Ілмек бізбен аяқ киім тоқитын қолөнер шебері
Қолөнер бүгінде қайта сәнге айналды. Халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатқан бұл өнер тұрмысымызға сән беріп, адамға рухани ләззат сыйлайды. Қазір қолдан жасалатын бұйымға сұраныс жоғары. Өйткені жұрт көшірме заттан гөрі арнайы талғаммен жасалатын дүниелерге мән бере бастаған. Қыз-келіншектер қолөнерді хоббиі санаса, енді бірі бұған табыс әкелетін жұмысы ретінде қарайды. Ал бүгінгі кейіпкеріміз, Айыртау ауылының тұрғыны, көп балалы ана Диляра Батталқызы Илимбаева қолөнерді қолға алып, сүйікті ісімен айналысып отырған жан.
Қолөнер шебері тоқыма өнеріне бала кезден қызыққанын айтады. Оқушы кезінде анасынан әуелі қолғап, шұлық тоқып үйренеді. Есейе келе ересектерге жеңсіз жейде, кішкентай балаларға түрлі- түсті жіптерден әдемі киімдер тоқуды ермек қылады.
Диляра Батталқызының айтуынша өткен жылы әлеуметтік желіні қарап отырып, аяқ киім тоқудың түрлерін және табыс табудың жолдарын түсіндіріп жатқан онлайн вебинарға көзі түседі. Содан кейін тұтынушыларына трендтегі тоқыма «аяқ киімдерді» ұсынып, «Алтын қол» деген брендпен танылған кәсіпкер Күләнда Жөкішқызынан онлайн сабақтарын сатып алып, ілмекпен тоқу сабақтарын екі ай мерзімде оқып, арнайы сертификатын алған.
Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын қолөнер шебері қалай тоқитынын үйреніп, аяқ киімнің табандары мен жіптерге тапсырыс беріп, бүгінде үйге киетін аяқ киімдер, кроссовки, кедылар (спорттық аяқкиім), балетка, балаларға арналған түрлі аяқ киімдер тоқып сатылымға шығаруда.
– Қолөнермен айналысқанда шаршағанымды ұмытып, демалып қаламын. Бұл – ертеден келе жатқан, ата-бабамыз ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген қадірлі өнер. Қолөнер адамға ерекше ләззат сыйлайды, шеберлігін шыңдап, көркемдікті сезіну қабілетін дамытады. Қазір адамдар қолөнерді қадірлейді. Қолдан жасалған аяқ киімдерге сұраныс өте жақсы. Алғашқы тоқыған үйге киетін аяқкиімді анама (енеме) сыйладым. Кейбір табандардың жіп өткізуге арналған тесіктерін бізбен тесіп, дайындап аламын. Жіптердің сапасы жақсы, созылып кетпейді, түктенбейді. Сондықтан тоқыған аяқ киімдерімді ұялмай ұсынамын. Кір машинаға салып жуып алуға да болады. Жіптердің қай түрі де өңін бермейді, жуғанда бояуы да шықпайды, өте жұмсақ. Әуелі клиенттерімнің дені әйелдер болды, қазір ер адамдардың да кедыларын (спорттық аяқ киім), кроссовкилар, үйге киетін аяқ киімдерін тоқып жатырмын. Арасында киілген аяқ киімдерді жөндеп, қайта тоқып беремін. Тапсырыс берушінің қалауына қарай кейбір аяқ киімді моншақтармен сәндеймін. Балалар аяқ киімін, етіктерді, қыз-келіншектерге арналған сөмке тоқуға енді кірісіп жатырмын, – дейді қолөнер шебері.
«Еңбектiң көзiн тапқан байлықтың өзiн табады» деген мақал бар ғой. Қолөнерді табыс көзіне айналдыруды қолға алған Диляраның жұбайы Дидар да табыстың жаңа көзін тапқан тынымсыз келіншегіне дән риза, әрқашан қолдап отырады.
Диляраның ендігі мақсаты мемлекеттен қолдау болып, қайтарымсыз грант ұтып алса, арнайы жұмыс орынын ашып, жастарға ұлттық қолөнерді үйретіп, кәсібін дөңгелендіруді жоспарлап отыр. Сапасы фабрикадан шыққан аяқ киімдерден артық болмаса, кем түспейді.
Диляраға бастаған ісі оңға басып, қолөнерді дамытып, алдағы мақсатына жетуіне сәттілік тілейміз.
Эльмира СОВЕТҚЫЗЫ