Индустрияландыру картасына бірде-бір жоба ұсынбаған аудандар да бар
Бірде-бір инвестициялық жобасы жоқ болғанына қарамастан кәсіпкерлерін оқытып, үйретуге де құлықсыз болып отырған аудан әкімдіктерінің шала-шарпы жұмысын ширататын кез жетті. Кеше облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өткен жылғы жұмыс қорытындысын талқылаған жиында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аудан әкімдіктерінің осы салаға қатысты атқаруға тиісті барлық жұмысын қадағалауға алып, ұйымдастыру мен бақылау шараларын күшейтуді тапсырды.
Басқараманың қорытынды есебі тыңдалған жиынға «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарамасы, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқармаларының басшылары да қатысып, облыстағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, инвестиция тарту мәселелері жөнінде баяндады.
Баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғытов 2012 жылы өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарында 943,2 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, жыл қорытындысы бойынша облыс өндіріс қарқыны жағынан елімізде ең алдыңғы орынға шығып отырғанын жеткізді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 20 пайызға артқан біздің аймақ индустриялдық-инновациялық даму деңгейі жағынан да өзге облыстардан көш ілгері келеді.
Өнеркәсіптік өнімдердің көлемі ұлғайғанымен облыста құрылыс материалдарының бағасы шарықтап барады, өзімізде бар бола тұра өзге жақтан тасымалданатын материалдар да көп. Осыған байланысты облыс Әкімі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыс нысандарын қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге тапсырма берген болатын.
– Құрылыс басқарамасымен бірігіп жүргізген талдау кірпіш, темір-бетон бұйымдары, цемент сияқты негізгі құрылыс материалдарын үнемді пайдаланған жағдайда жергілікті зауыттардың бұл өнімдері бюджеттік нысандарды салуға толық жететінін көрсетіп отыр. Жетпей отырған төбе жабындылары, ағаш материалдары қосымша Қытай мен Ресейден әкелінуде. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшіліктеріне облыстағы құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың тізімі жіберілді, – деді Шәкәрім Бұқтұғытов бұл мәселенің түйіні тарқатылып жатқанын жеткізіп.
Шығыс Қазақстанның экономикасы ең алдымен тау-кен-металлургия кешенінің жұмысына тәуелді. Кен өндіруші «Қазцинк» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ірі кәсіпорындармен жыл сайын өңірдің жер қойнауынан 11 миллион тонна көлемінде полиметалл кендерін өндіріп жатыр. Үздіксіз үңгілеуден көптеген кен, қазба байлықтары орындарының қоры таусылып барады. Оған қоса қазба орындарынан алынып жатқан шикізаттардағы металл құрамы да 1,5 есеге азайып бара жатқаны байқалуда. Аймақтағы пайдалы қазбалар қоры жылдан-жылға азайып бара жатқанымен қоса жер қойнауын пайдаланушылардың да алған міндеттемелерін орындамай жатқандары аз емес. Ең алдымен кәсіпорындардың өздері геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция салу қажет.
– Онымен қоса жер қойнауын пайдаланушылардың нысанды иеленіп алып, қарап отыруына жол бермей, өз міндеттемелерін орындауына басқарма тарапынан қатаң қадағалау жүргізу қажет. Бұл салада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажет. Бастаманы басқарманың өзі көтеруі тиіс, – деді облыс басшысы бұл орайда.
Былтыр жер қойнауын тиісті талаптарға сай пайдаланбағаны үшін 15 нысанның пайдаланушысымен келісімшарт бұзылған. Жер қойнауын пайдалануға бағытталып отырған инвестиция көлемі арта қоймағанымен, аймақта негізгі қорға салынған инвестиция 103,6 пайызға көбейген. Қаржының 59 пайызын кәсіпорындардың өз қаражаты құрап отыр. Алайда, Өскемен, Курчатов қалаларында, Бесқарағай, Зырян аудандарында инвестиция тарту көлемі орындалмаған.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы былтыр Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне 36 жаңа инвестициялық жоба жіберілгенін, бүгінгі күні олардың алтауы индустрияландыру картасына еніп отырғанын айтты. 2012 жылы жүзеге асқан 8 инвестициялық жобаның нәтижесінде облыста 1,5 мың жұмыс орыны ашылған.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүргізіліп жатқанына екі жылдан асса да облыстың Индустрияландыру картасына бірде-бір жобасын ұсынбаған аудандар әлі бар. Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Катонқарағай, Көкпекті аудандары бойынша ешқандай инвестициялық жоба түспеген.
– Бұл орайда басқарма сол жобалардың жасалуына өзі ұйтқы болып, жергілікті жердегі әкімдіктердегі ұйымдастыру, түсіндіру жұмыстарының жүргізілуін қадағалап, оған бақылау жасауы қажет. Экономикадағы негізгі көрсеткіштердің басым бөлігі осы басқарманың жұмысына байланысты қалыптасады. Оқыту, кеңес беру жұмыстары аудан орталықтарында ғана жүргізіліп келеді. Осымен бітті. Тағы да қайталап айтамын: ауылдарға, елді мекендерге бару керек. Нәтиже сонда ғана болады, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ басқарама басшысына.
Мемлекеттен бөлініп жатқан қаржылай көмектер мен қолдаулар ауыл кәсіпкерлеріне, ауыл халқына, бизнеске бейімі бар ортаға жету үшін алдағы уақытта Семей қаласында даму институттарының филиалдары мен өкілдіктерін, сонымен бірге аудан орталықтарында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары мен инвесторларды қолдау және қызмет көрсету орталықтарын құру жоспарланып отыр. Бірақ көмегі тиеді делініп отырған олардың қызметі де жұмысты жүйелі жүргізе алу мәселесіне тікелей байланысты. Осы мәселенің дұрыс шешілмеуінен облыста құрылған индустрияландыру аймақтарының аты бар да, заты жоқ болып қалып отыр. Екі қаланың әкімдіктері оларды дамытудың жайын жайына қалдырғандай.
– Семей мен Өскемендегі индустрияландыру аймақтарын құруға, олардың инфрақұрылымдарын жүргізуге қаншама қаржы кетті. Облыста құрылған металлургия орталығы да жұмыс істеп жатқан жоқ. Оны құруға 1 млрд. 100 млн. теңге жұмсалды. Әлі нәтиже жоқ. Мәселені төтесінен қою керек. «Технопарк» те солай. Орынбасарым Ермек Көшербаевқа тапсырма берілді, бұл жөніндегі мәселені де министрлікпен бірге бір жақты етіп шешу қажет, – деді облыс Әкімі.
Жиынды қорытындылаған облыс Әкімі саладағы басты-басты проблемалардың түйінін шешудің жолдарын қарастыра отырып, өнімді өндіру мен тұтыну қатынасын жетілдіру, аудан, қала әкімдіктерінің көршілес облыстармен байланысын нығайту қажеттігін де баса айтты.
– «Еңбек өнімділігі – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», басқа да бағдарламалардың жұмыс істеуін қадағалап, аудан әкімдіктерінен әрқайсысының нәтижесін талап ету керек. Бір ауданның әкімі жұмыс істеп жатқанда, басқасы неге ұйықтап отырады. Мемлекет миллиардтаған қаржы бөліп жатыр, соларды өз резервтерімізді ашуға жұмсау керек, – деген облыс басшысы өзінің орынбасары Жомарт Мұратовқа бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.