COVID-19 

ИММУНДЫҚ ПЛАЗМА ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

     Бүгінде бүкіл әлемді қыспаққа алып, әбігерге салған атышулы Covid-19 дертіне қарсы емдік препарат табу адамзат үшін басты мақсат болып отырғанын білеміз. Бұған беделді мемлекеттік медициналық мекемелермен қатар аудандық ауруханалар да атсалысып жатыр. Бұл жұмыстардың бір саласыиммундық плазма дайындау. Осы жайлы Күршім аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Марат Білейменов бізге төмендегідей ақпарат берді.

– Коронавируспен ауырып,  жазылған адамдардың қаны, – дейді Марат Бақтиярұлы, – осы сырқатқа шалдыққан басқа науқастардың өмірін сақтап қалуға себепкер болуы мүмкін. Иммундық плазманы құю ауыр науқастарды емдеген кезде олардың иммунитеттерін көтеру мақсатында қолданылады. Оны жасанды жолмен алу мүмкін емес. Тек бойында антиденелері бар, осы аурудан сауыққан адам ғана плазма доноры бола алады. Бүгінгі таңда донордың иммундық плазмасымен емдеу Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тауып, коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды емдеудің клиникалық хаттамасымен бекітілген.  Сөйтіп, иммундық плазмамен емдеу өзге де емдеу әдістерімен қатар қолданылып отыр. Иммундық плазмаға донор болатын адамды анықтау  туралы шешімді науқастың денсаулық жағдайын тексеру арқылы  дәрігерлер қабылдайды.

Ауданда бүгінгі күнге дейін 157 адам коронавирус ауруымен тіркелді десек, олардың 82-сі стационарда ем алды. Иммундық плазмаға донор болуға лайық адамдар арнайы тексеруден өткізілді, бұл жұмыстар әлі де жалғастырылуда. ПТР әдісімен денсаулықтары «оң» және «теріс»  нәтиже көрсеткен науқастар, өкпе қабынуымен тіркелген 136 адам облыстық қан орталығында тексеруден өтті. Олардың ішінен 120 адам жарамсыз болып танылды. 16 адам  донорлыққа жарап, 48  плазма өткізді.  Ауданға берілген жоспарды орындау мақсатында донорларды анықтау одан әрі жүргізілуде.

      Бас дәрігердің айтуынша, иммундық плазма тапсырушыларға қойылған арнайы талаптар бар. Плазманы негізінен 18 жастан асқан ер адамдар тапсырады. Әйелдер оны жүкті болмаған кездерінде ғана тапсырады. Плазма коронавируспен орташа немесе ауыр түрде ауырғандардан алынады. Жеңіл немесе симптомсыз ауырғандар иммундық плазмаға донор бола алмайды. Алдын ала тексеруде донордың қан сарысуында ДЖИ класындағы иммунноглобулин міндетті түрде болуы керек. Ол адамның аталған дертпен ауырғанын бірден көрсетеді. Сонымен қатар қант диабеті, онкологиялық аурулар, бауыр, жүрек-қан тамыр ауруларының асқынған түрлерімен есепте тұратын адамдарға плазма тапсыруға болмайды.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button