Индустриялық аймақтар әлі бос тұр
Аты бар да, заты жоқ болып тұрған облыстағы үш бірдей индустриялық аймақтың жұмысы қашан жүреді? Кәсіпкерлер арнайы ашылған аймақтың пайдасын қашан көрмек?
Оңтүстік Қазақстанның үлгісімен басқаруды ұсынып отыр
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жұмысы жүрмей, бос тұрған үш аймақтың белсенділігін арттырып, қызметін жандандыру үшін облыс әкімдігіне «Индустриялық аймақтарды басқару компаниясы» ЖШС құруды ұсынып отыр. Басқарма басшысының орынбасары Ольга Григорьеваның айтуынша, «Ертіс» ӘКК ішінен құру көзделініп отырған басқару компаниясы Оңтүстік Қазақстанда жұмыс істеп жатқан осындай компанияның үлгісінде ашылмақ. Басқарма басшысы орынбасарының өзі оңтүстікте болып, компанияның жұмыс жүйесімен танысып қайтыпты. Шымкенттегі индустриялық аймақтардың барлық мәселесі мен шаруасын осындай басқару компаниясы шұғылданып, шешіп келе жатқан көрінеді. Басқарма сондай-ақ, индустриялық аймақтардан кәсіпкерлерге жер үлескілерін беру рәсімдерін жеңілдету қажеттігіне назар аудартып, аймақтардан жер үлескісін берудің оңды әрі қысқа мерзімде шешілуіне өңірлік үйлестіру кеңесі отырысының хаттамалық шешімі, ұйғарымы арқылы нақты қолдау көрсетуді ұсынып отыр.
-Облыстағы индустриялық аймақтардың жұмысын жандандыруға орай арнайы құрылған жұмыс тобы тәжірибе алмасу ниетімен Оңтүстік Қазақстан облысына барғанда ондағы индустриялық аймақтарды басқару компаниясы мамандарының аймаққа инвесторлар тарту, ашылған жаңа кәсіпорындарға арзандатылған тариф қызметін көрсету, басқа да тиімді қолдаулар көрсету мәселелерімен тиянақты, жүйелі түрде айналысып отырғанын көрдік. Ол компания коммуналдық меншіктегі жер учаскелерін кәсіпкерлерге берудің рәсімдерімен де айналысады. Қазір индустриялық аймақтардан жер бөлу аукцион арқылы шешіліп келеді. Біз жер учаскелерін беруге өңірлік үйлестіру кеңесі арқылы оңды ықпал етуді, жерді кәсіпкерге алдымен бір жылға жалға беріп, кейін нысанның құрылысын салып біткеннен кейін сатуды ұсынып отырмыз,-дейді Ольга Григорьева.
Жер бөлудің шырғалаңы, инвестордың келмеуі, жағдайдың жоқтығымен қоса, индустриялық аймақтардың жұмысын жүргізуге, аймақта орналасқан кәсіпкерлерге, келуші инвесторларға салықтық жеңілдіктер беруге елімізде осындай аймақтар туралы арнайы заңның жоқтығы да кедергі болуда.
– Еліміздегі кәсіпкерлік туралы заңнамамен индустриялық аймақтардың әрекеті, қызметі ішінара ғана реттелген, бұл мәселе де өңірдегі индустриялық аймақтардың жұмысына кедергі келтіріп келеді, қазіргі уақытта «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, бекітіліп жатыр. Бұл заң индустриялық аймақтарға орналасқан кәсіпорындарға шығындарды жабу, жер бөлу, салықтық жеңілдіктер жасау жағынан көмектесуге жақсы мүмкіндіктер туғызады. Біз өз тарапымыздан «КЕГОК» АҚ-мен келісім жүргізіп, аймаққа орналасатын өндірістердің электр энергиясы шығынын төмендету жолдарын қарастырудамыз, – деген «Ертіс» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Антон Крамаренко арнайы заң индустриялық аймақтардың жұмысын жүргізуге қолайлы жағдай туғызатындығын айтты. Жаңа заң қашан шығып, күшіне енетіні әзірше белгісіз.
Жуықта облыс әкімі Даниал Ахметов шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсетіп, шетел өнімдерін отандық өнімдермен алмастыруға, жаңа өндірістердің ашылуына жағдай туғызады делінген өңірдегі үш бірдей индустриялық аймақтардың жұмыс істемей тұрғанын сынға алған болатын. Қазіргі күні Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағы ғана жұмыс істеп тұр. Мұнда үш жоба іске асырылып жатыр. Жаңа кәсіпорындарда 40 жұмыс орны құрылған. Биыл бұл аймақта 60 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, одан бюджетке 10 млн. теңгенің салықтық төлемі түскен.
«Өндіріс» аймағында жұмыс істеп тұрған «Биовторполимер» шағын кәсіпорыны медициналық құрал-жабдықтарды, қалдықтарды жоюмен айналысып жатса, «Игеру ШҚ» ЖШС нің зауыты пойыз вагондарының тежегіш табандарын шығаруда. 300 млн. теңге инвестицияға салынған жаңа зауыттың өнімдеріне сәйкестік сертификатын алу рәсімдері жүргізілуде. Өндірісте жұмыс істеп тұрған үшінші кәсіпорын -«Farrachety & Company» зауыты пенобетон өнімдерін өндіруде.
Алдағы уақытта «Өндірістен» «AGRO PORTAL» ЖШС-нің ет өңдеу комбинатын, «Игеру» ШҚ ның автокөлік дөңгелектерін жою және алғашқы өңдеуден өткізу зауытын ашу жоспарланыпты. Индустриялық аймақтан кәсіпкерлерге жерді Семей қаласының жер қатынастары бөлімі бөліп келеді.
«Өркен» қашан өркендейді?
Өскемендегі Машиностроитель көшесінде орналасқан екінші және «Өркен КШТ» деген атауды алған үшінші индустриялық аймақтар мүлде жұмыс істемей, бос тұр. Осыдан тура төрт жыл бұрын энергетика және ТҮКШ басқармасынан «Ертіс» ӘКК балансына берілген Машиностроитель көшесіндегі индустриялық аймақтың инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін 36,5 млн. теңгенің сметалық есебі жасалынып отыр. Бұған дейін аймақта автокөлік жолы, су сорғысы стансасы, электр желілері салынғанымен, бұл инфрақұрылым нысандарының кейбір бөліктері іске қосылмай жатып істен шыққан.
Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Антон Крамаренко 2013 жылы «Машиностроитель» индустриялық аймағының инфрақұрылымы «Ертіс» ӘКК-на тоз-тозы шыққан қанағаттанғысыз жағдайда берілгендігін айтады. Аймақта сумен қамту жүйесі іске қосылмаған, кәріз құдықтары бітеліп, қақпақтарсыз қалған, электр жәшіктері тоналып, су сорғылары істен шығып, жүргізілген инфрақұрылымның жарым-жартысы ғана қалған. Қазіргі күні әлеуметтік корпорация аймақтың инфрақұрылымдарын қамтамасыз ететін жаңа трансформатор подстанциясын орнатып жатыр. Кәсіпкерлік корпорациясы индустриялық аймақты қыркүйек айында толық қалпына келтірмек ойда.
Қазір бұл аймаққа «КТЖ Экспресс» АҚ-ның көлік логистикалық орталығы жобасын және «Universal Logistics” ЖШС-нің қойма логистикалық нысанын салып, орналастыру бойынша жоба иелерімен келісімдер жүргізіліп жатыр.
Ал «Өркен» индустриялық аймағынан жаңа өндіріс орындарын ашуға әзірге ешқандай мүмкіндік жоқ. Отандық, шетелдік инвесторларды тартып, қызықтыра қоятындай жағдайға жету үшін аймаққа баратын автокөлік жолын салу керек, аймақтың ішінде де жол жоқ. Орталық су желісінен су жеткізетін су құбыры желілерін тартып әкелу керек. 1,5 шақырымдық теміржол тұйығының құрылысын жүргізу қажет. Жаңа кәсіпорындардың жұмысына қажетті басты инфрақұрылымның бірі өндірістік кәріз жүйесі де жоқ. Олар қашан салынбақ? «Өркеннің» жұмысы осы инфрақұрылымдар жобаланып, атқарылып біткен соң барып басталмақ. Бір белгілісі: «Өркен» индустриялық аймағына апаратын және оның ішкі жолдарын салуға 700 млн. теңгедей қаржы кетеді.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновацииялық даму басқармасымен жол құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалынған. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы «Өркенге» тартылатын қосымша инфрақұрылымдар құрылысының да техникалық-экономикалық негіздемесін даярлап бітіп, жобалау-сметалық құжаттарын жасауға бюджеттік тапсырыс берген көрінеді.
Тоқетері, бірнеше жыл бойы бос тұрған индустриялық аймақтарды өндіріске қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, салықтық жеңілдіктер беру тетігін тауып, тарифтік шығындарды азайтудың амалдарын жасап, жер учаскелерін бөлу рәсімдерін қысқартып қана толтыруға болады. Осы төрт мәселе төңірегіндегі басты жағдайлар туғызылғанда ғана инвесторлар индустриялық аймаққа ағылмақ.
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын облыста шағын кәсіпорындар өндірісіне қажетті дайын инфрақұрылымдар құрып, жеңілдіктер жасау арқылы қолдау көрсетіп, бәсекеге қабілетті өнімдер шығаратын жаңа өндірістерді көбейту мақсатында үш индустриялық аймақ құрылған болатын. Өскемендегі «Өркен-КШТ» индустриялық аймағы, Машиностроитель көшесіндегі индустриялық аймақ және Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағы. Облыс орталығындағы екі индустриялық аймақ 33-26 га жерді, Семейдегі «Өндіріс» аймағы 92 га жерді алып жатыр.
Жанаргүл Мұқатай