Індетпен күрес әлі де тоқтаған жоқ
Аудандағы коронавирустық инфекцияға қарсы күрес және оның алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Аягөздегі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Шалқар Омаров айтып берді.
– Дәрігерлерді де, жұртшылықты да әбігерге салған коронавирус індетімен күрес әлі де тоқтаған жоқ. 2020 жылғы алғашқы коронавирус ауруы тіркелген күннен бастап бүгінгі күнге дейін ауданда барлығы 1451 сырқат тіркелген көрінеді. Бүгінгі күні аудандағы ахуал қандай?
– Сол1451жанның 654-інде КВИ ауруларының нақты белгілері болып, 800 адамда симптомсыз түрі тіркелді. Басқа жақтан келіп тіркелгендер саны 212, жергілікті тұрғындардан 1242 адам ауырды. Оның ішінде ауылдық жерден 247 адам аталмыш жұқпалы індетті жұқтырған. 1436 сырқат сауықты.
Бүгінгі күні аудан бойынша 11 адамнан КВИ сырқаты анықталып отыр. Дәл қазір ауруханада емделіп жатқан сырқат жоқ. Әрине, ауданның денсаулық сақтау саласы мамандары коронавирус індетінің алдын алуға барынша дайындалып, сақтық шараларын ұстанды. Мәселен, жыл басында стационарларда КВИ ауруларына арналған 50 төсек болса, қазіргі уақытта 40 төсек қысқартылып, 10 төсек қалдырылды. Жалпы, Аягөз ауданаралық ауруханасы бойынша 25 мобильді бригада құрылған, оның ішінде 8 бригада (6 терапевтік бригада, 2 педиатриялық бригада) Аягөз қаласында, 14 бригада ауылдық емдеу мекемелерінде тіркелген.
– Кадрлардың жағдайы және диагностикалау, емдеу мүмкіндіктерін толық қолдану қандай деңгейде?
– Біздің Аягөз ауданындағы емдеу мекемелерінде кадр тапшылығы жоқ деуімізге болады. Мәселен, орталық ауруханада 2 инфекционист-дәрігер, 5 дәрігер-реаниматолог, 3 рентгенолог-дәрігер, 12 терапевт-дәрігер қызмет етеді. Сол сияқты, орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі де жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бізде маман тапшылығы жоқ.
– Ауданда коронавирус індетіне қарсы тұру үшін арнайы аппараттар мен құрылғылар да жеткілікті ме?
– Иә, аудан бойынша 21 ИВЛ аппараты, 36 оттегі концентраты, 25 монитор, 20 дозатор бар. 50 нүктені оттегімен қамтамасыз ететін 1 оттегі станциясы жұмыс істейді. Коронавирус жұқпалы ауруын жұқтырғандарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектің үш айлық қоры жиналған. Олардың қатарында қабынуға қарсы қолданылатын дәрілер, антикоагулянттар, гормональды дәрілер, антибиотиктер бар. Міне, тамыз айының басында аурухана дәріханасында 100000 флакон антибиотик, 4300 таблетка ыстық түсіретін дәрілердің қоры бар. Вирусқа қарсы қолданылатын дәрілер ішінде гидроксихлорохин, актемра дәрілері жеткілікті мөлшерде деп толық айта аламыз.
Медицина қызметкерлері қажетті және қорғаныс құралдарымен қамтылған. Бүгінгі күні қорғаныс құралдары ішінде 1 реттік қолданылатын костюмдердің саны1080 болса, көпреттік қолданылатын костюм 800, бетперде 19000, респираторлар 1200, қолғап 48060, антисептик 947 литр, көзілдірік 77, қорғаныш экран 126 дана.
– Әлем дертке қарсы жаппай вакцинация қабылдауда. Екпе кабинеттері де толығымен жабдықталды ма? Жалпы, біздегі ахуал қандай?
– Аудан бойынша 12 екпе кабинеті ашылған. Екпе кабинеттерінде 12 дәрігер, 24 медбике жұмыс істейді. Жалпы, бірінші компонент бойынша 35853 адам егілді. Екінші компонент бойынша егілгендер саны – 35803, бірінші ревакцинация алғандар саны – 28527. Бүгінгі күні халыққа қайта ревакцинация салу жұмыстары жүргізілуде, қайта ревакцинация алғандар саны – 3232. Қазіргі уақытта шектеулерден тез шығудың кепілі коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация және шектеу шараларын қатаң сақтау қажеттігін естен шығармаған жөн.
Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.