Руханият

Император сарайын аралады

Император сарайын аралады


Таяп келе жатқан автобустың алдыңғы әйнегіндегі «Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы» деген жазуға көзіміз жеткенде, бәріміз бірге ентелей түстік. Көліктен түскен жас жігіт бір топ өңірлік тілшілермені жылы амандасып, мархабат етіп, ішке кіруімізді өтінді. Ендігі жолсерігіміз осы бір Станислав Цугуренко есімді жігіт екенін ұқтық.

Император сарайын аралады

Мимырттана жылжып келе жатқан көне көлік жолбасшымыздың айтуынша, бізді «Жібек жол» атты император сарайына жеткізеді. Ол жердегі «императордың» кім екені беймәлім, әлбетте. Ал бұрын-соңды осы бір сарай туралы естіп-көрмегендіктен, жаңа жерді танып-білуге құмартқан көңіл ғана бізді алға талпындырды.

Көліктен түскенде, тілшілер қауымы Ертіс бойындағы кең жазира саябаққа тап болдық. Таңданыспен бір-бірімізге қарастық. Өзін музейдің аға ғылыми қызметкерімін деп таныстырған Гүлнар Миғражқызы біздің қайда келіп түскенімізді түсіндіріп бағуда. Алдымыздағы биік ғимарат император сарайының өзі екен. Біз оны бірден топшылағанбыз. Ғимараттың сырт бейнесі дәстүрлі қытай сәулет өнерін сөйлетіп тұрған еді. Қытай құрылысына тән қызыл және сары түстермен әрленіпті. Қызыл – оттың түсі дейді екен аспан асты еліндегілер. Әлдебір жақын жанашырының ісі алға жүріп, тасы өрге домалаған сәтте «қызыл, қызыл, от, от» деп күбірлеседі олар. От – жақсылықтың нышаны деп сенеді. Ол жағынан бізге ұқсастықтары бар екен. Сары түсті де «түстердің ішіндегі бастысы» деп бағалайды.

Гүлнар Миғражқызы осыған дейін «Қазақ ханы сарайымен» қатар, «Әмір», «Үнді», «Керуен» сарайларының ашылғанын айтты. Олай болса, «Жібек жолының» император сарайы атануы – қытай елінің мәдениетіне көрсетілген құрмет екен деп түсіндік. Біз дәл осы сарай-музей мен оның астыңғы қабатындағы «Қазіргі Қытай мәдениеті» атты фотокөрменің ашылуын тамашалауға келген едік. Көрмеде аспан асты елінің бейнелеу өнері мен қазіргі қытай театры және операсынан сыр шертетін суреттер назарға ұсынылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі Қытай елшілігі аталмыш музей-қорыққа «Мәдениет қанатында» атты фотокөрмені тарту еткен екен. Бұл күні оны да тамашаладық. Мұнда 49 суретшінің жұмысы ұсынылған.

Көрмені тамашалап болған жұртшылық концерттік бағдарламаны көруге жайғасты. Сахнада «у-шу». Осы бір спорттық клубтың шәкірттері мен қытай биін билеушілер кеш шымылдығын ашқан еді. Мұнан әрі ән әнге, би биге ұласты.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button