Қоғам

Индустриялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетіледі

Индустриялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетіледі

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес Жиын барысында 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының Курчатов қаласы мен Шемонайха ауданында іске асырылуы және өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті әрі қарай дамыту мәселелері талқыға салынды.
Алғашқы мәселеге қатысты Курчатов қаласының әкімі Нұрбол Нұрғалиев пен Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров баяндамалар жасады.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жобалар Курчатов қаласындағы «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамы базасында іске асырылыпты. Индустрияландыру картасына көбікті полиэтилен шығару жобасы енген. Бұл жобаға «Казфоам» және «МұнайГазИзоляция» серіктестіктері қатысқан. «Казфоам» ЖШС 2009 жылы Ядролық технологиялар паркі базасында құрылған, «Экозилон» және «Пенолон» сауда маркалары бар полиэтилен шығарады. Қазір кәсіпорын өз қуатының 15 пайызына ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ 30 тонна өнімге келісім жасалып, осы жылдың шілдесінен бастап өндіріс орны өз шығындарын ақтап, пайда таба бастаған.
Мұндағы негізгі мәселе бағасы арзан ресейлік өнімдермен бәсекелесудің қиындығында болып тұр. Ресей рублі құнсызданған тұста сол жақтың арзан өнімі тіптен қаптап кеткен көрінеді. Тағы бір проблема – аталмыш өнімдерге деген отандық тұтынушылардың қызығушылығы, сұранысы жоққа тән. Бүгінгі таңда кәсіпорын басшылығы өнімдеріне нарық іздеу үстінде.
Келесі кәсіпорын «МұнайГазИзоляция» серіктестігі мұнай құбырларына және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қажет жылу өткізбейтін ленталар өндіреді. Өкінішке қарай, аталмыш кәсіпорын биыл тендерге қатысып, тапсырысқа қол жеткізе алмай қалған. Сол себепті де осы жылы өнім де шығармапты. Бұл ретте де мәселе сұраныстың жоқтығында болып отыр.
– Қандай да болмасын жобаны қолға алмас бұрын, оның мақсатын, дайын өнімнің көлемін және өткізілетін орнын анықтап алу керек емес пе?! Ешкімге қажетсіз, сұранысы аз, бәсекеге қабілетсіз өнімдер шығара отырып, белгілі бір пайда табу қиын. Ендігі міндет – өнім өткізетін жаңа нарық іздеу, өнімнің түрін көбейту. Бұдан басқа амал жоқ. Осы ретте облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетін болады, – деді аймақ басшысы.
Шағын шаһарларды дамыту жоспарына сәйкес Курчатов қаласында кальций гидроксидін, яғни, әктас шығаратын өндіріс орны құрылмақшы. «Казхимтехснаб» ЖШС ұсынып отырған бұл жоба келер жылы іске асырылып, 160 адамға жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Өңірлік Индустрияландыру картасына енген аталмыш зауытқа жергілікті әкімдік жер телімін бөліп отыр. Кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға жуық әк шығаратын болады. Жобаға қажет қаржыны – бір миллиард 665 миллион теңгенің жартысын «Бәйтерек» қоры беруге келісіп отыр.
Сондай-ақ, «Нұрлы жол» жобасы аясында 2016-2017 жылдары Курчатовта шина мен резеңке бұйымдар шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Ол жобаның сомасы 200 миллион АҚШ доллары шамасында, іске асыруға қытайлық инвесторлар тартылмақ.
Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаровтың айтуынша, өңірде үш индустриялық-инновациялық жоба іске асырылған. Оның екеуі күнбағыс майын шығаратын зауыт болса, енді бірі құрама жем өндіретін цех екен.
Бүгінде Ертіс химия-металлургиялық зауыты жұмысын бастап кеткен. Сирек металдар зауыты фосфорлы тыңайтқыштар шығаруды жолға қоймақ. «Востокавтопром» ЖШС көліктерге арналған тіркеме шығару зауытын салуды қолға алатын болады. «Табиғат-Өскемен» ЖШС ағаш көмірін шығаруды көздеп отыр. Жеке кәсіпкер Нарымбетов 100 миллион теңгеге құты шығаратын зауыт ашып, 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Дайын өнім көршілес Ресей қалаларына жөнелтіледі.
Баяндамаларды тыңдап шыққан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аталған индустриялық-инновациялық жобаларды әрі қарай іске асыру жөнінде өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Ол сондай-ақ, Қытайдың Үрімші қаласында өткен Шығыс Қазақстан облысы инвестициялық форумының қорытындысы негізінде басқармалар іс-шаралар жоспарын ұсынулары тиіс екенін айтып, міндеттеді. Жалпы, форум барысында Шығыс Қазақстан жобаларына қытайлық тарап зор қызығушылық танытқан екен.
– Қытайлық инвесторлар біздің ұсынып отырған жобаларымызды қаржыландыруға дайын. Бірақ бұл бағытта әлі де болсын жұмыс істеу керек. Шетелдік бизнесмендерге біздің заңдарымызды, бағдарламаларды, мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді түсіндіру қажет. Сонымен қатар, салалық ведомстволармен, министрліктермен жұмысты ширата түскен жөн. Желтоқсан айында облысымызда ауылшаруашылық форумы өтеді, соған дайындықты мықтап қолға алыңыздар, – деді аймақ басшысы.
Екінші мәселе жөнінде баяндаманы өңірлік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығының төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов жасады. Қазіргі кезде аталмыш орталық инвестициялық және концессиялық жобаларға қаражат тарту жұмысымен белсенді айналысуда.
– Білім беру саласында Өскеменде және Семейде бірнеше балабақша салынады, Өскеменде құрылыс жұмыстарымен қытайлық «Глобал Констракшн» (4,1 миллиард теңге), ал Семейде (2,6 миллиард теңге) түркиялық «Каз Азмеко» компаниялары айналыспақ. Денсаулық саласында Өскеменде 300 орындық аурухана, Семейде 200 орындық аурухана салу бойынша жобалардың конкурсы келер жылдың қаңтарында өтеді. Концессиялық жобалар ішінде Күршім көпірі де бар. Ол жобаның техникалық негіздемесі сараптаамадан өтуде. Алдағы жылдың алғашқы тоқсанында конкурс ұйымдастырылмақ. Тағы бір осындай жоба – Өскеменде Ертіс өзені арқылы Виноградов көшесінен Меновное ауылына шығатын көпір салу. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне бір миллион теңге бөлініп отыр, – деді орталық төрағасы.
Бұдан бөлек, Еуропалық даму және қайта құру банкі желісі бойынша Өскемен мен Семейдегі су жүйелерін жаңарту, Семейдің жылумен қамту жүйелерін жөндеу, Өскемен мен Семей көшелеріндегі шамдарды үнемді нұсқаларға ауыстыру жобалары қолға алынып отыр.
Жалпы, алдағы екі жылда іске асырылуы жоспарланып отырған барлық ірілі-ұсақты жобаның құны 230 миллиард теңгені құрамақ.
– Осы жобаларымыздың бизнес үшін қаншалықты тиімді екенін көрсету керек, насихаттау керек. Мәселен, егер кәсіпкер мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында балабақша салатын болса, алғашқы алты жылда өзі құйған қаржысын қайтарып алады. Кейін 15-20 жыл пайда көреді. Мемлекеттен тұрақты түрде кепілді тапсырыс түсіп тұрады. Осы серіктестіктің тиімділігін барлық газет арқылы жарнамалау қажет. Ал концессиялық жобалар жөнінде айтар болсақ, бүгінге дейін елімізде тек бір ғана осындай жоба іске асырылған. Ол – біздің өңірде салынған Шар – Өскемен темір жолы. Бұл жобаның аса тиімді болғаны бүгінде еш дәлелдеуді қажет етпейді, – деді аймақ басшы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button