Қоғам

Хиттенованың көрпелері «хитке» айналып тұр

Хиттенованың көрпелері «хитке» айналып тұр

Айғыз ауылында он саусағынан өнер тамған» жандар баршылық. Солардың бірі – Бәтима Хиттенова апай. Бүгінде ол бейнетінің зейнетін көріп отырған адам. Ауыл тұрғындарына ұзақ жылдар күнделікті газет-журналдар мен хат-хабарларды жеткізіп еңбек еткен ол кісі зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырмады. Бүгінде Бәтима апаны құрақ құраудың нағыз шебері десек те болады.
5 бала тәрбиелеп өсірген ана бүгінде немере-шөберелерін бағып-қаққан ардақты әже.
– Зейнет жасына жеткен соң енді не істеймін, немен айналысам деген ой да болған жоқ, -дейді Бәтима әже. – Қыз кезімнен өзімнің кәсібіме айналған құрақ көрпе тігуге қайта көбірек уақыт табылғанына қатты қуандым. Мына көрпелердің барлығын да өткен жаз айында тігіп шықтым. Бір сәт дамылдап отыруға уақыт жоқ. Қыздың жасауы деп, құда-құдағиларға деп тапсырыс берушілер болып тұрады. Солардың барлығының да көңілінен шығуға тырысамын. Бұл енді ата-бабаларымыздан келе жатқан бір өнер ғой. Мына бір көрпелер мен көрпешелер, мәселен, қыздың жасауына арналған. Жалпы, құрақ құрау үшін алдымен, қажетті материалдарды таңдап аламын. Сосын олардың түрі мен түсіне, матасына қарай сұрыптаймын. Маталардың барқыт, жібек, сиса, сәтен сияқты кесінділерін жеке-жеке бөліп алам да не бірыңғай барқыттан, немесе бірыңғай жібектен құрақ құрай бастаймын. Әрине, әрбір түстің бір-біріне сәйкес келуіне, бірін-бірі ашып тұруына көңіл аударамын. Мұндағы басты мақсат – қалдық қалдырмау, яғни, ысырапқорлыққа жол бермеу керек. Қазіргі кезде көптеген адамдар қыздың жасауына оюлы, сырылған көрпелерді арнайы тапсырыспен тіккізеді. Жалпы, қолдың көрпесінің базарлар мен дүкендерде сатылатын көрпелерден айырмашылығы көп қой. Қолдың көрпесі дүкен көрпесінен мамықтай жылылығымен, ішіндегі жүнінің қапсырылып тігілуімен ерекшеленеді. Кез келген құрақ көрпенің ең бірінші қандай мақсатқа арналғанына назар аудару қажет. Мысалы, тіккен дүние қыздың жасауы болса, ою-өрнек те қыздың өскен ортасы мен алған тәлім-тәрбиесінен хабардар етуі керек.
Жалпы, қазақтың қолөнерінің түп төркінінде ғарышпен байланыс бар екендігі айтылады. Шындығында, этнографтардың айтуынша, құрақ көрпешелердегі үшбұрыштың және оған қиысатын барлық элементтердің мәні мен мағынасы айрықша. Үшбұрыш магиясының мәні үш дүниені тұтастыра білуінде жататын көрінеді. Бабаларымыздың ұғымында үшбұрыш – су, жер, ауа – үш ғаламның белгісі болып саналатын балықты, оқты, құсты меңзейді. Мұндай үшбұрыштың ішіне қошқар оюы қиысса, ол отты бейнелейді-міс.
Міне, Бәтима апамыздың қолынан шыққан, көздің жауын алатын қолөнер бұйымдарының осындай сыры бар. Ол кісі өзінің құрақ көрпелері мен көрпешелері, бөстектері мен төсеніштері секілді туындыларын аудан орталығында, ауылда болып жататын шараларда көрмелерге де қойып келеді. Рас, бұларды ұнатып сатып алушылар да табылып жататыны жасырын емес.
– Бәтима Хиттенова апамыз осы Айғыз ауылындағы он саусағынан өнер тамған, қолы ісмер адам. Апамызға қай кезде барсаң да, қолынан келгенін аямай, ортақ іске бірге жұмылып кетеді. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы болар, -дейді Айғыз ауылының әкімі Мереке Сыдықов бізбен әңгімесінде.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button