Қоғам

«Харекет» қоры өскемендік анаға баспана сыйлады

«Харекет» қоры өскемендік анаға баспана сыйлады


Елімізде 2017 жылдан бері жұмысын бастаған «Харекет» қоры көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, игі істердің жанашыры атанып келеді. Игілікті істің жалғасы Өскемен қаласына да келіп жетті. Алғыс айту және «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толған мерейтой күнінде қор мүшелері өскемендік науқас анаға баспана кілтін салтанатты жағдайда табыстады.

Атап айтсақ, қор бастамасымен осы уақыт аралығында «Мың теңгеге баспана» атты жоба аясында республикада тұрмысы төмен 75 жанұя, оның ішінде тоғыз шығысқазақстандық отбасы өз баспаналарына қол жеткізді.

Еліміздегі жетекші партия – «Нұр Отанның» мерейтойына арналған салтанатта көпшілік алдына шыққан «Харекет» қайырымдылық қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Шынар Садықова, қордың Алматы қаласындағы өкілі Бақытжан Жұманазаров жиналған жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, аталған қордың қызметі жайлы маңызды ақпараттарымен бөлісті.

– Біздің республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры 2017 жылы қыркүйек айында Алматы қаласында заңды түрде тіркелген. Бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз. Өткен жылды қорытындылай келгенде, қор әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға алпыс баспана табыстады. 2019 жылдың басынан бері тағы да жұмысымызды жалғастырып келеміз. Қорды қаржыландыру – жастар, әр аймақтардағы еріктілер ұйымдастырған ойын-сауық, спорттық және мәдени шаралар арқылы, сонымен бірге ойын-сауық орталықтарына, мәдениет ғимараттарына қойылған қайырымдылық жәшіктеріне түскен қаржылар арқылы іске асуда. Соның нәтижесінде баспана алып беру ісі жалғасын тауып жатыр. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен партияның кезекті съезінде Елбасы көпбалалы отбасыларға, кембағал жандарға көмек көрсетуге айрықша маңыз беріп, нақты міндет етіп қойды. Сондықтан Президенттің бұл әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру үшін «Харекет» қоры барлықтарыңызды, әсіресе Жастар жылында жастарды қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырады, – деген Бақытжан Жұманазаров дәл бүгін еліміздің төрт қаласында әлеуметтік жағынан аз қамтылған төрт отбасыға төрт бірдей баспана берілетіндігін, соның бірі Өскемен қаласына тиесілі екендігін атады.

Мұнан соң «Харекет» қайырымдылық қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Шынар Садықова сахнаға жалғызбасты ана Жадыра Рүстемованы шақырып, оған баспана кілтін тапсыруды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға ұсынды. Сонымен бірге баспана алуға білдірген қолдауы үшін қала әкіміне қор мүшелерінің атынан ризашылығын білдірді.

– Бүгін маған баспана кілтін тапсырып жатқан «Харекет» қорының барлық мүшелеріне алғысым шексіз. Сіздердің барлықтарыңызға үлкен рахмет, – деді өз баспанасына қол жеткізген Жадыра Рүстемова көпшілік алдында толқығаннан көзіне жас алып.

Жадыра Төлеуханқызы \”Бүйректің зақымдануының соңғы кезеңі\” диагнозы бойынша, 2005 жылдан бері үздіксіз бағдарламалы гемодиализ қабылдап келеді.

– «Харекет» қоры еліміздің барлық қалалары мен аймақтарында қайырымдылық ісімен белсенді айналысып келеді. Жақында қор өкілдері бізге келіп, осы қалада да баспана табыстау жоспарлары барын жеткізді. Сондықтан мұндай игілікті шараны бүгінгідей партияның мерейтойлық күнінде жұртшылық алдында өзгелерге үлгі ету мақсатында салтанатты рәсімде ұйымдастыруды жөн деп шештік. Осындай істерге белсенді, жомарт жүректі барлық облыс тұрғындары қатыса алады. Қазір кәсіпкерлермен бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз, олар да қайырымдылық ісіне қатысуға ниетті екендіктерін білдіріп жатыр. Соған байланысты қазір біз қаладағы көпбалалы әр отбасының әлеуметтік жағдайын зерделеп жатырмыз. Қала бойынша 1846 көпбалалы жанұя тіркелген болса, оның ішінде баспанаға аса мұқтаж 35 отбасы бар. Мәселен, қалада анасына екі ауыр ота жасалған жеті балалы отбасы бар. Зайыбы қайтыс болған, бес баланы бағып отырған жұмыссыз әке бар. Мұндай отбасылар қалада көп. Бірінші кезекте соларға көмектесеміз. Олардың мәселесін шешу үшін партия тарапынан, кәсіпкерлеріміз тарапынан бірлескен жұмыстар атқарылады, алдағы уақытта аталған әлеуметтік мәселелер оң шешімін табатын болады, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Ақпарат ретінде айтсақ, бүгінге дейін «Харекет» қайырымдылық қоры біздің облыстың тоғыз отбасына баспана сыйласа, оның екеуі осы Өскемен қаласына тиесілі.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button