Экономика

Индустрияландырудың игілігі

 Шығыс Қазақстанда елдің жетекші кәсіпорындары орналасқан. Бұл өңір әрдайым еліміздің экономикалық және рухани тірегі болып саналады. «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы, «Нұрлы жол» мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламалары Шығыс Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беріп келеді.

Тәуелсіздік жылдары Шығыста көптеген ауқымды өндіріс нысандары іске қосылды. 2009 жылдың маусымында елдің жаңа индустрияландыру дәуірі нақ осы Шығыстан басталған-ды.

Тәуелсіздік жылдарында жаңа инновациялық өндіріс орындары пайда болды, оның ішінде «Казцинк» ЖШС-нің катодты мыс, «Өскемен ТМК» АҚ-ның және «Посук Титаниум» ЖШС-нің титан құймалары мен қорытпаларын шығару бойынша зауыттары бар. Жылына 100 мың тонна катодты мыс өндіретін әлемдегі ең ірі Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы аяқталды.

Автомобиль құрастыру саласы Шығыс Қазақстан экономикасына тың серпін беруде. Өңірде жеңіл автокөліктерді – «Азия Авто», жолаушы автобустарын – «Daewoo Bus Kazakhstan», тракторлар мен жүк көліктерін – «СемАЗ» зауыттары құрастырады. Қуаттылығы жылына 120 мың автомобильді құрайтын «АЗИЯ АВТО ҚАЗАҚСТАН» жаңа зауыты салынып жатыр.

Аймақтағы үшінші «Қазақцемент» зауыты іске қосылғаннан кейін Шығыс Қазақстан жылына 4 миллион тоннадан астам цемент шығару қабілетіне ие болды. «Восток-Универсал» ЖШС заманауи минералды мақта бұйымдарын, «Мелисса» ЖШС республикадағы алғашқы OSB-плиталарды шығарады.

Тау-кен өндіру саласында жаңа кеніштер мен карьерлер іске қосылды – «Артемьев», «Малеев», «Юбилей-Снегириха», «Қаражыра», «Секисов», «Сәтпаев» тау-кен байыту кәсіпорындары.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан әлемдік қауымдастыққа мырыш, титан, мыс, қорғасын, магний, алтын, күміс, сирек кездесетін металдар экспорттайды. Ал жылдық жалпы аймақтық өнім 4 триллион теңгеден асты.

Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық ғалымдары жуырда ғана ТОКАМАК термоядролық зерттеу қондырғысының құрылысын аяқтады.

Шығыс сүт, ет өндіру бойынша елімізде дәстүрлі түрде алдыңғы орындарды иеленеді. «Бобровка+» ЖШС-де және Зәйтеновтің шаруа қожалығында елімізде тұңғыш рет «Робот» сиыр сауу жүйесі іске қосылды. «Шығыс-сүт» корпорациясы, «Эмиль» кәсіпорны сүт өнімдерінің 50 түрін шығарады.

Спорт саласында соңғы жылдары Жекпе-жек сарайы, Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетикалық манеж, орталық жабық жүзу бассейні, мұз модульдері салынған болатын. Бүгінде Өскеменді қазақстандық хоккейдің отаны деген атағын одан әрі асқақтату жолында да көптеген істер атқарылуда.

Егемендік жылдарында Өскемен мен Шар арасында шойын жол төселіп, Шығыстан шыққан пойыздар еліміздің өзге өңірлеріне тікелей, Ресей аумағынан өтпей қатынай бастады. Өскемен – Нұр-Сұлтан, Өскемен – Алматы, Омбы – Майқапшағай бағытындағы күре автожолдар толықтай қайтадан салынып жатыр деуге болады. Сонымен қатар Зайсан өңірінен табылған табиғи газдың үлкен қоры халық игілігіне жұмсала бастады.

Туризм саласына ойысар болсақ, соңғы он жылдың ішінде шипалы Алакөлдің жағасында тұтастай бір демалыс аумағы бой көтерді. Былтыр көл жағалауында 750 мыңдай адам демалса, келер жылы туристер саны бір миллионға жетеді деп күтілуде.

Тәуелсіздік жылдарында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алды. Осы ретте Семейдің іргесіндегі Қарағайлы және Өскеменнің шетіндегі №19 ықшам аудандарды атап өткен орынды. Өңірдегі қос шаһардың маңынан жаңа бір қала салынып шықты дерсіз. Осы ретте облыс орталығының жанынан орын тепкен қандастарымызға арналған Шығыс ауылын да атап өткен абзал. Ал Семейдегі жапон сәулетшілерінің көмегімен салынған аспалы көпір шаһардың қайталанбас брендіне айналды.

Азаттық жылдарында бой көтерген білім нысандары – жүздеген балабақшалар мен мектептер, интернаттар, дәрігерлік бекеттер мен емханалар, мәдениет ошақтары, рухани орындар көпшілік игілігіне айналды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменде еліміздегі тұңғыш Достық үйін ашқан болатын. Ал бүгінгі күні өңірде қоғамдық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту жолында 15 Достық үйі, 122 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Достық идеялары бірегей этноауылда белсенді насихатталады, онда елімізде алғашқы рет өңірде тұратын 17 этностың классикалық үй-жайы салынған. Мұның бәрі 100-ден астам ұлт пен ұлыс достық пен келісімде тұрып жатқан Шығыс Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button