Қоғам

Халықтың жанына жақын бағдарламаға айналды

Халықтың жанына жақын бағдарламаға айналды


Кеше Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарыққа шыққанына бір жыл толуына орай көрме ашылып, осынау бағдарлама аясында қолға алынған ауқымды жобалардың есебі тыңдалды. Бұл шараға еліміздің өзге өңірлерімен бірге Шығыс Қазақстаннан да арнайы делегаттар қатысуда.

Шараның тізгінін ұстаған Президент Əкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Мемлекет басшысы мақаласының маңызына ерекше тоқталып, бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобаларға еліміздің əрбір азаматы белсенді атсалысқанда ғана оның нəтижесі болатынын атап айтты.

– Осынау шараның мақсаты да сол, «Рухани жаңғыру» аясында бір жылда орындалған жұмыстарға есеп беріп, бағдарламаны одан əрі қалай жетілдіруге болатынын ақылдасу, ойласу, – деді Аида Ғалымқызы.

Ал жиында «Аймақтардағы «Туған жер» арнайы жобасының іске асырылуы туралы» есеп берген Президент Əкімшілігінің мемлекеттік бақылау жəне ұйымдастыру-аумақтық жұмыстары жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Мақсат Мұханов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдың ішінде нағыз халықтық бағдарламаға айналғанын жеткізді. Сондай-ақ бұл жиында «Жаһандық əлемдегі заманауи қазақстандық мəдениет» арнайы жобасы туралы Мəдениет жəне спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың, «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасы жайында «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Берік Əбдіғали, «Тəрбие жəне білім» жобасы аясында істелген жұмыстар туралы Білім жəне ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың есебі тыңдалды. Жалпы, сөз алғандардың қай қайсысы болмасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғамды біріктірудегі рөлін ерекше атап айтты.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына арналған осынау көрмеге əр аймақ, əр облыс өз жетістігін алып келіп, зиялы қауымның назарына ұсынды.

Халықтың жанына жақын бағдарламаға айналды

– Біз республикалық көрмеге өңірімізде жүзеге асырылған ең үздік жобаларды алып келдік. Тек өткен жылы ғана шағын жəне орта бизнестің қолдауымен «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде 929 жоба іске асырылды, – дейді «Рухани жаңғыру» жобасының Шығыс Қазақстан өңіріндегі кеңсесінің жетекшісі Ольга Шабалина.

Астанадағы Ұлттық музейде өтіп жатқан көрмеге С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдарының «100 монография» сериясымен жарық көрген ғылыми еңбектері де қойылған. Осынау жаңалық өзге өңірлердегі ғалымдардың да ерекше қызығушылығын тудырып отыр.

– Əрине, біздің М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біраз шаруалар атқарылып жатыр. Бірақ С.Аманжолов атындағы ШҚМУ бұл жағынан озып, көш басында тұр екен. Шынында да бұл бізге өте үлгі боларлықтай іс. Сананың, қоғамның жаңғыруы осындай істерден бастау алады, – дейді М.Қозыбаев атындағы ШҚМУ профессоры Жанар Таласпаева.

Сонымен қатар Астанадағы алқалы жиында белгілі болғандай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бір жылдың ішінде Шығыс Қазақстанда 5,2 млрд. теңгенің 929 арнайы жобасы іске асырылыпты. Оның ішінде «Менің мектебім» бірегей жобасымен алдағы жаңа оқу жылында өңірдегі мектептерде 476 сынып бөлмесі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе, мұның 272-сі роботтық техника кабинеті болмақ. Облыстың аудан-қалаларындағы білім ордаларын Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты бойынша жабдықтауды мұрат тұтқан аталмыш жобаны өңірдің кәсіпкерлері мен кәсіпорындары қызу қолдап, былтырғы қазан айында Өскеменде өткен «Туған жер» форумында 2,3 млрд. теңге қаражат жиналған болатын.

– Ең бастысы бұл – бір реттік акция емес. Ол жүйелі әрі тұрақты түрде жүзеге асырылады. Игілікті бастаманы кәсіпкерлер де қызу қолдап отыр. Мұның бәрі біздің болашағымыз – өскелең ұрпақ үшін істеліп жатқаны қуантады, – деді Астанада өткен көрмеге қатысқан «Техногрупп» ЖШС-нің директоры Дәурен Бейсембаев.

Айта кетейік, аталмыш серіктестік «Менің мектебім» акциясына үн қосып, қомақты қаржылай демеушілік көрсеткен-ді.

Мейрамтай Иманғали
Астана

Осы айдарда

Back to top button