Қоғам

Хо Жун емші өз арамызда да жүр

Хо Жун емші өз арамызда да жүр

Семей қаласынан Абай ауданының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қарт Жағыпар Жүнісжанұлының «Көп ауырып, көп жасаудың құпиясы» атты кітабы жарық көрді. Кітапты оқи бастағаннан-ақ адамның жанқиярлық талабы мен өмір сүруге құштарлықтың, имандылық пен ізгіліктің, тән мен жан құпиясының есігі айқара ашылғандай болады.

Кітапқа алғысөз жазған жергілікті ақын Төлеген Жанғалиев: «Құдай-ау, корей халқының Хо Жун емшісі өз ортамызда да жүр екен-ау деп таң-тамаша боласың!» – деп жазыпты. Автор кітабында көп ауырғанының себеп-салдарын айта келіп, аурудан сақтанудың, кенеттен пайда болған қатерлі кеселмен күресудің жолдарын нақтылы көрсетеді. Көптеген пайдалы кеңестер айтып, әртүрлі дәрі-дәрмектер мен шөптерді дұрыс мөлшермен пайдаланудың жолдарын ұсынады.
Кітап «Көп ауырып, көп жасаудың сырлары», «Қиыншылықта шыңдалған балалық шағым», «Ғибадатты ақыл «Қабуснамадан» деген үш бөлімнен тұрады. 36 тарауша халықтық ем-дом мен медициналық кеңестерге толы. Бұл 240 беттік кітаптың қақ жартысын алып тұр.
Ал осы еңбекті жазуға не себеп? Біріншіден, жиын-отырыстарда кейбіреулердің «Басыңыздан өткен бұл әңгімеңізді жазып, жарыққа шығарсаңызшы, біз де білейік» деген сияқты сөздері себеп болса, екіншіден, кітап соңында үзінділері берілген «Қабуснама» кітабының әсер еткені анық.
1083 жылы Қайқаус деген данышпанның Гиланшах деген ұлына өсиет ретінде жазған бұл кітабында Алланы тану, пайғамбарды қасиеттеу, шүкіршілік ету, ата-ананы құрметтеу, нәпсіні тежеу, шарап ішудің шарттары, ұйқы мен демалу, дәрігерлік емдеу, т.б. сияқты мәселелер қамтылған. Автордың өзі «Шағын тиражбен шыққан өзінің құндылығын жоғалтпаған бұл кітап елге тарамаған. Сондықтан ұзақ жасауға қатысы бар тараушаларын көшіріп, осы кітапқа енгіздім», – деп жазады.

Эссенің ерекше үлгісімен жазылған

Жағыпар ақсақал «Ағынан жарылған алғы сөзінде»: «Мен Кеңес Одағы орнағаннан кейін туғандықтан, совет халқы сияқты коммунистік тәрбие алдым. Кеңес одағы компартиясының мүшесі болдым. Ес жиып, етек жапқаннан бергі естігенім «Алда жарқын болашақ бар, коммунизм орнайды, ақиқат үстемдік құрады, байлық әркімнің қабілеті мен мұқтажына қарай бірдей бөлінеді, адамды адам қанау болмайды. Құдай жоқ, дін – апиын, бұл рахат өмірге ұлы Сталин бастап апарады!» деген сөздер болды. Кеңес одағы адамдарының көпшілігі, соның бірі мен осы үгіт-насихатқа кәдімгідей нанып, «коммунизмге үлес қосамыз» деп аянбай еңбек еттік, соғыс кезінде Отанды қорғадық. Аса қиын тапшылық жағдайда бәріне де шыдап, жан аямай жұмыс жасадық, денсаулықтан айрылдық. Енді қартайғанда ойлап отырсам, соның бәрі жалған екен. Коммунизм орнамады. «Осы кісі осылай жұмыс жасап еді» деп ешкім де айтып жүрген жоқ. Жүйкемді босқа тоздырып, денсаулығымды босқа бұзыппын. Қазір сол өзімді аямаған жанкешті өмірімнің зардабын тартып жүрмін… 90-нан асқан ауру және шала сауатты адамға жазу да оңай емес көрінеді», – дейді.
Бұл «шала сауаттылық» емес, француз философы Мишель Монтень енгізген эссе жанрына тән стиль. Біле білген адамға «Көп ауырып, көп жасаудың құпиясы» атты кітап – эссенің ерекше үлгісімен жазылған өте құнды дүние.
1941 жылы 18-ге жасы толмаған бозбала әскер қатарына шақырылып, соғыс майданына бір сыныпта оқыған Мәлғаждар, Ғарифолла деген достарымен қатар аттанады. Екеуі аман-есен оралып, Мәлғаждар мерт болғандықтан, Жағыпар аға тұңғыш ұлының атын Мәлғаждар деп қояды.
Жағыпар Жүнісжанұлы соғыс аяқталғаннан кейін де әскери қызметтен босатылмай, Кеңес-Финляндия шекарасында басшылық қызметтер атқарады. Тек 1950 жылы 9 жыл дегенде Ғарифолла екеуі елге аман-есен оралады. Содан аудандық партия комитетінде әуелі нұсқаушы, одан кейін бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Осы кезде Семейдегі малдәрігерлік институттың зоотехника мамандығын сырттай бітіреді. Күні-түні тынымсыз жұмыс істеуге тура келеді. Өйткені, Сталиннің өзі қолданған тәртібі бойынша кешкі жұмыс уақыты сағат 19-дан түннің бір уағына дейін созылады екен. Бұл үрдіс Сталин өлгенге дейін жалғасыпты. 1963 жылы бақылау комитетінің төрағасы, 1967 жылы аудандық газеттің редакторы, 1971-1985 жылдары атқару комитеті төрағасының орынбасары болып, осы жұмыстан зейнеткерлікке шығады.
1931-1932 жылдардағы ашаршылықты, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінді, 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысты, 1949-1989 жылдардағы атом бомбасын сынауды көзімен көрген қарияның шығармашылық өмір жолымен танысу жас толқынның ізденуіне, қызығуына, ой қорытуына әкеледі.

Ең бастысы – өмірге құштарлық

Қарияның жарық дүниеге келуі де қызық. Әкесі Жүнісжан жылқышы бола жүріп, қолынан құранын, аузынан дұғасын тастамаған діншіл адам болыпты. Шешесі Мұхиманың айтуынша, «Сен тезек теріп жүргенімде, Сарғалдақ өзенінің бойында далада тудың», – деген сөзі бар. Ашық аспан астында, әсем табиғат аясында дүниеге келген осынау тұлғаның қанша ауырса да жадынан жаңылмауына, есте сақтау қабілетіне, арман аңсарына әсер еткен тән, жан, рухты байланыстыратын күшті қуат сол кіндік қаны тамған топырақтан сіңгендей.
Десе де, қария ұлтабар, ішек-қарын, қолқа, өкпе, ұйқы безі, бүйрек, бауыр, жүрек-қан тамырлары сияқты бойына мекендеп алған ауруларымен саналы түрде күресе білген. «Маған атеросклероз сосудов головного мозга» деген диагнозды қойғанына елу жыл болды. Бұл ауру не жазылмайды, не алмайды, денеме әбден сіңісті болып алды. Негізгі белгісі: миымның үстінде бір нәрсе басып-жаншып тұрғандай ауыртпалықты сезінемін. Қалғып кету – ауруға бейімделудің бір нышаны. Әкем де басының мең-зең боп тұратынына, ұмытшақтығына, кейде алжасқандай болатындығына шағым жасайтын», – деп жазады.
Қария он бес жыл бұрын осы аурудың кесірінен ишемиялық инсульт алса да, өзін-өзі емдей білген. Жүрек пен қан тамырларының саулығы үшін қажетті кеңестерді санамалап көрсетеді. «Туберкулез – кәрі жолдас» деген тараушада бұл ауруды қазақтың «құрт ауру» деп атайтындығын айта келе, 30 жасында жабысқан осы дертпен күресу жолын көрсетеді. Бұл ауру арада 60 жыл өткенде ақсақалға қайта айналып соғады. Одан да жазылып шығады. Мұның ең басты қорғану құралы – дәрігердің емін қабылдағаннан кейін халықтық ем-домды тоқтатпай күтіне білу. Бұған бір-екі ғана қарапайым мысал келтірейік. 1 литр қайнаған суға чеснок пен лимонды үккіштен өткізіп, 5 күн тұндырады. Дайын болған қоспаны тамақ алдында 20 минут бұрын үлкен ас қасықпен күніне 3 рет қабылдайды. Сондай-ақ, 200 грамм сүтке қытай қызыл бұрышын жатар алдында қайнатып ішіп отырса, ол да жөтелдің бірден-бір емі екен. Тіпті, еш қиындық туғызбайтын 2-3 тал чесноктың тармағын турап-жаншып, жарты литрлік ыдысқа салып, үстіне қайнап тұрған ыстық су құйып, біраз бал қосылған тұнбаны қалағанша бір мезгіл ішіп қойса, қан қысымы ретке келіп және тамырдағы түйіннің (тромба) жойылуына тигізетін ықпалы бар екен. Ақсақал пияз, сарымсақ, жуа, рауғаш, қызыл бұрыш, қара бұрыш, лимон, т.б. сияқты табиғи антибиотиктерді пайдалана білудің маңыздылығын, мәселен, бала күнінде тау жуасын жеп жазылған «көксау» атанған адамды көргенін, ал «көкке аузы тиген малдың» маңқа ауруынан қолма-қол айығып кететінін жылда көріп жүргендігін айтады.
«Ұзақ өмір сүрудің ешқандай құпиясы жоқ. Ең бастысы -өмірге құштарлық, көздеген мақсатыңа жету үшін тыным таппай, өзіңе-өзің маза бермей, қозғалыста және белсенді әрекетте болу ғана», – дейді ақсақал.
Сексен жасқа дейін велосипед тепкен И.Павловтан бастап, Пол Брегг, Парфирий Иванов, Николай Амосов, Александр Микулин, Богомольц, Төрегелді Шарманов, Мырзакәрім Нөрбеков сияқты ұзақ жасаған академик ғалымдар тұжырымдарына да арнайы тоқталып, «Ұзақ жасауды уағыздаған «Аңыз адамдар» деген тарауша арнаған. Американдық белгілі диетолог, невропотолог Джонни Боу анықтаған денсаулыққа ең пайдалы 12 түрлі нәрлі заттар мен дәрумендерді атап көрсетеді.
Жалпы, осы еңбекте ғылым мен тәжірибені шебер ұштастыра білген Жағыпар Жүнісжанұлы өзі қолданған ем-дом түрлерінің тиімді жақтарын ерінбей ұғындырып, түсінікті тілмен баяндап беру арқылы келешек ұрпақтарына ғибраты мол тамаша іс тындырғанын астын сыза айтуымызға болады.

Руда Зайкенова,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің профессоры

Осы айдарда

Back to top button