COVID-19 

Иммундық плазма кезең-кезеңмен қолданылады

Қазіргі таңда облыста иммундық плазманы кезең-кезеңмен қолдану жұмысы жүріп жатыр. Өңірде иммуноглобулиннің 3063 дозасы жиналған. Бұл жөнінде аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлім етті.

Облыс әкімінің хабарлауынша, бұған дейін Семейде – 41, Өскеменде – 72 данасы қолданылып, Алтай ауданында алты науқасқа 12 доза салынған. Жедел кеңес барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасына антиденелерді белсенді пайдалану тапсырылған.⠀

– Айта кету керек, қазір облыстың инфекциялық бөлімдерінде ем қабылдап жатқан 37 науқас ауыр халде, үшеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жалпы коронавирус індетінен жазылып шыққан азаматтардың плазмасын қолдану тәсілі әр адамның жағдайына байланысты. Сондықтан біздің дәрігерлер емдеудің осы тәсілін, плазманың әрекетін одан ары терең зерттеуді жалғастырулары қажет. Бүгінгі уақытта бүкіл әлем иммуноглобулинді COVID-19 жұқпасымен сырқаттанған ауыр жағдайдағы науқастарды емдеуге белсенді қолданып жатыр, – деді Даниал Ахметов.⠀

Бүгінде Шығыс Қазақстан қызыл аймаққа еніп отыр. Қазіргі уақытта өңірде тіркелген жағдайлар саны 11 мыңнан асқан. Соңғы тәулік ішінде ғана 250 адам COVID-19 вирусын жұқтырғаны расталды. Оқшаулау орталығының базасында  індет жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды анықтау және оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.⠀

– Байланыста болғандар санатына енгендер міндетті түрде үшінші және он екінші күндері ПТР-тестілеуден өтуі қажет. Кесте бар, әкімдер орындалуын қатаң бақылауда ұстаулары керек. Естеріңізге сала кетейін, өңірде мобильді топтардың жұмысы күшейтілді. Өзіңізге және жақындарыңызға қорған болыңыздар, – деді облыс басшысы.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button