Қоғам

«Ханшайым» халықпен қайта қауышты

«Ханшайым» халықпен қайта қауышты

Үржар ауылынан Мақаншыға қарай шығаберісте бұл өңірде теңдесі жоқ бір ғимарат бой көтерді. Көрген жанға таңдай қақтырмай қоймайтын «Ханшайым» деп аталатын бұл салтанат сарайын, ішкі интерьері мен сыртқы экстерьері үйлескен классикалық үлгідегі мейрамхананы тамашалаушылар қатары көп.
Бір жылдың ішінде ертегідегідей бой көтерген салтанат сарайын «DESIGNDEKOR ШЕБЕР» ЖШС салды. 2004 жылдан жұмыс істеп келе жатқан серіктестіктің басшысы – осы Үржар ауданындағы Жаңатілек ауылының тумасы, бүгінде Алматы қаласында тұратын Нұрлан Есімов деген азамат. Осыған дейін Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Ақсу қалаларында мейрамханалар мен ауруханалардың, мектептердің, емханалардың құрылысын жүргізген. Семей мен Шымкентте күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысқан Нұрлан Саржанұлы өзінің туған жері үшін де көп еңбек сіңірді. Ол өткен жылы Жаңатілек ауылының мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, толықтай жаңалап берген. Сыртқы іргетасынан бастап, еденін, есік-терезелері мен жылу жүйесін де қайта жасап шықты. Бұл оның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінгені деп есептеді жергілікті жұрт.
– Аудан әкімі Серік Зайнулдин «Ханшайым» салтанат сарайының алғаш іргетасын қоя бастағанымызда «Ал, Нұрлан, туған жеріңе өзіңнің мықтап қызмет ететін кезің келді. Енді Алматыда не жасап жүргеніңді дәлелдеуге зор мүмкіндік туып отыр. Сенің эстетикадан хабарың мол, өнер әлемінде де, құрылыста да нағыз марқасқа екендігіңді еліңе көрсететін шағың бұл. Сондықтан аянба!» деген еді. Бәрі де жақсы, ойдағыдай болған сияқты. Тек ауылды жерлерде мамандар тапшы болады да, шет елдерден соларды шақырып, қиналып қаламыз.
– Мына қасбетінің материалын Қырғызстанның Джалалабад қаласынан әкелдік. Сөйтіп, фасады травертин деген таспен қапталды. Ал төбенің суағары, колонналар мен терезелердің жақтаулары фибробетоннан жасалды. Ал дәл Салтанат сарайының алдында тұрған әйел адамның екі мүсіні – 2013 жылы Лайбұлақ пен Жаңатілек ауылдарының ортасынан табылған, біздің дәуірімізге дейінгі IV- III ғасырларда өмір сүрген «Үржар ханшайымының» толық реставрация жасалған бейнесі, – дейді «DESIGNDEKOR ШЕБЕР» ЖШС басшысы Нұрлан Есімов.
Қос қабатты, аумағы 1350 шаршы метр болатын «Ханшайым» салтанат сарайының іші де жоғарыда айтқанымыздай, кірсе-шыққысыз. Барлық өрнегіне алтын жалатқан, төбесі ашық аспан секілді ақша бұлттар аунаған сарай 450 орындықтан тұрады екен. Айтпақшы, ғимараттың толық жобасының авторы Нұрлан Саржанұлының өзі. Себебі, ол – кәсіби суретші. Алдымен, Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, Семейдегі Шәкерім атындағы университеттің көркемсурет, кейін Қазақ жол қатынастары университетінің құрылыс факультеттерін бітірген. Дизайнерліктің де бірнеше курстарын тәмамдаған жан.
– Қазір Мақаншы ауылында тұрғын үйлердің құрылысын қолға алып жатырмыз, – дейді Нұрланның өзі. – Туған жерімізге қызмет ету барша азаматтың міндеті және үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол жауапкершілік үдесінен шығуға талпынудамыз.
Үржардың әсем келбетін айшықтай түсетін ғимарат қазір халыққа қызмет етуде.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button