Индустриялық аймақтар игеріле бастады

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің бюросында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтсақ, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында Индустриялық аймақтарды дамыту, дәрігерлер тапшылығын жою және инклюзивті білім беру жүйесін енгізу мәселелері талқыға салынды.Жиынға мемлекеттік орган өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары мен партияның облыстық филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.
Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов есеп берді. Облыс әкімі Индустриялық аймақтарды жобалармен толықтыру туралы тапсырма берген болатын, жиында сол тапсырманың орындалу барысы айтылды. Қазіргі кезде облыста үш Индустриялық аймақ бар. Оның екеуі – Өскеменде («Өркен-КШТ», «Машиностроитель»), біреуі – Семейде («Өндіріс»). «Өндірісте» үш жоба жұмыс істеп тұр – «Биовторполимер» ЖШС қатты қалдықтарды шикізат етіп қайта өңдеу, «Фаррахов» ЖК көбікті бетон шығару, «КХ «Игеру» вагондарға арналған тежегіштер жасаумен шұғылдануда. Алда тағы үш жоба жоспарланып отыр. Атап айтсақ, «Игеру» кәсіпорнының көлік шиналарын өңдейтін, «Нұғыманов» ЖК-нің құрылыс материалдарын шығаратын, «Агро портал» ЖШС ет өнімдерін шығаратын зауыттары салынбақ.
Машиностроитель көшесінде орналасқан индустриялық аймақта «Альянсфарм» ЖШС дәрі-дәрмек шығаратын өндіріс құрмақ ниетте.
– Осы жобалар іске асқанда екі аумақтың жобалармен қамтылуы 100 пайызға жетеді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Тек «Өркен-КШТ» аумағындағы жағдай мәз емес. Мұндағы негізгі мәселе – инфрақұрылымның жоқтығы. Бұл аймаққа электр тогын жеткізіп, ыстық және суық су құбырларын төсеп, автокөлік және темір жолдарын салу қажет. Қазір осы бағытта жұмыстар атқарылуда.
Дәрігерлер тапшылығын жою, оларды жұмыспен және баспанамен қамту мәселесі туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов есеп берді. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыста 145 маман-дәрігер жетіспейді. Шығыс Қазақстанда бір медициналық университет, екі медициналық колледж бар. Дей тұрғанмен, кадр жетімсіздігі мәселесі сезіледі. Оның басты себебі – жас мамандардың баспанамен қамтылмауы. Атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес, әрине. Мәселен, биыл Өскеменде 36 жас дәрігерге жатақханадан баспана берілген.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова инклюзивті білім беру, білім беру үрдісінде ақпараттық технологияларды қолдану бойынша есеп берді. Баяндамашының айтуынша, мектептерге ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану деңгейі жоғары. Облыстағы 657 мектептің барлығы Интернетке қосылған. 391 мектеп «Күнделік.кз» жүйесіне қосылған, 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Ал ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалған мектептер саны 128-ден 198-ге көбейген, былтырмен салыстырғанда инклюзивті білім берумен қамтылған балалар саны 1617-ден 2718-ге өсіпті. Облыстық білім басқармасының басшылығы осы бағыттағы жұмыстарды ширату үшін қазынадан қаржы қажет деп отыр. Бұл мәселе алдағы мәслихат сессиясында қаралатын болды.
Әнуарбек Мұхтархановсаяси кеңес бюросының отырысын қорытындылай келе, партияластар алдында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру міндетін жүктеді. Күн тәртібіне қойылған барлық мәселелер бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси бюро кеңесінің қаулысы қабылданды.
Ержан Әбіш