Экономика

Индустрияландыру картасы ел игілігін арттырады

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бойынша үйлестіру кеңесінің мәжілісі өтіп, онда өңірден Индустрияландыру картасына енгізілетін жаңа инвестициялық жобалар талқыланды.

Индустрияландыру картасы ел игілігін арттырады

Толық қуатқа қосылмаған өндірістер де бар

Аймақ басшысы алдымен облыста бұған дейін қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан, алайда толықтай өндірістік қуатына қосылмаған бірқатар жобаларды нықтылады.

– Индустрияландыру картасына облыстан 29 жоба еніп отыр. Өкініштісі, солардың барлығы да жүз пайыздық өндірістік қуатына қосылып жатқан жоқ. Оған басты себеп не? Осыған орай қандай шаралар қолға алынуда? – деді өңір басшысы.

Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаевтың айтуынша, облыс орталығында жиыны 12 инвестициялық жоба іске асырылып жатса, оның оны – аймақтық, қалған екеуі – республикалық. Бұл жерде жылу сорғыларын жасап шығару өндірісі бойынша «Қазатомөндіріс» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның жобасында түйткілді мәселе бар. Жаңа өндіріс 2010 жылы іске қосылса да, бүгіндері өзінің өндірістік қуатының небәрі жеті пайызына ғана кірген. Техникалық жағынан кәсіпорын тапсырыстарды орындауға дайын болғанымен, жылу сорғыларын орнату бойынша ұсыныстар түспеген.

– Сіздер алдымен тапсырыс берушілерге аталған құрал-жабдықтың жұмыс істейтіндігін дәлелдеп беріңіздер. Аталған мақсатта қанатқақты жоба ретінде жылу сорғысы Прапорщиково ауылындағы орта мектепке орнатылған болатын, – деп атап өтті облыс басшысы.

Белгілі болғанындай, «Машзавод» ЖШС-нің жылу сорғыларының жұмысы бірден оңалып кетпеген. Мектепке орнатылған сорғы ұңғымада туындаған қиындықтардың кесірінен істен шығып қалған. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, жағдай қалыпқа келтіріліп, сорғы іске қосылған. Дегенмен, осыдан кейін аталған жабдық пен оны өндірушілер жайында әлден-ақ теріс пікір қалыптасып қалған.

– Сіздер осындай жағдайларды сорғыны орнатпастан бұрын гидрогеолог мамандармен бірлесе отырып, мұқият зерттеп алуларыңыз қажет болатын. Екі жылдан бері жұмыс істеп келесіздер, ал нәтижелеріңіз көңілден шығар емес, – деп осы жайға қатысты әңгімені түйіндеген аймақ басшысы бұл мәселені мұқият зерттеп, зерделеуді, жылу сорғыларын орнату жұмыстарын әрі қарай жалғастыруды тапсырды. Енді Өскемендегі №18 мектепке және Ахмер ауылындағы білім ордасына орнатылмақ.

Семей қаласында жүзеге асырылып жатқан жобаларға қатысты сауалдар да аз болған жоқ. Оның бастылары көлік құралдарының ескірген шиналарын жою және қайта өңдеу, ұсақ қиқымға айналдыру бойынша өндірісті әлі іске қоспай жатқан «КХ Игеру» ЖШС мен «ФК Ромат» ЖШС-нің медициналық препараттар зауытының қайта құрылуына қатысты бағытталды.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Нұрғалиевтің айтуынша, резина ұсақтау өндірісіне арналған қондырғы дайындалған, Германиядан күтілуде. Алайда оны жеткізу мен құрастыру «КХ Игеру» ЖШС ақшасын толық төлеген соң ғана жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпорын «Ресей жинақ банкі» АҚ және Еуропалық банктердің бірінен несиелер алуға келіссөздер жүргізуде. Қала әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, өндіріс жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

Ал «ФК Ромат» ЖШС-нің медициналық препараттар зауытының қайта құрылуы тағы бір жылға созылмақ. Семей қаласы әкімі орынбасарының түсініктемесіне сүйенсек, бұл кешігу – жобаны іске асыруды екі кезеңге бөлуге қатысты болып отырған көрінеді. Біріншісі – гематогенді цехты жаңғырту жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады. Ал стерильді препараттар өндірісі бойынша жаңа зауыт келесі жылы салынатын болады. «Теплокоммунэнерго» МКК ЖЭО-1-ден келетін технологиялық будың тоқтатылуына байланысты зауыттың өндірістік алаңының жұмысы да тоқтап тұр. Бұл – жобаны келесі жылға дейін ұзартудың тағы бір себебі. Медициналық препараттар зауытының жағдайын оңдау үшін облыс Әкімі Индустрия министрлігімен оның жүзеге асырылу мерзімін ұзарту жөнінде қосымша жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Семей тері-былғары комбинатының қазіргі жағдайына да жеке тоқталды.

– Комбинаттың лайықты жұмыс істеуі – біздің басты мақсатымыз. Екі аптаның ішінде мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Барлық шаруаны облыстық әкімдікке аудара салмай, өздеріңіз де әрекет етіңіздер, – деді облыс басшысы.

Облыстың Индустрияландыру картасына кіретін жобалардың ішінде дәл осындай аяқталмаған жобалар Жарма ауданында да кездеседі. Аудан әкімінің орынбасары Арман Ысқақов металлургиялық кешеннің құрылысы және Бақыршық кен орнындағы жылына 1,5 млн. тонна өнімділікпен кен өндіретін жер асты кенішін пайдалану жайында есеп берді. Аталмыш жобаны соңына жеткізу 2012 жылға жоспарланған болатын. «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС директоры Родни Грэйдің айтуынша, кәсіпорында екі рет акционерлердің ауысуы орын алған. Енді 100 пайыз акциясы қазақстандық тараптың қарамағында. Осы себептерге орай, берілу мерзімі созылыңқырап кеткен.

– Келесі аптада сіздердің акционерлеріңізді шақырып, кездесу өткізетін боламыз. Индустрияландыру картасындағы жобаларды іске асыру – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Осыны ұмытпағанымыз жөн, – деді облыс Әкімі.

Компанияның жауапкершілігінде өнеркәсіптік жобаны жүзеге асырумен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де бар. Қол қойылған меморандумның аясында балабақша салынуға тиіс. Қазіргі уақытта тендер өткізілуде. Родни Грэйдің сендіруінше, құрылыс жұмыстары наурыз-сәуір айларынан кешікпей басталатын болады.

Аудан әкімінің орынбасары сөндірілмеген кесек әктас өндірісі бойынша жобаны жүзеге асырып жатқан «Теньши» ЖШС-нің жұмысы жайында мәселе көтерді. Нысанның құрылысы аяқталған. Десек те, жобалық-сметалық құжаттамадағы түзетулерге байланысты қолданысқа беру актісі әлі күнге дейін дайын емес.

Дәл осыған ұқсас жағдай Шемонайха ауданында да орын алып отыр. Мұнда «Востоксельхозпродукт» ЖШС-де салынған күнбағыс майын тазарту, құтыға құю цехы жұмыс істеуде. Алайда өртке қарсы қызмет кәсіпорын басшыларынан автоматты өрт сөндіру жүйесінің болуын талап етуде. Дегенмен, актіге қол қоюға осының өзі айтарлықтай кедергі болып отырған жайы бар. Облыс басшысы бұл мәселенің шұғыл арада шешілуі керектігін атап көрсетті.

Санға емес, сапаға мән берген жөн

Үйлестіру кеңесінің мәжілісінде қаралған маңызды мәселенің бірі қалалар мен аудандардың Индустрияландыру картасына жаңа жобаларды ұсыну жайы болды. Алайда ұсынылған жобалардың саны көп болғанымен, олардың барлығы бірден қанағаттандырылған жоқ. Біршамасы толықтыруларға қайтарылып, келесі мәжілісте қайта қаралатын болып шешілді. Қайтарылған жобаларға кеңес мүшелерінің және оның төрағасының да айтар уәждері аз болған жоқ. Мәселен, Бородулиха ауданынан кеңеске талқылауға бидай дәнін, көмірсуды, астық дәніндегі ақуыздық заттекті, бидай майын терең өңдеу бойынша комбинатты қайта құру және кеңейту, өндірісін жаңғырту жобасы ұсынылды. Бастама жаман болмағанымен, әлі де әзірлемені жетілдіре түсу қажет.

Сондай-ақ, жоспарлаған жобасын іске асыруға құлшынып отырған «Белағаш ұн комбинаты» ЖШС-нің алдағы жұмыс жоспары да түсініксіз. Тіпті, оның жетекшілерінің қолында міндетті 15 пайыздық жарнаның бар-жоқтығы да белгісіз болып қалды кеңес мүшелеріне. Комбинат өкілінің айтуынша, бастама назар аударуға тұрарлық. Біздің өндірушілерге Франция мен Германия елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік бермек. Сонымен бірге ішкі сұранысты да толығымен жаппақ. Бұл жоба да толықтырылуға жіберілді.

– Барлық ұсыныстарды аяғына дейін зерделеп, әбден анықтап алу керек. Содан кейін ғана жобаларды талқылауға ұсынуға болады. Алдымен қаржыландыру көздерін, қойылатын кепілді ұсыну жағын қарастырған жөн. Ертең министрліктердің алдында ұятқа қалмағанымыз жөн, өткізген жобаларымыз қайтып келмеуі тиіс. Сондықтан да бұл іске өте мұқият қараған дұрыс, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Аягөз ауданы құны 300 млн. теңге болатын кірпіш зауытын салуға дайын. Жобаға сай жылына 10 млн. кірпіш шығара алады. Инвесторлармен құрал-жабдықтарды жеткізуге келісімшарт жасалған. Жер бар, жұмысшылар бар. Ендігі шешілмеген мәселе – жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасау. Енді ол да жақын уақытта оң шешімін таппақ. Осыған орай облыс Әкімі нақты тапсырма берді.

– Құмды, сазды, қиыршық тасты пайдалануға қатысты мен үнемі айтып келемін. Бұл ресурстарды кен ошағы орналасқан ауылдық округтерге беру керек. Олар аталмыш материалдарды балабақша, аурухана, тағы басқа да құрылыстарды салуға тегін бере алуы қажет. Бұлай ету біріншіден, жобаның бағасын арзандатады, екіншіден уақыттан ұтамыз. Ал біз табиғаттың өзі тарту еткен дүниені сырттан келгендердің игілігіне беріп қойып отырмыз. Мәселені бір жағына шығаруға байланысты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына тапсырма беремін, – деді облыс Әкімі.

Көкпекті ауданында «Елім-ай Көкпекті» жобасының жүзеге асырылуы жалғасуда. Қазіргі кезде инвесторлар жобаны оңтайландыруды ұсынуда. Ол өз кезегінде құнын біршама арзандатуға мүмкіндік бермек. Бордақылау алаңы мен репродуктор шаруашылық жолмен тұрғызылады, ал қайтарымына ет комбинатын салу ғана қалмақ. Жобаның мақтануға тұрарлық дүние екені белгілі. Дегенмен, шаруаға кедергі болар ұсақ-түйек жайттар мұнда да кездеседі.

Облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелевтің баяндауынша, жобалық-сметалық құжаттамасын жасаушыларға қатысты бірқатар мәселелер бар. Ал олар болса, өз кезегінде тексеруші және бекітуші мекемелер, әсіресе, мемлекеттік сараптама уақытты созып кететіндігін алға тартады.

– Мен сізді осы жобаға арнайы бекіткен болатынмын. Жұмысыңызға көңіл толмайды. Бір жылға бірақ неге арнайы кесте жасамайсыздар. Инвестор, аудан, облыс не істеу керектігін неге сонда көрсетпейсіздер? Сонда жұмысты бақылауға болар еді. Астанаға, басқа да қалаларға барудың еш қажеті жоқ. Бәрі жергілікті жерде – Өскемен мен Көкпектіде шешілу керек. Неге бәрінің басын қосып, қордаланған мәселе болса, сол жерде шешіп алмаймыз. Оның үстіне біз Көкжайықты облысқа үлгілі тірек елді мекен ретінде көрсетуге жұмыс істеп жатқан жоқпыз ба? – деді облыс басшысы.

Аудандағы тағы бір мақұлданған жоба – 400 басқа арналған бордақылау алаңы бар 800 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасын ұйымдастыру. Оның іске асырылуы жергілікті нарықты сапалы сүт өнімдерімен толық қамтуға жол ашпақ. Ферма толық қуатына 2015 жылы кіреді.

Тарбағатай ауданындағы «Шәмшия» шаруа қожалығы Ақжар ауылында бордақылау алаңы мен мал сою орнын салуды көздеп отыр. Аталмыш шаруада облыс аумағында бұған дейін де тәжірибелер жеткілікті болғандықтан, қосымша мәселелер туындаған жоқ.

Кеңесте облыс орталығынан екі бірдей ірі жоба ұсынылып, екеуін де кеңес мүшелері мақұлдады. Оның біріншісі – таулы кенішке арналған машина мен оның қондырғыларын шығаратын зауыттың құрылысы. Кәсіпорын жылына 150 техникаға дейін шығаратын болады. Жоба толықтай инвесторлардың қаржысының есебінен іске асырылмақ. Қазірдің өзінде зауыттың өніміне қазақстандық тау-кен өндірісі алпауыттары тарапынан қызығушылық бар көрінеді. Бір мәселе – оның орналасқан аумағын бизнесті дамыту аймағына қосу болса, ол да оң шешімін тапқан екен.

Екінші жоба – үй құрылысы комбинатын ұйымдастыру. Осындай комбинат Семейде салынуда. Әзірге аталған жобалардың маңыздылығына өңірдегі жүріп жатқан тұрғын-үй құрылысының ауқымына қарап баға беруге ертерек. Ағымдағы жылдың маусым айынан алғашқы темір-бетон құрылымдар шығара бастау жоспарлануда.

Кеңесте Зырян ауданынан алты жоба ұсынылды. Бұл ретте бірінші орында сан емес, сапа шешетіндігін ескерген жөн сықылды.

Көп талқыға ұшыраған жобаның бірі «SAMRUK» ЖШС жауапты Гусиный аралында туристік демалысты ұйымдастыру бойынша жобасы болды. Мұндағы басты мақсат – мақсаттылық және кеткен шығынның орнының жабылуы болмақ. Кеңес мүшелерінің пікірінше, осыған ұқсас жобалар туризм саласында бұған дейін облыста жүзеге асырылған. Және оның бәрі де инвесторлардың жеке қаржысы есебінен болған. Мемлекет болса, өз тарапынан инфрақұрылым мәселелерін шешуге қолдау көрсетіп келеді.

Аймақ басшысы атап өткеніндей, жоба шынымен де толықтыруларды қажет етеді. Бұл айтылғандар ауызсуды тазарту қондырғысын шығару бойынша зауыт құрылысын салу бастамасын көтерген «Люкс-Хаус» ЖШС-не де қатысты болмақ.

Зырян ауданынан ұсынылған инновациялық жобалардың қатарында «Зырян қорғасын комбинаты» АҚ-ның қалдық қоймасындағы құмды гравитациялық байыту және ескі қалдық қоймасындағы құмды құрамдастырылған жүйеде байыту фабрикасының құрылыстары бар. Облыс Әкімі бұл жобаларды да мұқият зерттеуді әрі «Қазцинкпен» атап көрсетті.

Облыс басшылығы тарапынан қолдауға ие болған жобалардың бірі – «Мелада» демалыс базасының құрылысы. Жобаның құны 600 млн. теңге болса, оның 452 млн. теңгесін «Мелада» ЖШС-і өз қаржысынан шығарып, игеріп тастаған. Енді қалған 148 млн. теңгеге көмек қажет. Өңір басшысы аталған соманың аса үлкен қаражат еместігін айтып, жобаның шынайы әрі дұрыс жоба екендігін атады. Қолдау да көрсетілетін болады.

Мақұлданған жобалардың қатарын Семейдегі «Alina» компаниялар тобының майда ұсақталған толтырғыш заттар өндірісін кеңейту бойынша зауыттың құрылысы толықтырады. Жобаның жетпіс пайызы жүзеге асырылған. Өнім алу – жылына 36 мың тонна.

Үржар ауданында «Valley» тамшылатып суару тәсілімен дөңгелек жаңбырлатқыш қондырғыны қолдану арқылы майлы және дәнді дақылдарды өсіру қолға алынған. Қазірдің өзінде 29 мың гектар жер бөлініп, 70 бірлік техника алынған. Енді тек электр желісін тарту қалып тұр. Облыс Әкімінің айтуынша, бұл түйткіл жақын арада шешілуі тиіс.

Шемонайха ауданы ұсынған жобалар да қосымша толықтыруларды талап етеді. Олардың ішінде «ВК «Житница» ЖШС-нің картоп және көкөніс өсіру, «Иртыш Тимур Плюс» ЖШС-нің суландыру жүйесі құрылысы сынды жобалар бар.

Үйлестіру кеңесінің мәжілісінде облыстағы минералды суларды зерттеу бағдарламасының тұсаукесері жасалды. Шығыс Қазақстан аймақтық университетінің кафедра доценті Бақыт Қасымжанованың мәлімдеуінше, жоба барлық минералды су көздеріне тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Ал ол аймақтың туризм саласының барлық бағыттарын дамытуға тың серпін бермек.

– Бастама жақсы. Емдеу-сауықтыру туризмін дамытуымыз қажет. Денсаулық сақтау, туризм, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары бірлесе, сарапшыларды тарта отырып, нақты ұсыныстар әзірлеу қажет,– деді облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

«Азия Авто» АҚ-ның өндірісін кеңейту мәселесі де қаралды. «Ертіс» ӘКК-ның қаржысын алуға қаржылық-экономикалық негіздемесі берілген. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өндірістік аймақ құру бойынша бюджеттік тапсырыс әзірлеумен айналысуда. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев мәжілісте осыған орай болашақ зауыттың аумағындағы жер телімдерін алып-сатарлық мүмкіндіктен мүмкіндігінше шығару қажеттілігін атады.

Өте маңызды жобалардың қатарында Курчатов қаласынан ұсынылған мұнай-газ қондырғыларын тазарту және залалсыздандыру жобасын атауға болады. Құны – 1,6 млрд. теңге. Барлық шығындар инвестордың есебінен жүргізілмек. Болжамды іске қосылу уақыты – осы жылдың қазан-қараша айлары деп межеленуде.

– Бүгінгі кеңестің отырысында мақұлданбаған жобаларды толықтыруға жібереміз. Әкімдерге барлық жобалардың дайын күйінде түсуін, мұнда талқылап, уақыт өткізіп отырмауымыз керектігіне баса мән берулерін ескертемін. Қаражат бар, егер жақсы жоба болатын болса, міндетті түрде қолдайтын боламыз. Басты мәселе – кедергілер мен тосқауылдарды барынша қысқарту. Адамдарды мекемелерден мекемелерге босқа сандалта бермей, уақытты босқа созбай нақты-нақты жұмыс істеу қажет. Жоғарыда айтқанымдай, жерді пайдалануды мұқият егжей-тегжейлі зерттеп, ауылдық округтерге беру керек, – деді кеңес жұмысын қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button