Индустрияландыру картасы жаңа жобалармен толықты
Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Селекторлық кеңесте 2010-2014 жылдар аралығында іске асқан индустриялық жобалардың бүгінгі жай-күйі мен өңірлік индустрияландыру картасына 2015 жылы енуі тиіс жобалардың әлеуеті талқыланды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, бағдарламаның алғашқы бесжылдығына енген 76 бағдарламаны жүзеге асыру үшін 846 млрд. теңгеден астам қаржы құйылған. Оның екеуі жаңа өндіріс ошағы ретінде республикалық Индустрияландыру картасына кірген. Қалған 74 жобаның 64-і облыстық ауқымда жаңа өндіріс орны ретінде тіркелсе, 10-ы қолда бар өндірісті жаңғыртуға бағытталған. Бүгінде бұл жобалардың 46-сы нақты іске асып, 30 пайызы толық қуатына шықса, төрт жоба 50 пайыздық межені еңсере алмай отыр. Тағы екі жоба мүлде тоқырап тұр. Шәкәрім Бұқтұғұтов шаруасы шатқаяқтаған жобалардың тұралау себебіне жеке-жеке тоқталды.
«Игеру» ЖШС ұсынған теміржол құрамына тежеуіш кісендер өндірісінің жобасы барлық кезеңнен сәтті өткенімен, тиісті сертификатқа қол жеткізе алмауы себепті саудаға шыға алмай отыр. Бүгінде өнім қоймаларды толтыруда. Барнаулдан жарамсыз деп қайтарылған қалыптар ескертулерге сәйкес жетілдірілген. Сертификаттау жұмыстары бұл жолы сәтті шешілсе, келешекте теміржол қозғалысына қажет басқа да бөлшектер шығару жоспарланып отыр. Жұмысы тұралаған жобаның екіншісі – «Теньши» ЖШС ұсынған құрылыс әктасын өндіру жобасы. Өніміне сұраныс таба алмай келген кәсіпорынға «Қазақмыс» қаржы құюға ниет танытып отыр. Арадағы келіссөздер ойдағыдай аяқталса, жылдың екінші жартысында өндіріс қарқын алады деп күтілуде.
Ал «Восток-Молоко» ЖШС-нің ультрапастерленген сүт өндіру жобасы шикізат жетіспеушілігінен, Семей қаласындағы күш беретін шоғырсымдар өндіру және жүн-тері өңдеу жобалары, Ұлан ауданындағы полиэтилен құбырлар өндірісінің жобасы тапсырыстың аздығынан өндіріс қуатын 50 пайыздан асыра алмай келеді.
Аймақ басшысы Индустрияландыру картасына енген жобаларға атқарушы органдар тарапынан қажет қолдаудың барлығы көрсетілгенін, инфрақұрылымдық шығындарды жеңілдету бойынша көмек көрсету ұстанымы өзгермейтінін ескерте келе, картаға енбеген, алайда, әлеуеті тартымды кәсіпорындарды назардан тыс қалдырмау керектігін баса айтты. Мәселен, Өскемен арматура зауыты құрылысқа қажет арматураның кез келген түрін өндіретініне қарамастан, жергілікті мердігерлер дайын материалды сырттан тасиды. Облыс әкімі бұл мәселенің мән-жайын анықтауды орынбасары Димитрий Гариковке тапсырды.
-Бұл кәсіпорын арматураның кез келген түрін шығарады. Соған қарамастан облыста өнімдеріне сұраныс аз. Орынбасарым Димитрий Гариковтың қадағалауымен құрылыс басқармасы осы мәселеге талдау жасауы тиіс. Мелекеттік тапсырыс негізінде құрылысқа жегілген мердігер компаниялар қанша арматура пайдаланатыны, оның қаншасы жергілікті өндірушілерден сатып алынатыны анықталсын. Неге дайын арматураны өскемендік зауыттан алмайды деген сұрақтың жауабы да айқындалуы керек, – деді аймақ басшысы.
«Восток котлы» ЖШС-нің құбыр өндіру жобасы жайында да осыны айтуға болады. Тұрғын үй шаруашылығындағы жаңғырту жобаларының қарқынына қарамастан зауыт өніміне сұраныс аз. Кәсіпорынның жұмысы неліктен жүрмей тұрғанын анықтау басқарма басшысы Айтқазы Шерубаевқа жүктелді. Бұл мәселеде Өскеменнен бөлек Семей, Риддер, Зырян қалаларындағы сұраныс әлеуеті де зерделенуі тиіс.
Биыл 13,5 млрд. теңгенің 13 жобасын өңірлік карта аясында жүзеге асыру жоспарланған. Шәкәрім Бұқтұғұтов екінші жартыжылдықта бұл сан екі есеге өсуі мүмкін екенін айтады. Бұл жобалардың басым бөлігі тиісті министрліктердің салалық мақұлдауынан өткен. Ал кепілдік ұсыну мәселесі «Даму» қоры арқылы реттелуде. Ұсынылған жобалардың келешегі мен жүзеге асу мүмкіндігі жөнінде қала және аудан әкімдері баяндады. Бұл жобалардың басым бөлігі өңірлік картаға үйлестіру кеңесі мүшелерінің бірауыздан мақұлдауымен өтсе, бірқатар жобалардың қаржыландыру мүмкіндіктерін зерттеу тапсырылды.
Атап айтқанда, Көкпекті ауданының «Елдар» шаруа қожалығы ұсынған сауын билерінің санын 2019 жылға дейін 875 басқа жеткізу жобасы, Бородулиха ауданының «Зайтенов» шаруа қожалығы ұсынған бес мың бас сиырды «ерікті сауынға» қою жобасы, Ұлан ауданынан «OstFish» ЖШС-нің жылына 45 тонна бекіре етін, төрт тонна уылдырық өндіру жобасы, Катонқарағай ауданынан «Қасенов» шаруа қожалығының жылына 200 тонна бал өнімін арнайы құтылармен сату жобасы, Семей машина құрастыру зауытының жылына 440 «МАЗ» көлігін, мың дана тіркеме шығару жобасы, Семей асбест-цемент бұйымдары зауытының жылына 100 мың текше метр газобетон материалын өндіру жобасы, «Agro Portal» ЖШС-нің ирандық инвесторлардың көмегімен жылына 70 мың тонна ет, жеті мың тоннадан консервіленген ет пен шұжық өндіру жобасы, Зайсан ауданынан «Нұр» шаруа қожалығының жылына 330 тонна жылқы етін өндіру жобасы, Үржар ауданының Ай-Қарауыл кен орнындағы 400 мың тонна катодты мыс қорын игеру жобасы, Шемонайха ауданының автокөлік тіркемелерін шығару жобасы өңірлік картаға бірауыздан лайық деп танылды. Ал Абай ауданындағы Бөрілі кен орнын игеру жобасы өңірлік картадан алынып тасталуы мүмкін. Жоба жетекшісі «Мақсұт» ЖШС мемлекет бюджетінен инфрақұрылым тартуға ақша бөлінгенімен тиісті жұмысты жасамай келеді. Облыс әкімі алдағы уақытта құрғақ уәдеге әуес, нақты іске келгенде бұлтаруға дайын тұратын кәсіпорындарға жер қойнауын пайдалану құқығын бермес бұрын қаржылық мүмкіндігіне көз жеткізіп алуды тапсырды.
-Бұл кен орнынан жақсы нәтиже күткенбіз. Алайда, кәсіпорын басшысы сөзінде тұрмады. Алдағы уақытта кез келген жобаны картаға енгізбес бұрын оның қаржылық мүмкіндігіне көз жеткізіп алу керек. Әсіресе, жер қойнауын пайдалануға рұқсат сұраушылардың жобаға қаржы салғанын көрмейінше, құқық беруге болмайды. Аудан және қала әкімдері де жобаны кеңеске ұсынбас бұрын осы жағын мұқият зерделейтін болсын, – деді облыс басшысы.
Семей қаласында көлік-сауда логистикалық орталығын салу, Аягөз ауданында габбро табиғи тасын өңдеу, Тарбағатай ауданында бентонит топырағын өңдеу жобалары осы тапсырмаға сәйкес толық тексеруден өтетін болды. Бұл жобалар Индустрияландыру картасына енгенімен, инфрақұрылымына қаржы бөлу және жер қойнауын пайдалануға рұқсат беру мәселелері толық зерттеу нәтижесіне сәйкес шешілуі тиіс. Бұл жобалардың мүмкіндігін анықтау басқарма басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовқа жүктелді.
Есімжан Нақтыбайұлы