Қоғам

Инфрақұрылымға қомақты инвестиция тартылады

Инфрақұрылымға қомақты инвестиция тартылады

Алдағы үш жылдың көлемінде Зырян қаласының инженерлік инфрақұрылымы адам танымастай өзгереді. Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ бұл істі Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландыратынын айтады.

Еуропалық қаржы алпауыты бұл іске үш миллиард теңгеден астам инвестиция құюы мүмкін. Осы қаржы есебінен Зырян қаласының сумен қамту жүйесі жаңаланып, жылу қазандықтарының мәселесі біржола шешілмек. Бұдан бөлек концессиялық жоба аясында аудандық қазандықта турбиналық бөлімше салу көзделген. Қос турбиналы генератордың арқасында күніне алты МВт элетр қуаты өндіріліп, жылу беру қуаты 128 гигакаллориядан 140,2 гигакаллорияға артады. Осының бәріне 1,4 млрд. теңгеден астам қаражат керек. Концессиялық жобаны «Перспективная технология» ЖШС қолға алмақшы.
Осы салада өмір бойы жұмыс істеген, белгілі сарапшы Виктор Недовесов аталмыш жоба ең әуелі «Жасыл экономика» қағидаттарына сай ойластырылғанын айтады.

-Бұған дейін біз қазандықтың қысымын арттыру үшін көп энергияны босқа шығындайтынбыз. Жаңа бөлімшені салу арқылы жыл сайын мың тонна көмірді үнемдеп қалуға болады. Бұған дейін қазандық арқылы электр өндіру басы артық шаруа сияқты болатын. Енді күніне 6 МВт энергия өндірмекпіз. Бұрын Ертістің ағынына сеніп, көмірдің молдығын алға тартып, талай тиімді жобаларды бесігінде тұншықтырып келдік. Қазір соларды қайта тірілте бастадық. Солай болуы керек, – дейді ардагер энергетик.
Аталмыш қазандықтың №5 агрегатындағы құрылыс жұмыстарын аяқтауға облыс бюджетінен 179,4 млн. теңге бөлінбек. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ аудандық қазандық Концессия туралы заңға сәйкес жауапты мердігердің пайдалануына өтетінін айтып, оған жалғанған барлық жылу желісі де кинцессионердің қарамағына берілу керектігін ескертті.
Облыс басшысы шаһардағы құрылыс және транспорт колледжіне де бас сұқты. Жылына 88 түлек шығаратын білім ошағының директоры Светлана Маслова шәкірттерінің 82 пайызы бірден жұмысқа ілігетінін айтады. Колледжде сырттай және іштей негізде 632 шәкірт білім алуда. Олардың 39 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Аймақ басшысы мұндай маңызды мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көбірек бөліну керектігін айтып, білім басқармасына тиісті тапсырма берілетінін жеткізді. Білім ошағы құрылыс пен көлік қатынасынан бөлек менеджмент жүйесін де меңгертуді жолға қойыпты.

1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аудандық орталық аурухананың жағдайы да әкім назарынан тыс қалмады. Өйткені, бүгінгі таңда облыстағы барлық медициналық нысандардың қажет қондырғылармен жабдықталу деңгейі зерделеніп жатыр. Барлық аудандардан келіп түскен ақпарат негізінде тізім жасалып, жаңа қондырғылар сатып алуға қаржы іздестірілуі тиіс. Бір қызығы, осы Зырян ауданы облыстық денсаулық басқармасына өздеріндегі қондырғылардың жағдайы жөнінде ақпарат бермеген. Аймақ басшысы ауданның бас дәрігері Дмитрий Фаустовқа мұндай немқұрайлылықтан арылу қажеттігін ескертті.
-Бүкіл облыс бойынша жүріп жатқан шаруадан жалғыз Зырян ауданы тыс қалып отыр. Сұраған ақпаратты дер кезінде беру керек. Медициналық талаптарды ең әуелі дәрігерлер сақтауы тиіс. Көз алдау үшін әрекет етудің қажеті жоқ, – деген аймақ басшысы іші-сырты түгел ескірген ғимарат түгелдей аралап шықты. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізбес бұрын материалдық-техникалық мүмкіндіктерін толықтай тексеру қажеттігі де айтылды.
Аудан үшін стратегиялық жағынан аса маңызды саналатын Зырян-Зубов-Парыгин бағытындағы жолдың асфальт жабынын жаңалау жобасы облыс әкімі тарапынан қолдау тапты. Бар-жоғы 12 шақырымға созылып жатқанымен бұл жол Зырян қаласын теміржол стансасымен, аудандағы жалғыз диірменмен, көмір қоймасымен, тұралап тұрған ескі әуежаймен, сыра және ағаш өңдеу кәсіпорындарымен байланыстырып тұр. Тек бір ғана теміржол стансасынан аудан орталығына күніне 20-25 жолаушы ағылатын көрінеді. Соның барлығы жол азабын көруге мәжбүр. 25 жыл бойы төсіне қайла тимеген жолдың асфальтті тұсынан асфальтсіз жері көп екен. Оны күрделі жөндеуге 200 млн. теңге бөлінетін болды.
Осы жолдың бойындағы Зубов кенті түгел дерлік қар көшкінінің жолында орналасқан деуге болады. Әсіресе, 250 бала білім алып жатқан жергілікті мектеп дәл таудың етегінде тұр. Мектеп ұжымы аймақ басшысына ең әуелі балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдайтындарын жеткізді.
-Зубов кенті сайдың бойына созыла жайғасқан. Сондықтан мектепке жеткенше оқушылар теміржолдан бір, таудың түбінен бір өтеді. Бұдан бөлек екі ортада сыра зауыты бар. 1959 жылы салынған мектеп әбден ескірген. Бізге салса, қауіпсіз жерден жаңа мектеп салынғаны дұрыс, – дейді мұғалімдер.

Тұрғындардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын таудан түскен көшкін мектептің ауласына дейін жетіпті. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген екен. Кеңес дәуірінде білім ошағының осындай қауіпті аймаққа
қалай салынып кеткеніне кент тұрғындарының өздері де аң-таң. Жыл сайын мектепті көшкіннен қорғау үшін 3,5 шақырымдық қауіпті аумаққа шарбақ қалқандар қойылып келеді. Биыл соны бекемдей түсу үшін тағы 30 млн. теңге қажет. Аймақ басшысы қажет қаржы бөлінетінін, ал жаңа мектеп салу мәселесі жан-жақты зерттелетінін атады.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button