Экономика

Инновациялық белсенділік бойынша көш басындамыз

Инновациялық белсенділік бойынша көш басындамыз
Инновациялық белсенділік деңгейі бойынша облыс елімізде көш бастап тұр. Өткен жылғы қортынды бойынша көрсеткіш 15,1 пайызды (еліміз бойынша 9,6 пайыз) құрап отыр.Өңірдегі инновациялық өнім көлемі өткен жылы 80,5 млрд. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 1,5 есе өскен.
Бұл жөнінде кеше облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен инновациялар және жаңа технологиялар кеңесінің кезекті отырысында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков мәлімдеді. Өңірдің инновациялық дамуының өткен жылғы қортындысына арналған кеңеске «Парасат» Ұлттық ғылыми-техникалық холдингі» АҚ , «Қазақстан индустриялық даму институты» АҚ, «БРК Лизинг» АҚ сынды еліміздің инновация саласындағы жетекші кәсіпорындарының басшылары шақырылды. Сондай-ақ, облыстың инновациялық белсенді кәсіпорындарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, инновациялық жобалар авторлары қатысты.
Кеңес барысында өңірдің инновациялық дамуының өткен жылғы көрсеткіштерімен таныстырған кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков аймақта өндірілген және жүзеге асырылған инновациялық өнімдердің тең жартысы экспортталғандығын атап өтті.
– Облыста 142 ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструктивті бөлімше бар. Өткен жылы аталмыш салаға 6,9 млрд.теңге қаржы жұмсалды.Еліміздегі шетелдік инвестициясының жалпы көлемінің 88 пайызы (1,1 млрд.теңге) біздің облысқа тиесілі,-деді басқарма басшысы.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша Д Серікбаев атындағы ШҚМТУ мүлде жаңа сипаттағы, технологиялық серпіліс әкелетін жобларды жүзеге асыруды қолға алып отыр. Кеңес барысында университеттің ғылым және инновация жөніндегі проректоры Олег Гавриленко жергілікті өндірістің өрісін кеңейтуге бағытталған жобалардың «ҮМЗ», «ТМК» және «Казцинк» сынды кәсіпорындардың базасында жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Олардың қатарында қорғасын мен мырыш өңдеу технологиясын жаңғырту, «Гидрополимет» қондырғысы арқылы ауаға шығатын өндірістік қалдық мөлшерін азайту, магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасау, титан металын мұнай-газ саласына кіріктіру, титаннан имплантанттар дайындау, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеу жобалары бар.
Алайда, аймақ басшысы Даниал Ахметов университет ғалымдарының сүйемелдеуімен қолға алынып, қыруар қаржы бөлінген жобалардың іске асырылу барысына көңілі толмайтындығын жеткізді.
-Осы саладаға ең үлкен мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізгенімізбен, жұмыс ақсап тұр. Мемлекеттік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарамадыңыздар. Қаржыны тиімсіз пайдалануға жол берілген. Жүктелген міндет пен тапсырмалар орындалмай жатыр. Тамыз айында әрбір жұмсалаған қаржы жөнінде есеп беруге дайындалыңыздар,-деп облыс басшысы университет проректорына ескерту жасады. Даниал Ахметов өңірдегі ауқымды жобалар инвестиция мен мемлекет қаржысына жүзеге асырылып жатқанымен, инновациялық жобаларды, соның ішінде «Цифрлык Қазақстан» бағдарламасына қатыстысын облыс жергілікті бюджеттен қаржыландыруға дайын екендігін жеткізді.
-Аталмыш бағдарлама аясында таяу уақытты өңірдің мектептеріне 277 ІТ бағдарлау кабинеттері жабдықталатын болады. Осыған орай тамыздың соңында облыста ІТ форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні өңірде цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Сондықтан қай саланы болмасын цифрландыруға арналған тиімді жобаларды талқылауға дайынбыз,-деді облыс басшысы.
Кеңеске шақырылған инновация саласындағы жетекші кәсіпорындар өз жобаларын таныстырып, олардың бірқатарын облыс басшысы назарға алуды тапсырды. Сондай-ақ, қатысушылар жүзеге асып, өндіріске кіріктірілген жобалар жөніндегі көрмені тамашалауға мүмкіндік алды.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button