Қоғам

«Инновация-2014» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Инновация-2014» байқауының жеңімпаздары анықталды

Тұңғыш Президент күніне орай Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Астана – Елбасының ерлігі» атты көрме өтті.
«Сегіз қырлы, бір сырлы Елбасы» онкүндігі аясында өткен көрмеге аталмыш оқу орнының сәулет-құрылыс факультетінің студенттері қатысып, өз туындыларын көрсетті. Мұнда Астана мен Өскемен қаласының ең көрікті деген 12 архитектуралық жобасы ұсынылған. Атап айтсақ, көрмеге келуші көрермендер елордада орналасқан Ақорда, «Астана Опера» мемлекеттік театр және балет сарайы сынды сәулет туындылармен қатар қаламыздағы облыстық мешіт, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі сияқты құрылыс макеттерін тамашалап қайтты. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің проректоры Жақсыгелді Нәзбиевтің айтуынша, жыл сайын ең үздік инновациялық үш жобаға 4,5 миллион теңге бөлініп отырады.
– Көрмеге қойылған нысандарды арнайы жас сәулетшілерге жасатып, олардың арасынан бірнешеуін іріктеп алдық. Себебі, олар эскизін жасаған қаламыздағы ғимараттардың ашылуына Елбасының өзі арнайы келген болатын, – дейді Жақсыгелді Нәзбиев.
Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, үздік оқитын бірқатар студенттерге Елбасының, сондай-ақ, басқа да атаулы шәкіртақы сертификаттары табыс етілді. Сонымен қатар, жуырда ғана өткен ауқымды байқау «Инновация-2014» сайысының жеңімпаздарына жүлделер тапсырылды. Атап айтсақ, Шоқан Уәлиханов атындағы шәкіртақыны «Экономика және менеджмент» факультетінің студенті К.Малғажинова, Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың шәкіртақысы «Машина жасау және көлік» факультетінің студенті С.Ертайға берілді. Сонымен қатар, әл-машани атындағы шәкіртақыны Ә.Ақпанова алса, О.Байқоңыров атындағы шәкіртақыны «Тау-кен металлургиялық факультетінің студенті З.Амангелдинова иеленді.
Бұл көрмеде ұсынылған әрбір ғимарат макетінің көшірмелерін жасаған студенттердің еңбегіне көпшілік оң баға берді.
– «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының көшірмесін жасауға жеті адам қатыстық. Он күн уақытымыз кетті. Мүсін толықтай пластик материалдан әзірленген. Әрине, бір-біріне бекіту үшін желімді қолданып отырдық, – деді университеттің сәулет-құрылыс факультетінің студенті Жалғас Нұрмашев.
Көрменің соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Университет студенттері ұлттық би билесе, әншілер құлақ құрышын қандырар әсем ән салды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button