Игіліктегі игі жаңалық

Игілік ауылының тұрғындары, алыстан-жақыннан келген қонақтар мұқият жөндеуден өтіп, жарқырап тұрған дәрігерлік пункттің алдында бас қосты. Бұл салиқалы жиынның басты себебі де сол – Игілік ауылдық медпунктінің ашылу салтанаты болатын.
Осынау салтанатқа белгілі меценат, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбай Бижігітов зайыбымен келіп жеткен соң, ұйымдастырушылар жиынды бастап кетті. Бүгінгі жарқырап, көз тартып тұрған жаңа ғимарат та Ж.Бижігітовтің бөлген ауқымды қаржысымен жөнделіп, соның нәтижесінде ауыл тұрғындары заманауи дәрігерлік көмек алуға қол жеткізіп отыр. Сонымен бірге, Жақсыбай Бидахметұлы ұзақ жылдар бойы ауызсуға жарымай келген Игілік ауылының ортасынан жерасты суын тартатын колонка орнаттырып, жұрт бүгінде соның қызығын көріп отыр.
Салтанатты жиында сөз алып, аудан әкімі С.Шоқаевтың Алғыс хатын табыс еткен Күршім аудандық мәслихатының хатшысы М.Сағанақов, Боран ауылдық округінің әкімі М.Айтжанов, Қалжыр ауылдық округінің әкімі С.Кентпаев, Күршім аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасарлары Л.Шоқаева, Ш.Құрманғалиева, Боран ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Л.Рапикова, жергілікті кәсіпкер А.Жаниязов көпшілікті қуанышты жаңалықпен қуана құттықтады. Осы мекеменің қызметкері, ауыл медбикесі Гүлзира Қыстаубаева неше жыл бойы төбесінен су ағып, қыста суық болып, күйісті кетірген ғимаратты арнайы қаржы бөліп, жөндеуден өткізген. Жақсыбай ағасына деген алғысын тебірене тұрып жеткізді. Мектеп директоры Г.Әмірова шалғай шетте жатса да, туған ауылдарынан табан аудармай отырған тұрғылықты халыққа бірқатар жақсылықтардың жасалып жатқанынан хабардар етіп, солардың ішінде дүниедегі ең қымбат нәрсе – адам денсаулығын сақтау үшін қажетті дәрігерлік пункттің талапқа сай жөнделгеніне шынымен қуанышты екендігін баса айтты. Сондай-ақ, ол ауылдасқа қашанда жәрдем қолын созуға даяр тұратын Жақсыбай ағасына алғыс арнай кетуді де ұмытқан жоқ. Ауылдың 78 жастағы қариясы Шәріпхан Орақбаев жиналған қауымды құттықтап, қамқоршы ағайынға алғыс айта келе, «қайта түлеген дәрігерлік пункт әрдайым ашық тұрып, тиянақты да тыңғылықты жұмыс істесе екен» деген тілегін ортаға салып өтті.
Бас дәрігердің орынбасары Ләйлім Шоқаева бас дәрігер М.Білейменовтің құттықтау хатын оқып шыққан соң, арнайы көрсетілген құрмет ретінде Ж.Бижігітовтің иығына шапан жауып, басына бөрік кигізді. Бұдан соң дәрігерлер оның зайыбы Гүлбаршын Уәрбекқызының да иығына қамзол жауып, қошемет көрсетті.
Дәрігерлік пункттің ішіне кіріп, жақын жерден көз салған жұрттың шынымен разы болғанын айта кеткен жөн. Барлық қажетті мүліктер жаңадан сатып алынып, жарасыммен орын тапқан екен. Кірген қауым мұндағы кіршіксіз тазалық пен селкеусіз талғамға сүйінбей тұра алмады. Оны баса айтып өткен Ж.Бижігітов әлде де жетіспей жатқан заттар болса, барлығын өзі сатып алып беретінін айтып, тағы бір мәрте қуантты.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.