Хандықтың тойы шекарамен шектелмейді

Ұлтымызды ұйыстыра түскен Қазақ хандығының тойы тамырында қаны ойнаған алаш текті азаматтың бәрін бейжай қалдырмағаны анық. Шекараның арғы бетіндегі ағайындар да 550 жылдық мерейлі тойды өз орталарында биылғы жылдың басты думанына айналдырды.
Алтайдың ар жағында от көсеп, өмір кешіп жатқан баян-Өлгейлік ағайындар қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «550 тауға шығу» акциясын бастап кетті. Аймақ әкімі Дәрмен Құзыкейұлы бастаған ел азаматтары жыл соңына дейін 550 шыңды бағындыруды мақсат етіп отыр. Дала заңын бойына сіңіріп өскен қасқыр мінезді халық үшін ауыл маңындағы айғай-шудан гөрі, тауға шығып, тарихқа тағзым ету мәндірек көрінсе керек. Мереке барысында қазіргі қалақұмар ұрпақты дала үнімен тілдестіруді жөн деп тауыпты.
Бүгінде өлкенің басты туристік көзірі саналатын бүркітшілер тойы да қансонарды күтпестен хандық тойының аясында өтті. Үш мың жылдық тарихы бар төл өнеріміз бен 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының айтулы мерекесі осылайша бір-бірімен үйлесе кетті. «Қыран бүркіт-2015» фестивалінде жылда топ жарып жүрген 90 бүркітші бақ сынасып қана қоймай, ұлттық ойындардың көрігі қызып, қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Бұл жолғы бүркітшілер фестиваліне әлемге әйгілі Ogilyy Entertainment түсіру тобы да келген. Олар аталған фестиваль негізінде 12 жастағы бүркітші қыз туралы «Айшолпанның өмірі» атты деректі фильм түсіріп қайтты. Аталмыш фильм арқылы хандық тойының даңқ шеңбері кеңейе түсетіні хақ.
Атажұрттағы ел ақ түйенің қарнын ақтарып жатқанда алыстағы ағайын жырақта жүрміз деп жасымады. Тарихқа тағзым етіп, тауларды бағындырды, қыранын баптап, қиқу қосты. Сол арқылы тағдырымыз тарыдай шашқанымен, тарихымыз бір екенін әлем алдында тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Қызырбек Дүргінбайұлы