Спорт

Хоккейшілеріміздің үлесі зор

Америка жерінде мәресіне жеткен ХХХІ қысқы Универсиадада құрамында шығысқазақстандық ойыншылары бар хоккейден ел құрамасы тамаша өнер көрсетіп, жалпыкомандалық үшінші орынға ие болды.

Айта кетейік, хоккей турнирі аясында ұлттық құрамамыз алдымен Оңтүстік Корея командасын 5:1 есебімен тізе бүктірсе, артынша мажарстандық хоккейшілерді 9:1 есебімен қапы қалдырды. Бұдан соң Ұлыбритания құрамасын 15:1 есебімен талқандаған отандастарымыз плей-офф кезеңінде мықты деген Словакия хоккейшілерінен айласын асырды. Есеп 4:1. Алайда жарыстың жартылай финалында қазақстандықтар доданың басты фавориті саналған Канада құрамасына жол беруге (есеп 1:4) мәжбүр болды. Ал үшінші орын үшін ойында жігіттеріміз Жапония құрамасын 8:1 есебімен ойсырата ұтып, осылайша, Универсиаданың қола медалін жеңіп алды.

Бұл ретте АҚШ жеріндегі жарыста Қазақстан құрамасының сапында Өскемен хоккей мектебінің сегіз шәкірті өнер көрсеткенін айтқан абзал. Олар: қақпашы Андрей Шутов, қорғаушылар Иван Гавриленко мен Артем Королев, сондай-ақ шабуылшылар Максим Мухаметов, Станислав Александров, Всеволод Логвин, Максим Мусоров және Алдияр Нұрлан.

Айта кетейік, биылғы Универсиадада 17 мен 25 жас аралығындағы 1 500 студент сынға түскен-ді. Осы орайда жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 11 медаль жеңіп алғанын айтқан жөн. Оның ішіндегі екі жүлдеге шығысқазақстандық спортшылардың қосқан үлесі орасан зор болды. Еске салайық, оның біріншісіне тұғырдан секіруден командалық сайыста екінші орын алған риддерлік Сергей Ткаченко мен алматылық Данил Васильев жұбы иелік етсе, екінші жүлде хоккейшілеріміздің еншісіне жазылды.

Осы айдарда

Back to top button