Инфрақұрылым тартылған жердің бәрі сатылып кеткен

скемен қаласында қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, көпқабатты үйлер тұрғызылуға дайындалған учаскелердің барлығы жекеменшікке сатылып кеткен. Анығында, ол жерлерді Өскемен қаласын соңғы жылдары басқарған әкімдер сатып жіберген. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде белгілі болды.
Аймақ басшысының орынды наразылығын тудырған бұл тосын жай облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Марина Гагаринаның «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында өңірде цифрландыру бойынша жобалардың іске асуын баяндауы кезінде анықталды.
Мәлім болғандай, Сол жағалауда бой көтеріп жатқан 19-шы тұрғын аудандағы көпқабатты үйлер салуға жоспарланған отыз учаске жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Нақтырақ айтсақ, аталған аудандағы үшінші және төртінші блоктағы жерлер құжат бойынша муниципалдық меншікке жатқанымен, іс жүзінде жеке адамдарға тиесілі болып шыққан. Бұл сорақылық облыс орталығындағы бос жерлерді анықтайтын электронды картаға түсіру жүйесін қолданысқа енгізу кезінде анықталған. Аталған электронды картаның мәліметтер базасында инженерлік және көліктік коммуникациялар желісі, кәсіпкерлікпен айналысуға, сауда ұйымдастыруға арналған жер учаскелері, өнеркәсіптік нысандар, ғимараттар және тағы басқалар белгіленген.
Естеріңізде болса, бұдан бір жыл бұрын аймақ басшысы бұл жаңашылдықтың барлық тұрғындар үшін пайдалы болатындығын айтқан болатын. Себебі осы ауданда үй саламын деген кәсіпкерлер электронды карта арқылы алдын ала инфрақұрылымы тартылған бос жер учаскелері туралы ақпараттарды біле алады.
– Біз мемлекет есебінен толық инфрақұрылымын қамтамасыз етіп отырған жерлер жекеге сатылып кеткен. Біз жобаны қаржыландырамыз, қымбатқа түскен құрылыс жұмыстарын жүргіземіз. Қағаз жүзінде бұл жер учаскелері муниципалдық меншікте тұр, ал бұл аумақтарды әлдекімдер әлдеқашан сатып жіберген, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Бұлай етуге мүлде болмайтындығын, осы аумақтарда инфрақұрылымды дамыту, жалдамалы баспана салу мақсатында құрылыс көлемін арттыру жұмыстары жоспарда тұрғанын нақты ескерткен облыс басшысы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға қысқа мерзім ішінде бұл жерлер кімге және қашан сатылғандығын анықтауды тапсырды.
Сондай-ақ өңірдегі мердігерлер мен жобалаушылар да аймақ басшысының сынына ұшырады.
– Жобалау жұмыстары кімнің мүддесін ескеріп жасалған? – деді облыс әкімі. – Мысалы, 19-шы тұрғын аудандағы № 117 және 118 үйлерді алайық. Мұндағы бір үйдің құрылыс құны, шамамен, 1,5 млрд. теңгені құрайды, ал тиісті инфрақұрылыммен қамтуға тағы бір млрд. теңге кетеді. Сонымен қатар қосымша 1,5 млрд. теңге тік жоспарлауға және абаттандыруға жұмсалады. Сонда мұншалықты қымбат құрылысты қайдан алып отырсыздар?
Белгілі болғандай, құрылыс алаңының тік жоспарлауы құрылыстың дайындық кезеңінің құрамына кіреді екен. Барлық қағидаларға сәйкес тік жоспарлау мен абаттандыру құрылыс құнының он пайызынан аспауы тиіс. Ал оның үйдің бағасымен бірдей болуы ақылға қонбайды.
– Бұл баспаналар қаржылық жағынан тиімсіз болғаны аздай, тұрғындар үшін де айтарлықтай қолайсыздықтар тудырары анық. Мәселен, үй он метрлік шұңқырда орналасқан. Қыста шұңқырды қар басады, ал оны кім тазалап тұрады. Жобаны жергілікті бедерге есептеп барып жасау керек болған. Атқарылған шаруаға ешқандай көңіл толмайды. Бюджет қаржысын бұлай ысырап етуге жол берілмейді, – деген облыс әкімі сәйкесінше бұл баспаналардың шаршы метрінің құнын және тік жоспарлау мен инфрақұрылым тартуға кететін шығынды анықтау үшін құрамына жобалау институттарының мамандары кіретін комиссия құруды тапсырды.
– Әлемде таудың үстіне салынған жүздеген қала бар. Бірақ дәл Өскемендегідей таудағы жабайы құрылыс жұмыстары ешқайда жүргізілмейді. Орын алған кемшіліктерге байланысты алдағы уақытта нақты сараптау мен есеп күтетін боламын, – деді Даниал Ахметов.
Дәурен Аллабергенұлы