Қоғам

«Химия кіріп шықпайт миыма»

Жоғары оқу орындарының студенттері қай саланы меңгеріп жатпасын олардың бәрі студент, бәрінің әлеуметтік мәртебесі бірдей.  Соған қарамастан ШҚТУ-да техникалық мамандықтарды меңгеріп жатқан студенттердің шәкіртақысы педагогикалық мамандықтарға оқып жатқан студенттердің шәкіртақысынан әлдеқайда төмен. Педагогикалық бағыттағы студенттер қазір 67 мың теңге, техникалық бағыттағы студенттер 41 мың теңге (биылдан бастап өскені) шәкіртақы алуда.

Жоғары, орта оқу орнын бітірген  техникалық мамандық иелерінің жұмысқа барған жерінде алатын жалақысы да өздеріндей жас мұғалімдердің, басқа да мамандық иелерінің алып жатқан еңбекақысынан  анағұрлым  аз, 200 мың теңгеге де жетпейді.   Еліміздің, өңіріміздің технологиялық дамуына техникалық мамандық иелеріне деген мұндай сыңаржақ көзқарас өз кедергісін тигізбей отырған жоқ. Ал аймақтағы жылу энергетика орталықтарында, коммуналдық қызметтерде, ауыл шаруашылығында, тау-кен, металлургия өндірістерінде, электр энергиясымен қамту салаларында, қысқасы, инфрақұрылым, өндіріс, өнеркәсіппен байланысты барлық салада техникалық мамандар, кәсіби мамандар тапшылығы әлі күнге дейін өткір мәселе күйінде қалып отыр.

Коуч емес,  инженер керек

Қаланың бір ықшам ауданында құрылыс жүріп жатыр екен. Көп қабатты тұрғын үйдікіне ұқсамайды. «Бұл жерде не салынады?» десем, демалу, сауықтыру нысаны дейді. Жақсы. Ол да керек. Алайда оның орнына зауыт, фабрика салынса, тіптен жақсы еді. Қазақстанымызды технологиялық жағынан дамытып қана технологиялық тәуелсіздікке, дербестікке жетеміз. Елімізге коуч, қаржыгер, заңгер, блогер, денешынықтыру мұғалімінен гөрі, техникалық мамандардың түр-түрі керек. Қашаннан айтып жүргеніміздей, қазаққа дәл қазір керегі –өндіріс, өнім. Алайда ашылып жатқаны аз, жабылып жатқаны көп. Түнеукүні өзіміз Ушанов ауылына барып, көріп, жазып келген бал шырын өндірісі де жабылып тынды. Кәсіпорын иесі  жөн-жосықсыз салықтың көптігі, қолдаудың жоқтығы жаңадан ашылған өндірістерге бас көтертпейтінін айтып, жаңа өндірісін жолға қою үшін үлкен омарта шаруашылығын да сатып жіберуге мәжбүр болғанын жазған едік сол кезде.  Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Сумен қамту, жылу энергетика орталықтарының қызметі сенімді, өнеркәсіптің өнімі сапалы болуы үшін техникалық мамандар мықты болуға тиіс. Атом электр стансасын салу үшін де алдымен аталған саланың мықты мамандарын, отандық ғылыми-техника жетістіктерін қалыптастырып, дамыту керек. Көпір салуға, жылу энергетика орталықтарын салуға мол қаржы бөлінгенімен, оны сапалы етіп салатын, қызметін сенімді жүргізетін мықты техникалық кадр керек, әйтпесе арты апатқа әкелуі мүмкін.

– Бәріміз білімге көзқарасты өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет, – деген болатын былтыр ел Президенті де.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ – өңірімізге техникалық мамандар даярлап келе жатқан жоғары оқу орны. Өскемендегі жергілікті университет басшылығы техникалық кадрларға қазіргі технология талаптарына сай білім беріп, облыс орталығындағы кәсіпорындармен, мекемелермен бірлесіп оқу мен өндірісті байланыстыра оқытып жатқанын айтады. Жоғары оқу орнына техникалық кәсіпті меңгерем деп келген студенттерге сапалы білім беріп, тәжірибелерін арттыру және бүгінде өткір тұрған жылумен қамту саласын білікті кадрмен қамтамасыз ету мақсатында былтырдан бастап қаланы жылумен қамтып отырған «Өскемен ЖЭО» ЖШС-де Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың энергетика бағыты бойынша филиалы ашылды. Филиалға «Жылу энергетикасы» және «Электр энергетикасы» білім беру бағдарламалары бойынша төрт оқу аудиториясы кіргізіліпті.

Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:

– Біздің Өскемен ЖЭО-мен осындай ынтымақтастығымыз жас энергетик мамандарды даярлауда өз тиімділігін, нәтижесін береріне сенімдіміз. Болашақ мамандар ЖЭО-да жылу энергетикалық жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді, жылу желілерін, ауа құбырлары мен газ құбырларын дұрыс пайдалануды, жөндеуді және жаңғыртуды үйренеді. Филиал студенттердің кәсіби дағдыларын ойдағыдай меңгеруі үшін дуальды оқытудың негізгі элементі болып саналады. Филиалдың ашылуы студенттерге жылу және электр жабдықтарымен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бітіргеннен кейін жас маман тек теориялық білім емес, сонымен қатар ЖЭО-да жұмыс істеудің практикалық дағдыларын да меңгеріп шығады. Бұл теориядан практикаға көшу процесін жеңілдетіп, студенттер жұмысқа орналасқаннан кейін бірден жұмыс орнындағы кез келген тапсырманы орындауға дайын болады.

Бірнеше жыл бұрын «Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек. Ақындықпен, гуманитарлық біліммен ғана алға озып кете алмаймыз», деп белгілі қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаевтың  айтқаны бар. Өнер, әдебиет, ән-би, күй – бәрі керек. Бірақ жаңа технологиялардың дамыған үстіне дамып, зуылдап бара жатқан заманында оларды меңгеру үшін, кенжелеп қалмас үшін осы бағытта қазаққа қамшы басу керек.

Техникалық бағыттағылардың  шәкіртақысы теңестірілсе

Техникалық жоғары оқу орнының оқытушылары техникалық мамандықтағылардың шәкіртақысы педагогикалық мамандықтарда оқып жатқан студенттердің шәкіртақысынан аз болуы себепті әрі педагогтың еңбекақысы да жоғары болуынан мектеп түлектерінің көбінесе педагогикалық мамандықтарды таңдауы үрдіске айналып бара жатқанын айтады. Грантқа тапсырғандардың көбі жалақысы, шәкіртақысы жоғары педагогикалық мамандықтарды, сондай-ақ, оқуға жеңіл деп гуманитарлық мамандықтарды таңдап жатады. Сондықтан сумен қамту, жабдықтау, энергетика сияқты кейбір техникалық мамандықтарға бөлінген гранттар тіпті игерілмей қалуда. Бұл бір жағы математика мен физиканы жақсы меңгерген оқушылардың аздығынан. Техникалық жоғары оқу орнында математика мен физика негізгі пән, студенттер осы пәндерді мектептен жақсы меңгеріп келуі қажет. Техникалық ЖОО-ға түсу үшін осы екі пәннен емтихан тапсырады. Оқушы әрине, техникалық мамандықты қалап тұрғанымен, өз күшіне, біліміне қарап, физикасы, математикасы жоқ мамандықты, яғни, өзі жақсы білетін өзге пән бойынша, басқа мамандықты таңдайды.

– Техникалық мамандықтардағы студенттердің шәкіртақысын басқалардыкімен теңестіру туралы тиісті министрлікке бірнеше рет хаттар, ұсыныстар жолданды. Бірақ өзгеріс жоқ. Қазір облыста тау-кен металлургия ісі, жол, сумен қамту мамандары, энергетика мамандары аса қажет. Техникалық мамандықтарды таңдайтын мектеп бітіруші түлектер саны жылдан-жылға азайып бара жатыр. Жыл сайын оңтүстік өңірлерге барып, мектеп түлектерін оқу орнымызға түсуге талпындырып, кәсіби бағыт-бағдар беріп, техникалық мамандықтарды меңгеруге шақырамыз. Былтыр да Түркістан, Жамбыл облыстарына барып түлектермен, ата-аналарымен кездесіп қайттым. Оңтүстік жақта да оқушылардың математика мен физикаға қызығушылығы, аталған пәндерді меңгеру дегейі төмен. Менің ойымша, жастар техникалық мамандықтарды меңгеруі үшін алдымен мектепте оларға гуманитарлық пәндермен қатар физика, математика, химия, биология пәндерін де оқытуды күшейту керек, – дейді ШҚТУ қызметкері Қарлығаш Қасымова.

Химиясыз, биологиясыз, физикасыз бүгін мен болашақтың бар жетістігін – нанотехнологияны, индустриялық-инновациялық дамуды, жаңа технологияны, медицинаны меңгеру мүмкін емес. Сондықтан ата-ана да, бала да, пән ұстазы да, үкімет те бұл туралы ойлануы керек.

Күршім ауданының Алғабас ауылындағы Совет орта мектебінде  химия пәнінен сабақ берген Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Тамара Құсманова деген ұлағатты ұстаз болды. Қазір Алматыда тұрады. Жұбайы Сләмхан ағай Мұқанов мектепті сапалы білім деңгейімен  аудандағы барлық білім ордаларының алдына шығарған білікті директор болды. Химия пәніне деген шәкірттерінің қызығушылығын, сүйіспеншілігін оятуға тырысқан Тома апайымыз  сабақ үстінде әдебиетті де, алгебра, химияны да бір-бірімен байланыстырып, ұштастырып әкеліп, тіпті, оқушыларға Менделеев кестесіне арнап өлең де шығартып қоятын еді. Сөйтіп, әдебиетке жаны жақын оқушы элементтер тізбегін өзінше өлеңмен өріп, «купрумды» да, «аурумды» да сөзбен өрнектеп, формулаларды оп-оңай-ақ шығара қойып жататын.

«Химия, химия, кіріп шықпайт миыма.

Тома апай келгенде, отырамын жымия» деп сол кезде  ауылымыздың балаларының аузында әзілмен айтылып жүретін бұл жолдар ғұлама ұстазымыздың күрделі ғылымды ұқтырып, терең бойлатсам деп оқушы жүрегіне өзгеше жол таба білгендігін көрсеткен өшпес өлең болса керек.

Жас ғалымға жол ашық

Химия, физика болсын, адамзат тарихындағы барлық табыстарға білім мен ғылымның арқасында қол жеткізілді. Әр аттап басқан қадамымыз техниканың игілігімен, ауылдағының да, қаладағының да  шаруасының бірсыпырасы қолдан түспейтін телефонның көмегімен жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет тарапынан қазір ғылымға жан-жақты қолдау көрсетіліп, соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қаржыландырудың көлемі ұлғайып, тетіктері жетілдірілуде. Жас ғалымдарды ынталандыру үшін докторантураға және ғылыми зерттеулерге бөлінетін гранттар саны артуда.

Елде 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді және технологияларды коммерцияландыруды (өндіріске енгізуді) қаржыландыру республикалық бюджеттен 3,5 есеге ұлғайтылып, 643 млрд теңгені құрады. Бұл ШҚТУ мамандарын, ғалымдарын да ынталандырып отыр.

Университеттің жас ғалымдары көптеген бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізуде. «Ақылды» ауыл шаруашылығын геоақпараттық қамтамасыз етуге қатысты зерттеулер: беткі жағының биоүйлесімділік қасиеттері жақсартылған медициналық металл импланттарын аддитивті өндіру технологиялары; сұранысқа ие өнеркәсіптік өнімді алу үшін алюминий өндірісінің қалдықтарын пайдалану технологиялары және т.б ғылыми жобалар жас ғалымдардың ізденістерімен іске асырылып жатыр. Бүгінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың жалпы табысындағы ғылымның үлесі – 33%.

ШҚТУ-дағы металлургия ғылымының PhD докторы, халықаралық инженерия мектебінің аға оқытушысы Райгүл Рамазанова Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылындағы орта мектептің түлегі. Ол «Жас ғалым» жобасы бойынша «Тотыққан мырыш кенін өңдеудің жаңа гидрометаллургиялық технологиясын әзірлеу» бағытында ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. 2022-2024 жылдарда жүргізілетін жұмысқа мемлекеттен  19 млн теңге грант беріліп отыр.

– Әлемде, бізде тотыққан мырыш кенінің азғана көлемі ғана өңделіп, қалғаны қалдық күйінде қалып жатыр. Бұл мырыш шикізаты базасының таусылуына алып келе жатыр. Сондықтан мырышты жаңа тәсілмен өңдеудің жолын табу өте өзекті. Мен зерттеп жатқан гидрометаллургиялық тәсіл мырыш кенін сілтілеудің қоршаған ортаға тигізетін зиянын азайта отырып неғұрлым қалдықсыз өңдеуге, шикізатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы ғылым жолында мектепте сабақ берген физика, математика пәнінің мұғалімі Бақытжан Батырханованың берген білімі маған баға жетпес қазына болды, – дейді жас ғалым.

2023-2025 жылдарға арналған 74 млн теңге гранттық қаржыландыруды жеңіп алған жас ғалым, ғылым докторы, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің аға оқытушысы Альбина Қадыролдина «3D сканерлеу және жабындарды  микроплазмалық бүрку технологиялары үшін робот-манипуляторды басқарудың жаңа алгоритмдері» жобасын жүзеге асырып, өз еңбегін машина құрастыру кәсіпорындарына және басқа да өнеркәсіптерге ұсынбақ ойда.

Елімізде ғылымға көңіл бөлініп, қаржыландыру көбейіп жатқан тұста мектепте, университетте сапасыз білім беруді, көрсеткіш үшін сансыз магистрант, докторант даярлауды тыйып, кәсіби бағыт-бағдар беріп, терең білімді, талантты түлектерді, мамандарды, ғалымдарды шығаруға талпынса. Еліміздің табысты болуы – табиғи байлығымызда емес, бәсекеге қабілеттілікте.

 

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button