Қоғам

Индустрияландыру картасының жобалары талапқа сай ма?

Индустрияландыру картасының жобалары талапқа сай ма?


Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кезекті кеңейтілген аппараттық кеңесте Индустрияландыру картасын іске асыру, мал ауруларының алдын алу, күзгі жиын-терінге әзірлік барысы қаралып, ауыл-қала көшелеріндегі әлеуметтік жарнамалардың рәсімделу жағдайы талқыланды.

Алғашқы мәселе – Индустриаландыру картасы мен Кәсіпкерлікті қолдау картасының орындалуы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов баяндады. Аталмыш қос картаға 18 мыңдай тұрақты жұмыс орнын құруды көздейтін 967 миллиард теңгенің 79 инвестициялық жобасы енгізілген-ді. 2010 және 2017 жылдар аралығында 43 жоба нақты іске асып, 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты.

– Осы 43 жобаның қазіргі кезде 33-і толық қуатына жеткен, 6 жобаның қуаттылығы 80 пайыздық межеде. Қалған 4 жоба жоспарлы қуатына келер жылы жетуі тиіс, – деп есеп берді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Биыл 9 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Оның біреуі – «Нұр» шаруа қожалығының шағын ет комбинаты алғашқы жартыжылдықты жүзеге асырылған.
Өкінішке қарай, Индустрияландыру картасынан жекелеген жобалар міндеттемелердің орындалмауы себепті алынып тасталған. Мәселен, «Семей азық-түлік комбинаты» ЖШС-нің макарон фабрикасы, «Тасқара» ЖШС-нің алтын игеру фабрикасы, «Теньши» ЖШС-нің әктас өндірісі, «Зайсан» ЖШС-нің бетонитті саз өндіру зауыты және тағы басқалар.

Есесіне, Картаға бірқатар жаңға жобалар енгізіліп отыр. Айталық, «Лун Син» ЖШС-нің Бесқарағай ауданындағы агроөнеркәсіп кешені, «ЕуроТранзитТерминал» ЖШС-нің «Майқапшағай» және «Бақты» бекеттеріндегі логистикалық орталықтары, «НұрТрейдҚазақстан» кәсіпорнының Аягөз қаласындағы мұнай базасы сынды ауқымды жобалар бар. Алайда, аталмыш жобалардың сапасын облыс әкімі сын тезіне салды.

– Арнайы комиссия құрып, жобаларды егжей-тегжейлі тексеріңіздер, олар менің алдымнан қорғаудан өтсін. Әрбір жобамен жеке танысып, өзіңіз барып көрдіңіз бе?! Әрине, жоқ. Сіз Картаға қосып отарған «Лун Син» компаниясының Бесқарағай ауданында олқылықтармен жұмыс істеп жатқаның белісіз бе? Облыстағы индустриялық аумақтарда не атқарылып жатыр? Сіз жағдайды өз көзіңізбен көруге міндеттісіз. Он күнде осы аумақтарды тексеріп, олардың қызметі туралы есеп беруіңізді талап етемін. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің үлесін арттыру керек, қазіргі көрсеткіш 15 пайыз, оны кем дегенде республикалық 18 пайыздық деңгейге жеткізуіміз қажет, – деп қадап тапсырды облыс әкімі.

Сарып ауруы азайып, шектеу алынды

Мал аруларының алдын алу туралы баяндаған ветеринария басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, соңғы уақытта олар аусыл бойынша буферлік аумақ дәрежесінен арылу мақсатында жұмыс істепті. Өткен жылмен салыстырғанда биыл вирусты аудандар саны 13-тен 4-ке кеміген. Әзірге, Абай, Зайсан, Тарбағатай және Үржар аудандарында ғана ауру ошақтары сақталып отыр. Жұмыс нәтижесінде осы жылдың 25 мамырында Халықаралық эпизоотикалық бюро облыстан аусыл бойынша шектеулерді алып тстады. Бұл мал өнімдерін өзге өңірлерге және шет елдерге сатуға мүмкіндік берді.

Қазіргі кезде ауруды қайта болдырмау мақсатында арнайы топтар құрылып, олар вакцинаның егілуін, малдың тіркелуін, қозғалысын қатаң қадағалауға алған. Алдын алу жұмыстары үшін биыл жергілікті бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаржы бөлініпті.

– Алғашқы жартыжылдықта жоспар 7,9 миллион вакцина егу болатын, алайда, біз 5,5 миллион вакцина егіп, жоспарды 108 пайызға орындадық, – деді басқарма басшысы.

Ол сондай-ақ, саладағы материалдық-техникалық мәселелерді алға тартты, мәселен, облыста 114 ветеринар орынжайларды басқа мекемелерден жалдап отырған көрінеді. Талап бойынша, олар жеке ғимаратта орналасуы тиіс.

– Жалпы, басқарма қызметіне оң баға беруге болады. Дей тұрғанмен, мал дәрігерлері тарапынан өз міндеттерін толық орындамау деректері бар. Мәселен, ветеринарлар округ әкімдерімен бірлесе отырып, қабылдау бекеттеріне сүт тапсыратын сиырларды тексерулері тиіс. Ал орынжай мәселесімен өздеріңіз айналысуларыңыз керек, мәселенің бәрін жергілікті әкімдерге ысырып қоюға тағы болмайды. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар, – деп ескертті аймақ басшысы.

Күзгі жиын-терінге қаншалықты дайынбыз?

Күзгі жиын-терін жұмыстары облыста шілденің аяғынан басталып кетті. Өңір диқандары 35 мың гектардан күздік астықты, 1086 мың гектардан жаздық дақылдарды, оның ішінде 569 мың гектардан астықты, 401 мың гектардан майлы дақылдарды, 20,8 мың гектардан картопты, 8,7 мың гектардан көкөністі жинап алулары тиіс. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Молдаханов мәлімет берді. Өткен жылмен салыстырғанда жиын-терін аумағы биыл 22,4 мың гектарға көп.

– Қазіргі кезде шаруалар ерте пісетін арпа, сұлы, бұршақ тұқымдарын орып жатыр. Өнімділік алдын ала болжам бойынша астық бойынша 14,4 ц/га (870 мың тонна), майлы дақылдарда 12,1 ц/га (460 мың тонна) болмақ. Бұл былтырғы шамадан жоғары, – деді сала өкілі.

Облыс шаруашылықтарында және элеваторларында ірілі-ұсақты 84 кептіргіш бар. Комбайндар саны – 3151. Бір комбайнға түсетін орташа жүктелім 350 гектардан аспайды. Бұл жиын-терін жұмыстарын дер кезінде аяқтауға толық мүмкіндік береді. Бұл ретте атап өтерлігі, комбайндардың 870-і – заманауи үлгідегі шетелдік техникалар. Олардың өнімділігі екі есеге дейін артық. Министрлік тарапынан тоннасы 140,7 мың теңгеден 25 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр. Жалпы, облыс науқанға тас-түйін дайын, деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

– Жанар-жағармай тапшылығы туындамас үшін қазірден қам жасау қажет. Басқарма жұмысына көңілім толмайды. Науқан кезінде басқарма басшысы еңбек демалысында жүр, ал міндетті атқарушы адам жағдайдан хабарсыз. Өкінішке қарай, мекемеден білікті мамандардың көбі кетіп, олардың орнына жас қызметкерлер келді. Жақсы, келсін, бірақ олардың қолынан іс келіп жатса, тіпті, тамаша болар еді, – деді облыс әкімі.

Әлеуметтік жарнаманың мазмұнына мән берген жөн

Жиында облыс қалалары мен аудандарын әлеуметтік жарнамалармен рәсімдеу жағдайы қарасытырылды. Қазіргі кезде облыста 1621 жарнама баннері бар, әлеуметтік-саяси бағыттағы баннерлер 80 пайызды құрайды, қалғандары – коммерциялық жарнама.

– Облыс орталығындағы баннерлер биыл 80 пайызға жаңартылып отыр. Атап айтсақ, «Рухани жаңғыру» бағыты бойынша «Отан неден басталады», «Бақытты ұрпақ», «Ұлттық код», «Мықты адамдар ұлты», «Сүйікті өлке» ұрансөздері жазылған өзгеше үлгідегі баннерлер орнатылды. Екінші ірі қала – Семейде, өкінішке қарай, коммерциялық жарнамасы бар баннерлер басым. 115-і коммерциялық, тек 93-і ғана әлеуметтік бағытта, – деді баяндама жасаған ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ирина Смит.

Баннерлермен қатар, қазіргі кезде жер-жерлерде лэд-экрандар көптеп қойылуда. Қалалармен қатар, олар Зырян, Катонқарағай, Зайсан аудандарында да бар. Аудандар арасында әлеуметтік жарнаманы қаржыландыру бойынша Жарма, Абай және Глубокое аудандары көш бастап келеді. Өскеменде қаржыландыру көлемі былтырғы 17 миллион теңгеден 8 миллион теңгеге кеміген.

– Бұл салаға терең талдау жүргізіңіздер. Өскемен қаласындағы басы артық баннерлерді алып тастау керек. Әсіресе, Тәуелсіздік даңғылы бойында олар тым көп. Жол қозғалысының қауіпсіздігіне нұқсан тигізіп тұр. Өскемен мен Семейге заманауи баннерлер қажет. Қазан айында тексеру нәтижесі бойынша есеп бересіздер. Әлеуметтік жарнаманың облыс бойынша ортақ тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Олардың мазмұны мен көркемделуі, ең бастысы, санаға әсері барша талаптарға сай болуы керек, – деді аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button