шетелдікінен кем түспейтінін көрсетті.
«Қазцинк» ЖШС-нің металлургия саласы бағыты бойынша вице-президенті Тұрарбек Әзікенов қуатты кәсіпорынның таңдауды алдымен өз өңіріміздің, еліміздің өндірушілерінен бастайтынын айтты:
– «Қазцинк» ЖШС өндіріске қажетті өнімдерді сатып алуда ең бірінші отандық өнімдерге көңіл бөліп, «қазақстандық құрамды» сақтап келеді. Компания ірі өндіріс орны ретінде өзге отандық өндірушілердің өсіп, өркендеуіне мән беріп, солардың өнімдерін тұтынуға тырысады. Бұл – ел экономикасын өркендетудің басты саясаты. Шетелден тасымалданатын өнімді өзімізде өндіріп, олардан тәжірибе алып, техника алмасып, ескіні жаңамен ауыстыруға, инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік туғызатын бұл көрменің қай жақтың өндіріс, кәсіпорны үшін де берері көп. Мысалы, осы көрмеге қатысушы «СилуминВосток» инжинирингтік компаниясы кезінде шетелдік компаниямен бірлесіп құрылған болатын. Қазір енді олар шеттен әкелетін тауарды өзімізде шығарып жатыр. Қазіргі күні бай кен орындары азайып барады, жаңадан ашылып, табылып жатқан кен орындарындағы кен құрамында басқа қосымша заттар көп, оны қорытудың өзі өте қиын. Біздің кәсіпорынның да кен қорын сақтап, көбейтуге арналған «Жол картасы» бар. 2030 жылға дейінгі кен қоры, кен байытудың жобасы алдын ала дайындалған, – дейді компания басшысы.
Екі күнге созылған халықаралық көрме аясында компаниялар өкілдері шетелдік және отандық кәсіпорындардың шығарып отырған өнімдері мен технологиялары туралы семинар-тұсаукесерлерге қатысып, облыс орталығындағы «Қазцинк» ЖШС, «Востокцветмет» ӨБ, «Титан-магний комбинаты» АҚ, «Белоусовка кен байыту комбинаты» ЖШС-лерінде болып, өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Өскемендегі «ВНИИ-цветмет» ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған «Инновациялық технологиялар негізінде тау-кен металлургиялық кәсіпорындарының техникалық деңгейін арттыру» тақырыбындағы конференцияға қатысып, институт инженерлері мен ғалымдарының осы саладағы соңғы жетістіктерін өндіріске енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.