Әмияныңыз бен банк карточкасы теңгеге толы болса кез келген дастарханды жайнатып жіберуге болар. Әйтсе де, дастарханда ағзаға пайдалы, оның үстіне өзімізде өндірілген, өсірілген, табиғи көкөністер, жемістер, ұлттық сусындар мен тағамдар тұрса мерекелік отырыс нағыз берекелі отырыс болмақ.
Жаңа жыл мерекесінің, отбасылық мерекенің көркі – молынан жайылған дастарқан. Оны әр кім жағдайына қарай және көңіл қошына қарай жасайды. Сауда орнынан жаңа жыл кешіне қажетті қолжетімді деген азық – түлік түрлерін сатып алдық. Сонымен, өзімізге таныс тағамдардан тұратын жаңа жылдық дастархан биыл қанша теңгеге шығатыны белгілі болды. Мұны анықтау үшін өскемендіктердің азық-түлік өнімдерін сатып алу үшін жиі баратын сауда орындарын араладық, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Алдымен алғанымыз, көкөністер мен жемістер. Сауда орнының кеңесшілері біз ұстаған ананастың бағасы бір күн бұрын ғана қымбаттап кеткенін айтып жатыр. Бір келісі бақандай – 2 520 теңге. Бұған дейін 1260 теңге болған екен. Салмағы екі келіге тақау болған бір ананасқа 4 500 теңге кетті. Айта кетсек, біздің облыста өткен қараша айында азық- түлік тауарларының бағасы былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 8,3 пайызға, азық- түлік емес тауарлардың бағасы 8,8 пайызға, ақылы қызметтердің бағасы 11,3 пайызға өскен.
Өскемендегі дүкендер мен базарларда бір келі сиыр етінің фарш ы 2900-3200 теңге. Ал, ет асатын болсақ, келісі 5000 теңге тұратын қазының өзіне ғана кемінде 5000-6000 теңге кетеді. Қызыл уылдырық салынған тарталеткалар дайындау үшін ақсерке уылдырығын алдық. Бағасы – 3645 теңге болды, бұл 23 пайыздық жеңілдікпен. Ірімшіктің жарты келісі – 3000 теңге шамасында, осы сары майдың 200 граммы – 900 теңге. Ал 25 дана тарталетканың бір қорабын 700 теңгеден алдық.
Дәстүрлі «оливье» салатын жасау үшін, оған қажеттілерді 3400 теңгеге сатып алуға болады екен. Ал «Цезарь», «Грек» салаттарының қоспаларына 7 700 теңге жұмсалды. «Цезарьға» тауық етінің орнына қосатын, аршылған «арктида» асшаяндарының 250 грамына (креветки) 1 980 теңге төленді. «Тон астындағы майшабақ» салатының қоспаларын алуға 2 000 теңге кетті. Зәйтүн майының кішкене құтысын – 1 980 теңгеге, ал, 380 грамдық «3 желания» провансаль майонезін сауда орнында жүріп жатқан жеңілдікпен 580 теңгеге алдық.
Қазір шырындардың 2 литрлік құтысын 36 пайыздық жеңілдікпен 899 теңгеден сатып алуға болады. 1800 теңгеге екі құтысын. Сөрелерден «Мен мұндалап» тұрған өзіміздің Зайсанның минералды суын көріп, аялдадық: 1,5 литрі 305 теңгеден тұр. 1 220 теңгеге 4 бөтелкесін алдық. Жәшіктерде тұрған шампанның бағасы 1 679 теңге.
Мұнда мандарин (Түркия) – 1 080 теңге, «бағдаршам бұрышы» – 2 220, жылыжай қызанағы – 965 теңге, «рава» қияры – 2 115 теңге, алма – 800-900 теңге, банан – 940 теңге. Әрқайсысынан 1 келіден алғанда барлығына 9000 теңгеден астам ақша кетті.
Тәттілерден: «Вупи Пай» тортын, жарты келідей кәмпитті кейін алатын болып шештік. Торттың бір келісі 8500 теңге, ал, кәмпиттерге 2500 теңгедей кетеді.
«Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар» демекші, жаңа жылдық дастархан тағамдарын аз- аздан алып, қаражатты әжептәуір үнемдеуге әбден болады. Осы аты аталған тағамдарды (кейін алатын тәттілерді қоса есептегенде) жаңа жылдық дастарханға қою үшін шамамен – 40 – 50 000 теңге көлемінде жұмсадық.
Жаңа жыл тамақтарын алудан қалған желтоқсанның жалақысын үйдегілерге, жақындарымызға сыйлық алғанға және келесі еңбекақыны алғанға дейін жеткізуіміз керек. Жаңа жыл бақытқа толы, берекелі жыл болсын!
Жанаргүл Мұқатай