ХҚО-лар көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Республика күніне орай Өскемендегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері күні бойы өз клиенттеріне кәдесыйлар таратты. Атап айтсақ, келушілерге дәмі тіл үйірер «Kazakhstan» шоколадтары мен еліміздің шағын көк тулары сыйға берілді.
Іс-шара ел халқының бірлігі мен алдағы ұлттық мерекені қолдау және отандастарымыздың патриоттық сезімін ояту мақсатында ұйымдастырылды.
– Мұнда жеке төлқұжат жасату үшін келгенмін. Мекеменің жайдары мамандарынан осындай күтпеген сыйлықтар алып, қуанып қалдым. Көп рақмет, өркендері өссін! Баршаны ұлттық мейрам – Республика күнімен құттықтаймын! Бірлігіміз нығайып, халықтың әл-ауқаты жақсара берсін! Еліміз аман, жүртымыз тыныш болсын! – деді қала тұрғыны, зейнеткер Мұхлиса Шәкірова.
Мереке күндеріне байланысты бүгін ХҚО-лар әдеттегі жұмыс кестесі бойынша сағат 18-ге дейін, ал кезекші ХҚО-лар сағат 20-ға дейін қызмет істейді.
24 қазанда тек кезекші ХҚО-лар мен автоХҚО-лар жұмыс істейді. Олар сағат 9-дан 13-ке дейін қабылдайды. 23-25 қазан – демалыс күндері. 26 қазаннан бастап барлық орталық әдеттегі кесте бойынша жұмыс істейтін болады.
Ержан Кеңесұлы