Қоғам

Хәкімнің тойы туған топырағында дүркіреп өтті

Хәкімнің тойы туған топырағында дүркіреп өтті

Адамзаттың Абайын дүниеге әкелген ұлы далада тағы да дүбірлі той болды. Екі күн бойы Семейде болған ақынның 170 жылдық мерейтойына арналған шаралар легін қасиетті Қарауыл жұрты жалғастырып әкетті. Ұлы ақынға арналған ұлан-асыр тойға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысты.

Бабалар рухына тағзым етті

Хәкімнің тойы туған топырағында дүркіреп өтті

Ұлы Абайды қалай ұлықтасақ та, қалай дәріптесек те жарасады. Өйткені, Абай – ұлттық шеңберден шығып, адамзаттың ортақ ұлына айналған тұлға екені сөзсіз. Хакім Абайдың 170 жылдық мерейтойына алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтар тамыздың 7-сі күні Семейді артта қалдырып, қасиетті Қарауыл жеріне жетуге асықты. Күн ұясынан әлі көтерілмей тұрып, біз де күллі адамзатқа Абайдай ұлы тұлғаны сыйлаған киелі мекенге бет алдық. Семейден Қарауылдан шығаберістегі жолдың шетінде «Абай жолы» атты ескерткіш тақта менмұндалайды. Иә, бұл жол – талай рет дана Абайдың өзі шиырлаған жол. Осынау жол бала Абайдың дана Абайға айналғанының куәсі болды. Абай жолы, бұл – өмір жолы. Абай осы жол бойында есейді, ақыл-ойдың алыбына айналып, адамзаттың Абайы атанды.

Хәкімнің тойы туған топырағында дүркіреп өтті

Абай туған өлкеге бет алған барлық жолаушылар секілді біз де Семей-Қарауыл тасжолының 54 шақырымындағы Күшікбай бұлағына аялдадық. Күшікбай – ХҮІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген уақтың батыры. Ішсең, сарайыңды қандыратын осынау мөлдір бұлақ елі мен жерін жаудан қорғап, небәрі жиырма бір жасында мерт болған батырдың есімімен аталыпты. Бұлақ маңын 2014 жылы «ОблШығысжол» мекемесі абаттандырған екен. Арнайы тақтайшаға абайлық ақын Төлеген Жанғалиевтың:
Сылдырап қысы-жазы ағатұғын,
Суын ішсең, құмарың қанатұғын.
Бар ұрпаққа жеткізіп тұратұғын,
Батыр болған кешегі баба сырын.
Бұл бұлақ «Күшікбай» деп аталады,
Тоқта, мейман, көп алда сапар әлі,
Бұл бұлақтан су ішкен адамдардың,
Ғұмыры бір ғасырға жасарады, – деген өлең жолдары да жазылып қойылыпты.
Айта кетейік, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» атты әңгімесінде баяндалатын оқиғаның орын алатын жері де – осы жер. Осы жердегі төбеге Күшікбай батыр мен Ғазизаға арнайы ескерткіш те орнатылған.
Жалпы, Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай Абай ауданында бірқатар тарихи ескерткіштер жөнделген көрінеді. Соның бірі – «Еңлік-Кебек» кесенесі. Махаббат символына айналған қос ғашықтың кесенесіне баратын жолға асфальт төселіп, маңайы абаттандырылыпты. Қос ғашыққа әдемі ескерткіш те тұрғызылған екен.
Міне, Жидебай… Ақын Абайдың мәңгілік тыныс тапқан мекеніне облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ арнайы ат басын бұрды. Осындағы ақын мұражайын аралап, ұлы ақынның мұрасын насихаттау, сақтау жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, Жидебайдағы арнайы жабдықталған қонақүйі, халыққа қызмет көрсету орны, конференция залы және жатын орны бар кешенге де бас сұқты. Жеті-сегіз жыл бойы сергелдеңге түскен осынау кешеннің тағдыры ақыры облыс әкімінің араласуымен Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында оң шешімін тапты. Енді бұл кешен халықтың игілігіне пайдаланылмақ. Аймақ басшысына алғысын айтып жатқан жұрт та жетерлік.
Бұдан кейін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бастаған топ күмбездерін күн сүйген кесенеге барып, бабалар рухына тағзым етті. Абай ауданы мешітінің бас имамы Болат Самырбаев алдымен Абайдың, содан соң Шәкерім бабаға арнап құран оқыды.

Нұғымаров қарсылас шақ келтірмеді

Хәкімнің тойы туған топырағында дүркіреп өтті

Той дегенің қызық-думансыз, бәйгесіз болушы ма еді! Қазақтың тойының көрігін қыздыратын қашанда ақындар мен балуандар екені белгілі. Тұлпарлардың тұяғы дүбірлемеген, ақындардың саңқылдаған үні естілмеген тойды қазекең той деуге арланады. Ондай тойды «жетім қыздың тойындай» деп жатады кейде қомсынып. Ал қазақ үшін Ұлы Абайдың тойының жөні бөлек. Қазақ үшін Абайдан аяулы есім жоқ. Абай тойы – күллі алаштың тойы. Сондықтан да облыс, аудан басшылығының Абайдан аянып қалған да жері жоқ. Еліміздегі тұяқтарынан от шашқан тұлпарлар да, аузынан маржан төгілген ақындар мен күші тасыған балуандардың барлығы бұл күні Қарауылға жиналған екен. Таңертеңгі сағат тоғыздан өте Абай ауданының орталығындағы Құнанбай алаңында Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанның спорт қайраткері, Абай ауданының құрметті азаматы, дзюдо күресінен еліміздің бас бапкері болған Манарбек Таутанов атындағы турнир басталса, ал аудандық Мәдениет сарайында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты республикалық ақындар айтысы шымылдығын түрді.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Құнанбай атындағы орталық алаңдағы қазақ күресінен болған республикалық турнирді арнайы барып, тамашалады. Доданың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші Нұрлыбек Ермағанбетов республикалық турнирдің өту тәртібімен таныстырып өтті. Абай ауданындағы спорт мектебінің директоры Қуат Қалиев бізге қазақ күресінің мәртебесін асқақтатқан бұл республикалық турнирге еліміздің сегіз облысынан 50-ге жуық спортшы қатысқанын айтты. Республикалық турнирдің жүлдесі де қомақты. Салмақ дәрежесі 74 келіге дейінгі өгіз палуанға 500 мың теңге, ал салмағы 74 келіден жоғары түйе балуанға автокөлік тігілген. Десе де, жарысты тамашалаған жұртшылық әу бастан-ақ түйе балуанның Айбек Нұғымаров болатынына шәк келтірмеді. Айбек алғашқы айналымның өзінде-ақ шығысқазақстандық қарсыласы Мерей Кеңесовті 1 минут 29 секундта алып соқса, ал екінші айналымда небәрі 29 секундта қарсыласының жауырынын жер иіскетті.
Біз алаңда «Қазақстан барысы-2014» турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсыновты кездестіріп, бір ауыз тілдестік.
– Абай атамыздың 170 жылдығы аясында Манарбек Таутановты еске алуға арналған турнир жоғары деңгейде өтіп жатыр. Түйе балуанның Айбек Нұғымаров болатынына күмәнім жоқ, – деді ол бізбен әңгімесінде. Мұхит Тұрсынов қазіргі күні Семей медицина университетінде денешынықтыру кафедрасында мұғалім болып қызмет істеп жүрген көрінеді.
Шынында да, Мұхиттың айтқаны айдай келіп, абайлық балуан Айбек Нұғымаров бас бәйгеге тігілген жеңіл автокөлікті қанжығасына байласа, өгіз балуан атанған оңтүстікқазақстандық Ерсұлтан Мұзаппаров 500 мың теңгеге ие болды.
Бұл кезде Қарауылтөбеге де қарақұрым халық жиналған болатын. Ақ шаңқан киіз үйлер анадай жерден көз тартып, көңілді сүйсінтеді. Тек Абай ауданының өзі ғана осынау тойға 33 киіз үй тіккен көрінеді. Сондай-ақ, Семей қаласы мен Көкпекті, Бесқарағай, Бородулиха аудандары да қалыс қалмаған. Ұлы Абайдың 170 жылдығына арналған «Абай тойы – халық тойы» атты мерекелік шараға жиналған жамағатты облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ құттықтап, сөз сөйледі.
– Ардақты ағайын, қадірлі қонақтар! Сіздерді қазақ халқының бас ақыны – Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы» деп атап көрсеткен болатын. Абай – қазақ халқының ұлы ұстазы, тәрбиешісі. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген бір ғана сөзі бейбітшілік пен ынтымаққа, бірлік пен татулыққа үндеген құнды өсиет, ұлы мұра, – деген облыс басшысы биыл еліміз бойынша Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, Ұлы Жеңістің 70, Конституцияның 20 және Ұлы Абайдың 170 жылдығы мерекеленетін тарихи жыл екенін айтып, «Ұлы бабамызды ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – біз үшін қасиетті парыз» екенін еске салды.
– Абай сөздері – келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш пен қайрат беретін қайнар бұлақ. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп данышпан айтқандай, байтақ еліміздің әрбір азаматы бір-бірін дос көріп, бауырындай сүйсе, алар биіктеріміздің көп болары анық.
Торқалы той өтіп жатқан Шыңғыстау өңірі – тарихи, шежірелі өлке. Адамзат тарихындағы ұлы ойшылдардың бірі – данышпан Абай өсіп-өнген, ұлтымыздың біртуар ұлдары – кемеңгер Шәкерім, ғұлама Мұхтардың ізі қалған киелі мекен бар қазаққа ыстық.
Бүгін біз Абай елінің дамығанын, ауылдардың көркейгенін, сәулетті дәулеті артқанын көріп қуанамыз. Қазақтың бір ғана Абайы бар. Ақынның туған жерін аялау, абаттандыру, халқының тұрмыс деңгейін жақсарту – баршаға ортақ міндет, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің сөзінен кейін театрландырылған көрініс басталып кетті. Ауыздығымен алысқан арғымақ мінген жігіт Абай тойының басталғанын айтып, сүйіншіледі. Мамай батыр бастаған, Тоқтамыс батыр қостаған батырлар шеруі, шара толы қымыз ұсынған қыз-келіншектер, көш керуен осынау көріністі одан әрі әсерлендіріп, ажарын аша түскендей болды.
Жалпы, осы арада Қарауылтөбедегі осынау үлкен мерекелік шараны ұйымдастыруға атсалысқан өнер адамдарының да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Абай аудандық халық театрының режиссері Дулат Қабдолдиннің айтуынша, Қарауылтөбедегі мерекелік шараның сценарийін жасап, әзірлеуге Семей қаласындағы Абай театры, «Дариға-ай» жастар театры, облыстық драма театрының режиссерлері ерекше еңбек сіңірген көрінеді. Тек қана Қарауылтөбедегі «Көш керуен» атты театрландырылған көріністі қоюға 300- дей адам қатысқан.
– Бұл «Көш керуен» атты театрландырылған көріністе біз сонау 1780 жылдары Сырдың бойынан Шыңғыстауға бет түзеген Мамай батырдың көшін халықтың көз алдына әкелгіміз келді, – дейді Абай аудандық халық театрының режиссері Дулат Қабдолдин.
Иә, осы күні Қарауылда Мамай батырға еңселі ескерткіш тұрғызылып, сән-салтанаты жарасқан саябақ та ашылған болатын. Ат үстіндегі батыр бабаның ескерткіші – 3,8, ал тұғыры 4,5 метрді құрайды. Жобаны Мамай батыр қоры қаржыландырған. Қор жетекшісі Базарбай Бейсенбаевтың айтуынша, ескерткіш құрылысына 4,5 млн. теңге жұмсалыпты. Ғұмырының алпыс жылын ат жалында өткізген Мамай батыр мүрдесі Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген.

Хәкімнің тойы туған топырағында дүркіреп өтті

Сөйтіп, көптен күткен жорға жарысы да басталды. Бұл жарысқа барлығы он екі жорға қатысты. Жеті жарым шақырымдық жерге шапқан он екі жорғаның ішінен 6-шы нөмірлі «Семей» агрофирмасының жорғасы мәре сызығын бірінші болып аттаса, екінші болып абайлық Қымбат Аяпбергеновтің, үшінші болып шемонайхалық Николай Воробьевтің жорғалары келді. Жүлдегерлер тоңазытқыш, теледидар, кір жуатын машина секілді электр тауарларына ие болды.
– Биыл жорға жарысы бірінші рет болып отыр. Жорға жарысына Семей қаласы мен Бесқарағай, Катонқарағай, Шемонайха, Көкпекті, Абай аудандарынан да жорғашылар келіп қатысты. Барлығына шексіз ризамыз. Оларды әрдайым Абай атамыздың аруағы қолдап-қорғап жүрсін, – дейді төреші Серікхан Әбілов.
Ал бесін ауа басталған 15 шақырымдық топтық жарыста Алматы облысынан келген Рүстем Досжановтың Айғара атты сәйгүлігі оқ бойы озып шығып, жеңіл көлікке ие болса, 25 шақырымдық аламан бәйгеде алматылық Ғабит Үмбетовтің Ақбақай жүйрігі бірінші боп келіп, «Джип» көлігін иеленді.
Қарауылтөбедегі тойда сауданың да көрігі қызды. Ұлттық нақыштағы кәдейсыйлар мен бұйымдарды тойшыл қауым таласа-тармаса сатып алып жатты.
– Бүгін біраз дүниелерім сатылып кетті, – дейді семейлік қолөнер шебері, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Ардақ Дүйсенғазин.

Қарағандылық ақынның бағы жанды

Хәкімнің тойы туған топырағында дүркіреп өтті

Аудандық Мәдениет үйінде Ұлы Абайдың 170 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты республикалық ақындар айтысының финалы өтті. Абай тойының мерейін асырып, шоқтығын биіктеткен айтысты Жүрсін Ерман өзі жүргізді. Аламан айтысқа еліміздің әр аймағынан Айбек Қалиев, Серікзат Дүйсенғазин, Айнұр Тұрсынбаева, Әсем Ережеқызы, Сара Тоқтамысова сынды 12 үздік ақын қатысып, бақтарын сынады. Қазылар алқасына филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев төрағалық етті.
Жалпы, бұл айтысқа қатысқан ақындардың қай-қайсысы болмасын үлкен дайындықпен келгені көрініп тұрды. Ешқайсысы да сөзден тосылған жоқ. Тек қарағандылық ақын Дидар Қамиев «Абайдың дүрілдеткен бұл тойына, абайсызда келіп қалғанын» көпшілікке жайып салды. Дидар ақын о баста өзінің аты-жөнінің айтысатын ақындардың тізімінде болмағанын, айтысқа бір ақынның қатыспайтыны белгілі болып, Аманжол ағасы «тез жет» деген соң, не де болсын Ұлы Абайға арналған айтысқа дайындықсыз келіп қалғанын өлең тілімен әдемі өріп жеткізді. Тіпті «Бұл келген ақындардың арасында, жалғыз-ақ қаракесек мен боп тұрмын» деп өзінің Ұлы Абайға жат емесін емеурінмен білдіргендей болды. Қарсыласы астаналық Мейірбек Сұлтанхан Қарағандыда Абайдың көшесі жоқ дегенде де, Дидар: «Қарағанды қазақта жалғыз қала, Ұлы Абайдың атына қала берген» деп сөз тауып кетті.
Айтыс сүйер қауым үшін Айбек Қалиев пен Айнұр Тұрсынбаеваның сөз қағысуы да ерекше қызықты болды. Айнұрдың айтыстың арқасында қырық шақты көлік мінген ақын екені бұл жолы да сөз болды. Қандай қиын жағдайдан болсын жол тауып кететін Айнұр бұл жолы да қарсыласын:
Көлігің аздау болса да
Көңілің кедей болмасын, – деп жұбатты.
Осынау айтыста ақындар Семей мен Қарауыл арасындағы жол сапасының нашарлығын сын садағына алды.
Сөйтіп, Ұлы Абайдың 170 жылдығына арналған республикалық айтыстың бас жүлдесін қарағандылық ақын Дидар Қамиев қанжығасына байласа, бірінші орынды Сара Тоқтамысова, екі екінші орынды Тілеген Әділов пен Аспанбек Шұғатаев, ал екі үшінші орынды Айбек Қалиев пен Өміржан Көпбосынов өзара бөлісті.
Айтыстың соңында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Қарауылда айтыстың соңғы рет 2011 жылы болғанын, Ақылбайдың, Көкбайдың, Шәкерім атамыздың мерейтойларына байланысты осы Мәдениет сарайында тамаша бір айтыс ұйымдастырылғанын, енді, міне, кешеден бері Ұлы Абай атамыздың 170 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқанын, Семейде үлкен шаралар өтіп, оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА келіп қатысқанын айтты.
– Қарауылдың құты кетпеген ауыл екенін барлық қазақ біледі. Соның бір ірі шарасы ретінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Ұлы Абай тойында ақындар айтысын өткізбеу мүмкін емес деп облыстық бюджеттен қаржы бөліп, осы айтысты ұйымдастырып отыр, – деген облыс әкімінің орынбасары айтысқа қатысқан ақындарға, айтысты жүргізген Жүрсін Ерманға алғыс айтты. Құдай қаласа, енді бір бес жылдан кейін Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойланатынын жеткізді.

Мейрамтай Иманғали

АБАЙДЫҢ ҚАСҚАБҰЛАҒЫ

Абайдың Қасқабұлағы,
Сағасы інжу-маржаннан.
Жағасы жасыл пүліштен,
Тамшысы алтын, күмістен.
Жапырақ сүйген бетіңнен,
Суыңнан сұлу гүл ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,
Елімді қорғар қылыш па ең?
Жеріме біткен ырыс па ең?
Ай сүйіп асыл ерніңнен,
Күлімдеп келіп Күн ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,
Ағасың асқақ тыныспен,
Шайырсың дәйім жыры үстем.
Батыспен байтақ тілдестің,
Шұғыласын шашқан Шығыспен.

Абайдың Қасқабұлағы,
Тұлпарлар тоқтап су ішкен,
Тұлпардай сен кең тынысты ең.
Етпеттеп жатып жағаңда
Бала Абай сенен су ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,
Ұлы ақын мұңын бөліскен,
Сөйлеспей жақын туыспен.
Іштегі өртін сөндіріп,
Дана Абай сенен су ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы –
Қазағым атын қойған су,
Әлемге атын жайған су.
Шақпаққа бара жатқанда,
Шәкерім бетін шайған су.

Абайдың Қасқабұлағы –
Әуелеп шабыт қуған су,
Әуезов үні туған су.
Бетінде кілкіп қаймағы
Мұқаңның сөзі тұнған су.

Абайдың Қасқабұлағы –
Халқымның аққан жыр-әні,
Көрмедім сендей тұманы.
Жағаңда сенің, киелім,
Ұлылар ғана туады.

Абайдың Қасқабұлағы,
Қырық өрім таспа бұлағы,
Аспанның аспа бұлағы.
Отыз жыл ойран салса да,
Қырық жыл қырғын болса да,
Мөлдіреп жатыр суы әлі,
Абайдың Қасқабұлағы!

Бауыржан ЖАҚЫП, ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері

Осы айдарда

Back to top button