Қоғам

Инновациялық гранттың игілігі мол

Инновациялық гранттың игілігі мол


Соңғы кездері елімізде индустриялық-инновациялық қызметті дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Биылдан бастап инновациялық гранттарды берудің жаңа ережелері енгізіліп отырғаны да белгілі. Олай болса инновациялық гранттарды алу үшін өтінімдерді қалай сауатты беруге болады? Өскемендегі «Алтай» технопаркінде Инвестиция және даму министрлігінің қолдауымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ инновациялық жобаларды қолдау мәселесі бойынша арнайы семинар¬-кеңес өткізді.

Семинар-кеңеске өнертапқыштар, рационализаторлар, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары және министрлікке қарасты бөлімдер мен инновациялық бағыттағы кәсіпорындардың басшылары қатысты. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мүсәпірбековтің айтуынша, соңғы кездері аймақта инновациялық кәсіпорындардың қатарының артып келе жатқаны байқалады. Қазіргі таңда аймақта барлығы 240 инновациялық кәсіпорын бар, яғни, соңғы бес жылда олардың қатары төрт есеге артқан. Инновациялық белсенділігі жағынан облыс кәсіпорындары еліміз бойынша Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі үшінші орында. Жалпы алғанда, облысымыз ғылыми-техникалық әлеуетінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Мұнымен қатар, мемлекет қолдауы да маңызды.

Жиында Еуропалық Одақтың «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының сарапшысы Дамир Егізбаев сөз алды.

– Еуропалық Одақтың «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасы негізінен Маңғыстау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Негізінен төрт бағытта жұмыс істейміз. Оның бірі – инновациялық гранттар беру мәселесі, – деген Дамир Алтынбекұлы биыл Қазақстанда инновациялық гранттар беру туралы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ және Бүкіләлемдік банктің арнайы жобалары бар екенін жеткізді.

Бұдан кейін «Ғылым қоры» АҚ өкілі Абылай Ахымбеков жиналғандарға технологияларды коммерцияландыруға арналған инновациялық гранттарды алудың жолдарын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, аталған қордың гранттары негізінен химия, мұнай-химия, металлургия, машина жасау, құрылыс, азық-түлік өнеркәсібі сынды салалардағы үздік жобаларға берілетін көрінеді. Сондай-ақ, семинар-кеңесте «Алтай технопаркі» ЖШС директоры Думан Тастанбеков те сөз алып, жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар жайын баяндады. Сонымен қатар, семинар-кеңес аясында алты жобаның тұсауы кесіліп, жұртшылық назарына ұсынылды. Алдағы уақытта үздік жоба жеңімпазы марапатталып, 500 мың теңгеге ие болмақ.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button